Accessibility links

Жаңаөзенде жұмысшылар аштық акциясына шықты, «Нұр Отан» партиясының өкілі мәмлегерлік рөл атқаруда


«Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру АҚ-ның құрамындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының 30-ға жуық жұмысшысы жалақыны көтеруді талап етіп, тағы да аштық жариялады. Олардың 3-уі әйел адамдар. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Әбілханов Азаттық тілшілерінің сұрағына жауап беруден бас тартты.


КҮНДІЗ - ЖҰМЫСТА, КЕШКЕ - АШТЫҚ АКЦИЯСЫНДА

Ереуілге шыққандар жалақы деңгейінің көтерілуі, Жаңаөзен қаласының әкімі мен "Өзенмұнай" газ компаниясы басшыларының жұмыстан кетуі деген негізгі талаптарды қойып отыр.

- Аштық жариялайтындарын мәлімдеп 50 адам он күн бұрын арыз жазған.15 қараша күні таңертеңгі сағат 8-ден алғашқы 20 адам бастап аштық жариялап жатыр. Олардың қатары кешке, ертең, одан арғы күндері толыға беретін болады. Қазірдің өзінде 7 адам қосылды, үшеуі әйелдер. Жұмыстан қалмау үшін жұмысшылар күндіз жұмыста, ал кешке келіп аштық жариялауда. Әрине, әкім рұқсат берген жоқ. Бірақ алдын-ала ескерткен соң, өзіміздің жекеменшік көлігімізде жатырмыз. Қазір көлікті полиция айнала қоршап тұр,-деп мәлімдеді Азаттық тілшісіне «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысшысы Жак Аминов.
Бұдан бұрын да аштық акциясына шыққан жұмысшылар түнге қарай көліктерінде ұйықтаған еді. Жаңаөзен, 23 наурыз, 2009 жыл.


Жұмысшылардың айтуынша, аштық жариялағандар негізінен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты №5 ұңғымаға қызмет көрсету басқармасының жұмысшылары, электриктер, оператор-машинистер көрінеді. Наразылық акциясына қатысушылар осы мекеменің қарсы алдында тұрған мұнайшылардың бірінің жеке көлігінде отыр. Аштық жариялауды қан қысымымыз түсіп, жедел жәрдем алып кеткенше, мәселе шешілгенше жалғастыра береміз дейді мұнайшылар.

Жұмысшылар хабарлағандай қазір аштық жариялағандардың хал-жағдайлары тұрақты. Дәрігерлер олардың денсаулықтарын бақылауға алған. Алайда наразылық акциясына қатысып, аштық жариялап жатқандардың көлігіне бензин жеткізіп беруге айнала қоршаған полиция мүмкіндік бермей тұр. Қазір күн Жаңөзенде суық, шамасы жұмысшыларды тоңсын дейтін болар деп ойлайды мұнайшы Жак Аминов.


МҰНАЙ ҚЫМБАТТАСА ДА, ЖАЛАҚЫ МАРДЫМСЫЗ


Аштық жариялағандардың бірі 42 жасар жөндеуші Талғат Сақтағанов Азаттық тілшісіне былай деп хабарлады:

-Бұған дейін кәсіпорын басшыларына бірнеше талаптарымызды қойған едік. Бірақ ешқайсысы орындалмады. Жалақымыз мұнай бағасының көтеріле бастағанына қарамастан, әлі күнге дейін мардымсыз. Сыйақыларымызды былтырғы қазан айынан бастап ала алмай келеміз. Жалақымызды көтеру үшін кәсіпорын басшылары экологиялық зардаптарға бөлек төленуі тиіс коэфициентті жалақының тарифіне енгізбекші, біз мұнымен мүлде келіспейміз.Өйткені, онда кейін бұл коэфициентті мүлде алып тастауға болады.

Қала әкімі Ж.Бабаханов пен кәсіпорын басшыларының жұмыстан кетуін талап етіп отырмыз. Қойып отырған талабымызды жедел шешудің орнына қала әкімі Ж.Бабаханов, прокурор және «Қазмұнайгаз» БӨ бас директоры Қ. Ибрашев келіп заң алдында жауап бересіңдер, барлығыңды түрмеге қамаймыз деп қорқытып кетті.

Жаңаөзен қаласының әкімі Жалғас Бабаханов жұмысшылар өз арыздарында аштықты қашан бастайтындықтарын көрсеткенімен, қашан аяқталатынын, кім ұйымдастырып жатқаны, қауіпсіздікке кім жауап беретінін нақты көрсетпеген, сондықтан заңсыз деп танылады және ол еңбек дауы ретінде кәсіпорын ішінде бітімгершілік жолмен шешіледі деп мәлімдеді.

- 21 адамнан тұратын бітмігершілік комиссиясы құрылып, өз жұмысын жүргізуде. «Нұр Отан» партиясының Жаңаөзендегі филиалының жетекшісі екі ортада делдал қызметін атқарып отыр,-деп хабарлады қала әкімі.

Сондай-ақ әкімнің есебі бойынша мұнайшылардың орташа жалақысы -223 мың, автокөлік жүргізушілер -202 мың теңге алса, Жаңаөзендегі орташа жалақы - 123 мың теңге көрінеді. Жұмысы жоқтықтан қарыны ашып жатқан ешкім жоқ деп отыр әкім.

ЖҰМЫСШЫЛАР БІТІМГЕРШІЛІК КОМИССИЯСЫ ТҮК БІТІРМЕЙ ОТЫР ДЕЙДІ

- Бүгін таңертең барлық жұмысшылар жұмысты 1 сағатқа тоқтатты. Біз «Қазмұнайгаз» барлау Өндіру АҚ-на сенбейміз. 2004 жылы «Өзенмұнайгазды» «Ембімұнайгазбен» біріктірді. Содан бері ереуілден ереуіл, жұмысшылар шаршады. Біз алдын ала ескерту бергенде кәсіпорын да, жергілікті билік те көңіл аударған жоқ.. Енді жұмысшылардың наразылығын заңсыз деп отыр,-дейді жұмысшы Жак Аминов.

Жак Аминов наразылық акциясындағы жұмысшылар талабының ұзын-ырғасын былай жеткізді:

-Ереуілге шыққандардың қатарына күн сайын басқа адамдар да келіп, қосылып жатыр. Олардың барлығы да мұнай мен газға бай аймақта отырғандарына қарамастан кедейлік пен жұмыссыздықтан қалжырап біткендер. Базар, дүкенде қымбатшылық. Қала халқы наразылық білдірген жағдайда ғана әкім комиссия шығарып, бірер күнге бағаны тұрақтандырғандай болады. Мұнда қайыр сұрап жүрген адамдарды көптеп кездестіруге болады. Ал қала мұнайшылар қаласы. Кейбір жағымпаздар ең төменгі жалақы 120 мың теңге дегенді теледидардан айтып жатыр. Егер жұмысшылар ондай жалақы алса, мына күннің суығында не үшін аштық жариялап отыр?
Олардың барлығы да мұнай мен газға бай аймақта отырғандарына қарамастан, кедейлік пен жұмыссыздықтан қалжырап біткендер...


«Өзенмұнайгаз» ӨФ құрамындағы жекеменшікке бөлініп кеткен «Бұрғылау», Жөндеу» және басқа да серіктестіктердің 5000-нан астам жұмысшысы да наразылық акциясын қолдайтындықтатын білдіруде. Мұнайшылар неге болса да белдерін бекем буып отыр. Олар бұған дейін билік пен кәсіпорын жетекшілерінің алдына сегіз бөлімнен тұратын талаптарын қойған еді. Бұл талаптарын президент пен үкімтеке де ашық хат ретінде жолдаған. Оның бастысы – кәсіпорынның қазіргі басшысын орнынан алып, кәсіпорынды тікелей үкіметтің басшылығына беру немесе кәсіпорынның басшылық аппаратын Ақтау қаласына көшіру және жұмысшылар ұжымының өндірісті басқаруға араласуына мүмкіндік беру. Бұған қоса мұнайшылар Жаңаөзен қаласы әкімі мен мен Маңғыстау облысы әкімі орынбасарының жұмыстан кетуін талап етіп отыр.

Дегенмен қала әкімі жұмысшылардың оның қызметтен кетуі туралы талабынан мүлде хабарсыз екенін айтты:

- Менің қолыма келіп түскен арыз-шағым тек еңбек жағдайымен байланысты. Онда қала әкімі немесе облыс әкімінің орынбасарлары орынына кетсін деген әңгіме жоқ. Оның үстіне мен елбасының заңына сәйкес сайланған әкіммін. 10-20 адам кетсін деп талап қойғанға кете қалатындай негіз көріп тұрған жоқпын,-деді Жалғас Бабаханов Азаттық тілшісіне.

Ал «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Дауылбай Әбілхановқа телефон шалғанымызда ол ешқандай жауап бермейтінін мәлімдеді.

ЖҰМЫСШЫЛАРҒА ҚОҚАН-ЛОҚЫ ДА ЖАСАЛУДА

Кейбірі аты-жөндерін айтудан бас тартқан жұмысшылар құқық қорғау органдары ереуілді ұймыдастырушыларды жауаптап, қатаң жаза қолданатындықтарын айтып қорқытып отыр дегенді айтып қалды. Сондай-ақ нағыз белсенділердің заңсыз жолдармен де жазаланатыны жайлы қоқан-лоқы да көрсетіліп жатыр дейді аты-жөнін айтқысы келмеген тағы бір жұмысшы.

Бұл айтылғандарды жалаң сөз деуге де келмейтін тәрізді. Мәселен, былтырғы жылдың басында тәуелсіз кәсіподақ төрағасы Мұхтар Үмбетовты подъезіне кіре беріс жерде бетперде киген біреулер өлімші етіп сабап, ал тағы бір кәсіподақ төрағасы Ыхылас Шаңгереевке қару кезеген еді.

Сондықтан Мұхтар Үмбетов бұл ереуілге өзінің тікелей араласпай отырғанын айтады
Былтыр үйімнің алдында бетперде киген біреулер өлімші ғып сабап кетті. Бұл «Жөндеу» серіктесіндегі қаржылық мәселелері, прокуратураның заңсыз әрекеттері жайлы айта бастағанымызда болған қастандықтар еді....


-Былтыр мен үйімнің алдында бетперде киген біреулер өлімші ғып сабап кетті. Бұл «Жөндеу» серіктесіндегі қаржылық мәселелері, прокуратураның заңсыз әрекеттері жайлы айта бастағанымызда болған қастандықтар еді. Ал одан кейін кәсіподақ төрағасы Ыхылас Шаңгеревке жұмысшылар талабына байланысты «Қазмұнайгаз» барлау Өндіру АҚ басшысы Қ.Ибрашевпен кездескен соң белгісіз біреулер үйінің қасынан оқ атты.

Мұны мен не үшін айтып отырмын? Енді менің менің балаларыма, отбасыма байланысты қоқан-лоқы жасалып отыр. Сондықтан бұл наразылық акциясын тек сырттан бақылап отырмын. Оның үстіне оған қатысушылардың дені заңды кәсіподақ мүшелері. Қазір жұмысшылар мені бітімгершілік комиссиясымен сөйлесуге шақырып отыр. Әрине, істі бейбіт жолмен шешуге мен қашан да әзірмін,-дейді ол.
XS
SM
MD
LG