Accessibility links

Пәренже кию хақын адам құқықтарынан бөліп қарау қиын


Тұмшаланып көлік айдағаны үшін айыппұл төлеген жас мұсылман қыз журналистерге сұқбат беріп тұр. Францияның Нант қаласы, 23 сәуір 2010 ж.
Тұмшаланып көлік айдағаны үшін айыппұл төлеген жас мұсылман қыз журналистерге сұқбат беріп тұр. Францияның Нант қаласы, 23 сәуір 2010 ж.

Бельгия парламентінің пәренже киюге қатысты шешімі Батыс мемлекеттерінде қызу пікір-талас тудырып отыр. Адам құқын қорғау жөніндегі ұйымдар бұл жаңа заңның қабылдануын сынап жатыр. Франция да өз аумағында осындай тыйым салмақ.



ДЕМОКРАТИЯНЫҢ БІТКЕН ЖЕРІ

Бұрқа (жамылғы) киюге тыйым салатын жаңа заң жобасының баптарына сай, Францияда пәренже бүркеп жүріп ұсталған әйелдің күйеуі 13 000 фунт стерлинг айыппұл төлеп, бір жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін деп жазады «Дейли телеграф» газеті.

Егер осы құжат қабылданса, Франция Бельгиядан кейінгі пәренже бүркенуге тыйым салған екінші еуропалық мемлекетке айналады.

Франция мемлекетінің министрлері шілде айында көпшілік орындарында шадра киюге тыйым салатын осы құжатты қабылдау не қабылдамауға қатысты дауыс бермек.

Баспасөз бетінде жарияланған кей құжаттар арқылы журналистерге белгілі болғанындай, жаңа заң нормасы бойынша еркектер әйелдерге қарағанда аса қатаң жазаланатын болады.

Әйелдерге әлдеқайда аз, көлемі шамамен 130 фунт стерлинг болатын айыппұл салынбақ. Себебі олар көбіне «өз еркі өзінде емес, басқа біреудің айдауымен жүрген құрбан» деп мәлімдеді осы заң жобасының бір ауторы.

«Әйелдің бетіндегі пәренжені ешкім дәл көшенің ортасында сыпырмайды», әйелдерді полиция бөлімшесіне апарады, кім екендігі анықталады.

БҰРҚАҒА ТЫЙЫМ САЛУҒА ҚАРСЫЛЫҚ

Заң жобасы бойынша заңнамаға жаңа қылмыс түрі мен оған байланысты жазалау шарасы енгелі отыр. Ол қылмыс «жыныстық белгіге байланысты бет перде киіп жүруге итермелеу» деп аталады.

Жаңа заң жобасы баптарында «Қоғамдық жерлерде ешкімнің бет перде киіп жүруге құқы жоқ» деген сөйлем бар.

Елге қыдырып келген саяхатшы мұсылман әйелдерге де бұл заңның қатысы болады.

Басылымның жазуынша, президент Николя Саркози пәренже кию «(әйелді) қорлау белгісі» деп мәлімдесе, Францияның иммиграция министрі Эрик Бессон «тірі табыт» деп атапты.
Ниқаб киген франциялық мұсылман. Лион қаласы, 25 қаңтар 2010 ж.

Дегенмен, елде жаңа заңды қабылдауға қарсылық білдірушілер де көп.

«Әрине, Еуропа жұрттары бұған наразылық білдіретін болады» деді Франция сыртқы істер министрі Бернар Кушнер Europe 1 радиоарнасына берген сұхбатында. Ол өз сөзінің дұрыстығының айғағы ретінде аталған тыйымды діни бостандыққа қол сұғу деп бағалап отырған Дания мен Голландияны мысалға келтірді.

Бұған қоса Франция сыртқы істер министрі «АҚШ діни бостандықты қорғауға берік бел байлап отыр. Әрі көптеген үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар біздің қателік жібергенімізді айтып, құлағымызды сарсытады» дегенді де сөз арасына қыстыра кетті» деп атап көрсетеді газет.

Францияның «көшеде бұрқа кигізбейміз» дегені мен Бельгия парламентінің көпшілік орындарда шадра киюге тыйым салу туралы шешім қабылдауы Батыстың көп елінде айғай-шулы дау-дамай, пікірталас тудырып жатыр.

ГЕРМАНИЯҒА ТЫЙЫМ ҚАЖЕТ ЕМЕС

Көптеген үкіметтік емес ұйымдар мен ықпалды қоғам қайраткерлері аталған тыйымға рұхсат беретін ресми норманың қабылдануына наразылық білдірді. Олар «бұл түбірлі діни бостандықты бұзу» дейді.

Мысалы, Германияда бундестагтың ішкі саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Вольфганг Босбах өз елінде шадра киюге тыйым салу қажетсіз әрі жүзеге аспайтын шара деп мәлімдеді.

«Біздің елдегі Конституция нормаларын есепке алсақ, бұл шараның Германияда ене қоюы неғайбыл» деді «Миттельдойче цайтунг» газетіне берген сұхбатында.
Францияның сыртқы істер министрі Бернард Кушнер

Бұған қоса ол осы киімді киіп жүру діни фундаментализм мен оқшауланудың көрінісі деп ойлайтынын да айтты.
«Фигаро» газетінің жазуынша, Франция Сыртқы істер министрлігінің басшысы Бернар Кушнер «елде шадра киюге тыйым салуды заңдастыруды Батыс елдерімен қатар мұсылман мемлекеттері де сынайтын болады» деп мәлімдепті.

Оның айтуынша, мұндай елдер қатарында Пәкстан, Түркия, Сауд Арабиясы тәрізді мемлекеттер енеді.
«Фигаро» басылымы Франция сыртқы істер министріне «бұл жаңа заң жобасы туралы өзіңіз не ойлайсыз?» деген сауал қояды.
Бернар Кушнер былай деп жауап беріпті: «Қоғамдық орындар мен қоғамдық емес орындар арасында айырмашылық жасаймын деу – іске аспайтын бос сөз. Мұндай заң біздің елге керек шығар. Менің ойымша, әйелдердің қадір-қасиетін қорғау үшін осындай шара қолдану қажет болды».
XS
SM
MD
LG