АҚШ-та мұнайдың фьючерс келісімшарттарын сатып алған кей трейдерлер мұнайды өздерінен алып кеткісі келетіндерге ақша ұсына бастағанда әлемнің түкпір-түкпіріндегі қор нарықтары дүрлігіп кетті.
Соның кесірінен Америка мұнай өндірушілері тарихта алғаш рет шикізатты 0 доллар деген бағамен саудаға шығарды.
АҚШ-та WTI маркалы мұнай бағасы минусқа кеткенде Brent маркалы шикі мұнай мен Ресейде өндірілетін Urals мұнайының бағасы да едәуір құлдырады. Америкада мұнай бағасының бұрын-соңды болмаған деңгейге түсуі жұрт көкейінде көптеген сұрақ туғызды.
WTI МАРКАЛЫ МҰНАЙ БАҒАСЫ МИНУСКЕ КЕТТІ
Коронавирус пандемиясы салдарынан әлемде мұнайға сұраныс күрт азайып, нарықта артық шикізат көп жиналды, мұнай сақтайтын қоймалар лық толып қалды.
Нарықта қазір трейдерлер алдағы мамыр, маусым айларында жеткізілетін шикі мұнайдың фьючерс келісімшартын сатып алушы таба алмай әлек болып жатыр. Бұл жағдай фьючерс келісімшарттары бағасының күрт түсуіне әсер етті.
Сәуірдің 21-іне Brent маркалы шикі мұнай бір түнде 12 долларға арзандап, маусымда жеткізілетін өнім бағасы кейінгі 18 жылдағы ең төмен деңгейге – барреліне 17 долларға дейін түсті. Яғни қаңтардағы шамасынан 60 пайызға құлдырады.
АҚШ-тағы өнімге қарағанда Brent шикі мұнайын тасымалдау арзанырақ, себебі ол Солтүстік теңізде өндіріледі.
Сәуірдің 20-сы күні Американың West Texas Intermediary (WTI) маркалы мұнайының бағасы тарихта бұрын-соңды болмаған деңгейге құлдырады: мамыр айының фьючерстері бойынша мұнайдың бір баррелі минус 40 доллардан сатыла бастады.
Келесі күні WTI бағасы аздап көтерілді, алайда бәрібір ұзақ уақыт теріс мәнде болып, кешке қарай мұнай баррелінің бағасы 1 долларға бағаланды.
Қысқасы, нарықта ұсыныс шектен тыс артып, мұнайға сұраныс мүлде азайды, сондықтан мұнай компаниялары шикізат сақтайтын жер таба алмай әбігерге түсіп жатыр. Сол себепті, кей трейдер қолында қалған мұнайды алушыға ақша ұсына бастады.
Мұнайдың фьючерс келісімшарты деген не?
Фьючерс келісімшарты – мұнайды болашақтағы нақты бір күнге белгіленген бағаға сату немесе сатып алуды белгілейтін трейдермен арадағы құқықтық келісім.
Фьючерс келісімшартына қол қоюшы белгіленген күні өнімді кесімді бағаға сатып алуға міндеттенеді. Яғни, трейдерлер болашақтағы мұнай бағасына бәс тігеді деген сөз.
Олар фьючерс келісімшартында көрсетілген баға мен уағдаласқан күнгі сауда кезіндегі нақты баға айырмашылығынан пайда көруге тырысады.
МҰНАЙ БАҒАСЫ НЕГЕ ҚҰЛДЫРАДЫ?
"Бұрын-соңды ешқашан мұндай болмаған, баға тіпті мұның маңына да бармаған. Мұнайдың фьючерс келісімшартының бағасы минусқа кеткенін ешқашан көрмеппіз" дейді Техас штатының Даллас қаласында орналасқан GuideStone Capital Management компаниясының портфолио менеджері Тим Брэй.
WTI бағасы минуске өтті дегеніміз – мамырдың фьючерстерін алған трейдерлер мұнайды келесі айда алуға келісім бергендерге сол үшін ақша төлейді деген сөз.
Бірақ көп сарапшы мұнай бағасының минуске кетуін тек техникалық нәрсе, яғни ол фьючерс келісімшартындағы жазуға ғана қатысты деп түсіндіреді. Олардың айтуынша, алушылардың көбі мұнайды мамырда емес, маусымда жеткізуге келісіп, сатып алып жатыр.
Нидерландтық Rabobank-тың энергетика стратегиясы бойынша маманы Райан Фитцмористің сөзінше, мұнай бағасының минуске өтуі – "фьючерс келісімшарты мерзімінің аяқталуына қатысты техникалық нәрсе".
"Шикізатты сақтау және құбырмен жөнелту мүмкіндіктері шектелген кей мұнай компаниялары мұнайды алып кеткені үшін сатып алушыға ақша төлеуге мәжбүр болған жағдайлар бар, бірақ ондай өте сирек, әрі ондай жағдайдың тұрақты түрде қайталануы екіталай" дейді Фитцморис.
РЕСЕЙ МЕН САУД АРАБИЯСЫНЫҢ МҰНАЙ ӨНДІРІСІН АЗАЙТУ ЖАЙЛЫ КЕЛІСІМІ
Коронавирус кесірінен енгізілген шектеулер мұнай мен газ сатудан түсетін пайдаға тәуелді Ресей экономикасына ауыр тиді. Brent маркалы мұнай бағасы Ресейде өндірілетін Urals маркалы мұнайдың бағасына тікелей әсер етеді.
Көбіне Urals мұнайының бағасы Brent маркалы мұнайдан (барреліне) бірер долларға арзан болады.
WTI мен Brent Crude бағасының құлдыраған соң Ресей мұнайы да күрт арзандады. Ал көп трейдердің айтуынша, сәуірдің 12-іне Ресей мен Сауд Арабиясының OPEC+ аясындағы өндірісті азайту туралы жасаған келісімі мұнайға сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейге түсіп кеткен шақта онша рөл ойнамай қалған.
Ол келісім бойынша, мұнай өндіретін 23 ел (оның ішінде Ресей мен Сауд Арабиясы да бар) мамыр-маусымда мұнай өндіру көлемін тәулігіне 9,7 миллион баррельге дейін азайтады, бұл әлемде мұнайға ұсыныс 10 пайызға азаяды деген сөз.
МҰНАЙ АРЗАНДАУЫНЫҢ РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫНА КЕРІ ӘСЕРІ
Мұнай нарығы мен трейдерлер OPEC+ келісіміне сақтықпен жауап қатқан. Қазір Ресейдің қор индекстері құлдырап, рубль құнсызданып барады.
Ресей қор биржасында ең көп құн жоғалтқан – мұнай компанияларының акциялары болды. Сәуірдің 21-іне алғашқы саудада RTS индексі 4,3 пайызға, MOEX индексі 1,8 пайызға түсті.
Валюта биржасында сәуірдің 21-іне таңертең Ресей рублі бірден 2 пайызға арзандады, сол күні оның құны тағы да түсті.
"Мұнай нарығындағы көңіл-күйді ескерсек, Ресей рубліне ары қарай тағы да құлдырау қаупі төніп тұр" дейді Nordea банкінің сарапшысы Григорий Жирнов.
ПІКІРЛЕР