Accessibility links

"Оралатын жер болмады". Қазақстандағы ауғандардың туған жер, отбасы мен шетелдегі өмірі жайлы әңгімесі


Қазақстанда тыйым салынға "Талибан" қозғалысының мүшесі. Ғазни қаласы, Ауғанстан. Көрнекі сурет.
Қазақстанда тыйым салынға "Талибан" қозғалысының мүшесі. Ғазни қаласы, Ауғанстан. Көрнекі сурет.

Қазір Қазақстанда үш мыңға жуық ауған азаматы тұрады. Олар әр жылы түрлі себеппен көшіп келген: біреу өткен ғасырдың 80-жылдары "дұшпандармен" соғыстан қашқан, екінді бірі кәсіп ашуға келген, үшінші біреулер Қазақстанға оқуға түсіп, осында қалып қойған. Қазір Ауғанстанды тарихи отаны санайтын, бірақ ешқашан ол жақта болмаған жаңа буын өсіп жетілді. Азаттық тілшісі Қазақстанда бұрыннан тұратын төрт ауған азаматымен сөйлесіп көрді. Олар Ауғанстаннан кетуі, Қазақстандағы өмірі жайлы айтып, туған жерінде болып жатқан оқиғаларға пікір білдірді.

Ескерту: бұл сұхбат Ауғанстан билігі "Талибаннан" жеңілгенге дейін алынған.

"СОҒЫСТАН ШАРШАДЫМ"

Исмаил Мұхаммед, бұрынғы әскери қызметкер. Қазақстанда 1999 жылдан бері тұрады.

Исмаил Мұхаммед. 4 тамыз 2021 жыл.
Исмаил Мұхаммед. 4 тамыз 2021 жыл.

Исмаил мені Алматыдағы Райымбек және Брусиловский көшелерінің қиылысындағы пәтерінің алдынан күтіп алды. Ол ауғандардың көбі осы ауданда тұратынын, бәрі бірге жүріп, жұмыс істеп, бір-біріне көмектесуге үйреніп қалғанын айтады.

Ауғандарға қонаққа келген адам ішке үй иесінен кейін кіріп, кіреберісте асықпай аяғын шешіп, ақырын есікті жабады. Қонақтың бірден ішке өтпей, есік алдында бөгелуінің өз мәні бар: дәстүр бойынша, мұндай амал үйдегі әйелдер жалаң бас жүрген болса, басына орамал тағып, бөтен адамды қарсы алуға дайындалып үлгерсін деген ниетпен жасалады.

Исмаил Мухаммед – жасы 60-ты алқымдаған, орта бойлы, мығым денелі ер адам. Ол хош иісті қалампыр шайын ұрттап отырып, Қазақстанға қалай келгенін еске алды. Исмаил Қандағарда туып-өскен. Төрт жыл әскери училищеде оқып, Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясына өткен. 1979-1989 жылдары ислам оппозициясына қарсы азамат соғысына қатысқан. Батальон комиссарының орынбасары болған, әскери мансабын полковник шенінде аяқтаған.

– Құжат бойынша 61-демін, ал шын жасым – 63. Ауғанстанда туған жылымды жазбаған. Туған жерімнен 1999 жылы қоныс аудардым. Ол кезде мұджахидтер күшейіп келе жатты. Жағдай қиын еді, әсіресе, соғысқа қатысқандарға қауіпті болды. Мен коммунист болдым, сол күйімде қаламын, бірақ соғыстан шаршадым. Ауғанстанда өмір бойы соғысумен болдым. Қазақстанға келгенде мүлде басқа өмір басталды. Тірлік қамымен еңбек ету керек болды. Басында базарда жеңіл көлікке арналған резеңке баллон саттым. Біртіндеп кәсібімді кеңейтіп, дүкен жалдадым. Қазір отбасылық кәсібіміз бар, киім сатумен айналысамыз. Балаларым осы жақта, Қазақстанда оқыды. Біз, ауғандар – еңбекқор халықпыз, кез келген жерде күнімізді көріп кете аламыз.

Исмаил Мұхаммед. 4 тамыз 2021 жыл.
Исмаил Мұхаммед. 4 тамыз 2021 жыл.

Исмаилдың Ауғанстанда туыстары қалмаған, бәрі шекара асып кеткен. Біреу Америкаға, екіншісі Германияға, тағы бірі Канадаға барып, жаңа өмір бастаған. Біразы Қазақстанда тұрады.

– Туған жерімде соңғы рет 2018 жылы болдым. Мені тіпті, қорғаныс министрлігіне жұмысқа шақырды. "Қазақстанда не істеп отырсың? Мынадай әскери тәжірибеңмен [туған жеріңе] пайдаң тиер еді" деді. Бірақ мен бір басыма жететін соғыс көрдім. Он жыл жаяу әскерде қызмет еттім. Оның үстіне, қазіргі биліктің идеясы жоқ, ал бізде идея болған еді. Ауғанстан Совет одағы сияқты болса, инфрақұрылым, мектеп, аурухана, әуежай салсақ, адамдар білім алса дедік. Қазір Ауғанстан халқының 90 пайызы сауатсыз. Елде үнемі соғыс болып жатса, қалай оқысын…

"ОҚ АТЫЛМАЙТЫН ЖЕРГЕ КЕТКІСІ КЕЛЕДІ"

Васток Ахмадулла, "Ариана" ауған орталығының төрағасы. Қазақстанда 1990 жылдан бері тұрады.

Васток Ахмадулла, "Ариана" ауған орталығының төрағасы. Алматы, 23 шілде 2021 жыл.
Васток Ахмадулла, "Ариана" ауған орталығының төрағасы. Алматы, 23 шілде 2021 жыл.

Вастокпен ауған орталығында кездестік. Ол әдетте диаспораға қатысты барлық мәселені осы жерде шешеді. Кабинеттің бір қабырғасына Ауғанстан картасы, екіншісіне шағын кілемнің бетіне өрнектеліп, тоқылған Назарбаевтың портреті ілінген. Кілем ауғандардың қолынан шыққан қымбат қолөнер бұйымына ұқсайды. Сұхбат кештеу басталды. Біресе телефон қоңырауына жауап беріп, біресе алдына келген адамды қабылдаған Вастоктың қолы бірден босай қоймады. Әйтеуір, бір кезде қоңырау да, кабинетке келген адамдар да сап тыйылды. Әңгімемізді бастадық.

– Кабулда туып-өстім, мектепті сол жақта бітірдім. Кейін Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясы үкіметінің ұсынуымен Душанбеге оқуға бардым. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрімін, одан бөлек, шетелдіктерге орыс тілін үйрету әдістемесін оқып, марксизм-ленинизм кешкі факультетін бітіргенмін. Демалыста бізді, студенттерді Совет одағының басқа мемлекеттеріне экскурсияға апаратын. Алматы сол кездің өзінде ұнады. Қатты ұнады. Алматыға жиі келіп жүрдім, ал оқуымды бітіргеннен кейін үйленіп, осында қалып қойдым.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кілемге салынған портреті. 16 шілде 2021 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың кілемге салынған портреті. 16 шілде 2021 жыл.

Туған жерімде соңғы рет сегіз жыл бұрын болдым. Өміртай Бітімов (қазақстандық шенеунік, 2011-2018 жылдары Қазақстанның Ауғанстандағы төтенше және өкілетті елшісі болған – ред.) әртүрлі шараларға шақырып тұратын. Одан бөлек, Ауғанстанға үкіметаралық комиссия құрамында да бардым. Бірақ туған жерімде жақындарымнан ешкім қалмады. Отбасым, ата-анам, аға-әпкелерім – бәрі елден кетіп қалған.

Вастоктың дерегінше, қазір Қазақстанда 3200 ауған азаматы тұрады. Олардың басым көпшілігі – Алматы мен Шымкент қаласында. Ауған мигранттарының көбі 1990-жылдардың басында, Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясының үкіметі құлаған кезде келген. Олардың негізгі дені инженер, дәрігер, мұғалім, әскери қызметкер сияқты жоғары білімді азаматтар болған. Ауған азаматтары негізі ел таңдамайды. "Бастысы, бейбітшілік, тыныштық пен тұрақтылық болса" дейді. Оқ атылмайтын жерге кеткісі келеді.

– Қазақстандағы ауғандар немен айналысады?

– Көбі базарда жүр. Біреулер жалдамалы жұмысшы болып істейді, енді біреулер өз кәсібімен айналысады. СССР-де не Қазақстанда білім алғандар ғана өз мамандығы бойыша жұмысқа тұрған. Бірақ Қазақстанда білім алған, тілді жақсы білетін азаматтардың өзі мамандығы бойынша қызмет еткеннен, жеке кәсіппен айналысқанды жөн көреді.

"МҮМКІН, БІР КЕЗДЕРІ АУҒАНСТАНҒА ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ БАРАРМЫН"

Омар Мұхаммедсәруар, 11-сынып оқушысы. Қазақстанда туып-өскен

Ата-анасы Ауғанстаннан көшіп келген Омар Мұхаммедсәруар Қазақстанда туып-өскен.
Ата-анасы Ауғанстаннан көшіп келген Омар Мұхаммедсәруар Қазақстанда туып-өскен.

Омар – пиджак киіп, жағасына төсбелгі таққан білімді азамат. Ол – 17 жаста, Алматыда тұрады, келер жылы мектеп бітіреді. Ауғанстан – Омардың тарихи отаны. Елде салыстырмалы түрде қауіпсіздік болған кезде, ата-анасы Омарды Кабулдағы туыстарына жиі апарып тұрған. Омар – "Ариана" ауған мәдени орталығы жастар қанатының төрағасы. Ол Қазақстанға келген ауғандарға көмектесіп, оларды мемлекеттік мекемелерге апарып, аудармашы болып, құжат алуға көмектеседі.

– Қазақстанда туып-өстім. Әкем бұл жаққа 1997 жылы, анам 1999 жылы көшкен. Әкем Ауғанстанда бизнеспен айналысқан, Қазақстанға сол кәсібін дамытуға келген. Ол бұрын да Қазақстанда бірнеше рет болған, өз айтуынша, оған басқа елдерге қарағанда, осы жақ көбірек ұнаған. Әкем Қазақстандағы өмір әлдеқайда тыныш деп айтады.

Бұрын жағдай тұрақты кезде Ауғанстанға жиі баратынбыз. Ол жақта бәрі қызық: әдемі жерлер, таулар, бай мәдениет пен тарих. Кей адамдар, көбіне әскери қызметкерлер орыс тілін біледі. Олар постсоветтік кеңістіктен келген адамдарды жылы қабылдап, бәрін "шурави", яғни, "совет адамы" деп атайды. Жергілікті халық Ауғанстанға совет әскері кірген жылдары "ең жақсы кезең" орнап, инфрақұрылым дамығанын айтады. Ағам – Ауғанстанның Сингапурдағы төтенше және өкілетті елшісі. Оның отбасы Кабулда, советтік үлгіде салынған көпқабатты үйде тұрады. Кезінде мұндай үйлер совет әскеріне арнап салынған. Қазір бұл ғимараттар мәртебелі саналады, онда негізінен мемлекеттік қызметкерлер тұрады, – дейді Омар.

Омар Мұхаммедсәруар.
Омар Мұхаммедсәруар.

Омар өз отбасын ауған интеллигенциясына жатқызады. Анасы Кабулда, әкесі Гератта (Ауғанстанның үшінші ірі қаласы – ред.) туған. Атасы Кабулдағы америкалықтардың қолдауымен ашылған жалғыз көркемсурет мектебінің директоры болған. Кейін ол Түркияға қоныс аударған.

– Мектеп бітіргеннен кейін халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түскім келеді. Ағам сияқты дипломатия саласында бағымды сынап көрсем деймін. Мүмкін, бір кездері Ауғанстанға жұмыс істеуге барармын. Бізде иран және шығыстану саласы бойынша мамандар аз. Ал ауған мәдениетін жақсы көріп, жан-дүниесімен сезіне алатындар жоқтың-қасы, – дейді Омар.

"ДЕНІ ДҰРЫС АДАМҒА ЕЛДЕ БОЛЫП ЖАТҚАН ЖАБАЙЫЛЫҚ КЕРЕК ЕМЕС"

Рахимулла Азизи, кәсіпкер, Қазақстанда 1986 жылдан бері тұрады.

Ауғанстан тумасы Рахимулла Азизи. Алматы, 16 шілде 2021 жыл.
Ауғанстан тумасы Рахимулла Азизи. Алматы, 16 шілде 2021 жыл.

Рахимулла мені құрылыс фирмасындағы кабинетіне шақырды. Жеңін шынтағына дейін түріп алған, қара торы жүзді, ауыр көзқараспен қарайтын фирма иесінің сырт келбеті италиялық мафия туралы түсірілген "Сопрано кланы" көркем фильмінің кейіпкерлеріне ұқсайды. Бірақ сөйлегенде, қарсы алдыңда білімді, зиялы адам тұрғаны бірден байқалады. Осылай италиялық мафия бастығының образы жоғалып, Ауғанстан туралы қызық әрі ұзақ әңгіме басталды.

– 17 жасқа толғанымда, Алматыға жоғары білім алуға келдім. Ол кезде Ауғанстан жастары демократиялық ұйымына мүше едім, халықтық-демократиялық партияның ұсынуымен оқуға түстім. 1991 жылы философия-экономика факультетінің саяси экономика бөлімін бітіріп шықтым. ҚазГУ-дың ғылыми кеңесінің ұсынуымен аспирантураға қабылдандым. Оқуым аяқталғанша Ауғанстан қатты өзгеріп кетті. Оралатын жер болмады, сондықтан осында қаламын деп шештім. Уақыт өте келе Кабулдан туған ағаларым келді. Біреуі Канадаға көшті, екеуі осында, Алматыда қалды, – дейді Рахимулла Азизи.

Рахимулла оқып жүріп, ұсақ кәсіппен айналысқан. Басында туризм саласында, кейін ирандық компанияда аудармашы болып істеген. 90-жылдардың аяғында шеттен құрылыс материалдарын әкелумен айналысатын фирма ашқан. Әуелі Ираннан, кейін Түркия мен Қытайдан тауар алған. Қазір Германия, Эстония және Бельгиямен жұмыс істейді.

Ауғанстан тумасы Рахимулла Азизи. Алматы, 16 шілде 2021 жыл.
Ауғанстан тумасы Рахимулла Азизи. Алматы, 16 шілде 2021 жыл.

Рахимулла туған жеріне қаншалық жиі баратыны туралы сұраққа көп ойланбастан былай жауап берді:

– Туған жерімде 1991 жылға дейін ғана болдым. Мұджахидтер кезінде Ауғанстанға барған жоқпын, өйткені қауіпті еді. 2002-2019 жылдар аралығында Ауғанстанға жылына үш-төрт рет барып жүрдім. Ол жақта әлі де туыстарым тұрады. 1991 жылы Ауғанстанға кім келді? Мұджахидтер. Олар –қазіргі тәліптер сияқты жабайы адамдар. Олар келгенде адамдар жабайы аң көргендей, үйін тастап қашты. Ауғанстаннан көзі ашық, білімді азаматтар ғана емес, қарапайым тұрғындар да кетуге мәжбүр болды. Өйткені дені дұрыс адамға сол кезде болған, қазір тәліптер күшейген кезде болып жатқан жабайылық керек емес.

– Туған жеріңізге оралуды ойлаған жоқсыз ба?

Рахимулла бұл сұраққа таңғалғандай көрінді.

– Адам қай жақта дами алса, сол жерде өзін жақсы сезінеді. Мен Қазақстанда жақсы дамып жатырмын, маған бұл жақ ұнайды. Көп елде болдым, Еуропаға да, АҚШ-қа да бардым. Маған жарамайды екен. Ұлым Канадада тұрады, қызым Германияда магистратура бітіріп, жұмысқа орналасып жатыр. Кабулда, Алматыда үйім бар. Ауғанстанда туған адам ретінде ол жаққа визасыз бара аламын. Бірақ біржола көшкім келмейді. Білімді адам үшін нақты бір ел жоқ, өзіне ыңғайлы жер ғана бар, – деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG