Accessibility links

"Әлем жастарындай еркін болғымыз келеді". Қазақстанда оқитын ауғандарға елінен шығу мұң болды


Ауғанстанда қалған студенттер Қазақстаннан көмек күтеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:24 0:00

Ауғанстанда қалған студенттер Қазақстаннан көмек күтеді.

Қазақстан университеттерінде оқитын ауған студенттері Ауғанстаннан шыға алмай қалды. Олар Қазақстан тарабы виза бермей жатқанын айтады. Ауғанстанды басып алған "Талибан" қозғалысының қатал заңдарынан қауіптенген студенттер "арманымызды, болашағымызды жоғалтамыз" деп алаңдайды.

"БІЛІМ АЛҒАН СОҢ ҚАЛАЙ ҮЙДЕ ҚАМАЛЫП ОТЫРАМЫН?!"

20 жастағы ауған қызы Ж. (қауіпсіздігі үшін аты-жөні айтпауды сұрады) Түркістандағы Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқиды. Биыл ол 4-курсқа көшкен. 2020 жылы коронавирус пандемиясы басталғанда Қазақстандағы оқуы онлайнға ауысқан соң ауғанстандық студент отанына оралған еді.

Биыл күзде Қазақстан университеттерінде оқу дәстүрлі форматта жалғасады дегенді естіген ол оқуы басталғанға дейін Түркістанға келуді жоспарлаған. Бірақ Ауғанстанда аласапыран басталып кетіп, қазір оқуы қалай жалғасатынын білмей абдырап отыр. Ол Қазақстанға кіретін виза да ала алмаған.

– Қазір Қазақстанға қайтуды сұрап жатырмыз. "Талибан" (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған – ред.) Ауғанстанды алмас бұрын Қазақстанға өтініш айттық. Енді қазір күллі әлем көріп отырғандай, Ауғанстан әйелдерге қауіпті елге айналды. Кабулда 15 тамыздан бастап көшеде әйел азайғанын байқап отырмын. "Талибан" әйелдерге жұмыс істеуге, далаға шығуға рұқсат береміз дейді, бірақ біз сенбейміз. Олар шариғат ережесіне бағынғанды қалайды. Мысалы, мені өзім қаламаған адамға әйел етіп береді. Біз әлемдегі өзге жастар сияқты еркін болғымыз келеді. "Талибан" басып алған әр қалада армандар сағымға айналады. Төл тарихымыздан, болашағымыздан айырыламыз. Өнер мен мәдениет, сұлулық жойылады. Біздің әлеміміз құриды. Мен таңқаламын, әйел ретінде білім алып, өзімді дамытқан соң, қалай үйде қамалып отырамын? – дейді қазақшаға жетік ауған студент.

Жатақханадағы ауғанстандық студенттер. Алматы, 6 қазан 2017 жыл. Көрнекі сурет.
Жатақханадағы ауғанстандық студенттер. Алматы, 6 қазан 2017 жыл. Көрнекі сурет.

Түркістандағы Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 5-курсына көшкен Забихуллах та визасы болмағандықтан Қазақстанға жете алмай отырғанын айтады. Сөзінше, Қазақстан тарабынан оған визаға шақырту келмеген.

– Визамыздың мерзімі бітіп қалды, жаңасын берген жоқ. Шақырту хат келмесе, Қазақстан елшілігіне тапсырма берілмесе, бізге виза тимейді. Оқуды бітірсек деп армандаймыз. Отыз студенттің атынан университетке хабарласып, бізге қолдау білдіріңіздер дедім. Университет министрлікпен сөйлесеміз деді, бірақ бізге әлі хабар келген жоқ. Егер Ауғанстанда қалып кетсек, бес жыл еңбегіміз жоққа шығады, – дейді ол.

"Қазір Кабулдамын" деген Забихуллах "Қазақстан виза берсе әупірімдеп транзитпен Қазақстанға жетіп аламыз, бастысы виза керек" дейді.

"ҚАЗАҚСТАН КӨМЕКТЕССЕ ДЕЙМІЗ"

Түркістандағы Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде медицина факультетінің 2-курсында оқитын ауған жігіті Т. (қауіпсіздігі үшін атын жарияламауды өтінді) да оқуымды аяқтасам деп армандайды. Кабулда отырған студент тәліптердің елге келуі мақсатына кедергі бола ма деп қауіптенеді.

– Ауғанстанда жағдай жақсы емес, үкіметті тәліптер қолға алды. Сол себепті, барлық ел осы жердегі студенттерін, адамдарын ұшақ жіберіп әкетіп жатыр. Бізге де бұл мәселеде Қазақстан үкіметі, университетіміз көмектессе дейміз, – дейді ол.

Еуропа одағы мен БҰҰ Даму бағдарламасы бөлген білім гранты Ауғанстан әйелдеріне Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда жоғары әрі қосымша кәсіби білім алуға мүмкіндік берді. Көрнекі сурет.
Еуропа одағы мен БҰҰ Даму бағдарламасы бөлген білім гранты Ауғанстан әйелдеріне Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда жоғары әрі қосымша кәсіби білім алуға мүмкіндік берді. Көрнекі сурет.

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, екі ел арасындағы ынтымақтастық меморандумы аясында Қазақстанда 102 ауған студенті білім алып жатыр. Қазақстан бірнеше жыл бұрын 50 миллион доллар бөліп, ауған жастарына ел университеттерінде білім беретін бағдарлама ашқан еді. Осы бағдарламаға сай, ауған жастары Қазақстанда тегін білім алып, еліне оралып, сонда жұмыс істеуі тиіс.

БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ МЕН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

17 тамызда Қазақстан білім және ғылым министрлігі "грант алған ауған азаматтарына виза бойынша қолдау көрсетуге дайын" екенін мәлімдеді. Министрлік олардың гранты мен шәкіртақысы да сақталатынын хабарлаған.

18 тамызда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров журналистер сұрағына жауап бергенде "Олар – Ауғанстан азаматтары, сондықтан Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне өтініш берсін, одан кейін біздің жергілікті органдармен бұл мәселені шешеміз. Олар оқуын жалғастырады" деп қысқа қайырған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты.

Екі министрлік те Ауғанстан студенттеріне шақырту қашан жіберілетінін, виза қашан берілетінін, Қазақстанға қалай жеткізілетінін ашып айтпады.

Азаттық осы мәселе бойынша толық ақпарат алмақ болып білім және ғылым министрлігіне хабарласқан. Ведомствоның баспасөз қызметі сауалды ресми хатқа жазып жолдауды сұраған соң Азаттық министрлікке ондай хат да жөнелтті.

"Талибан" қозғалысы араға 20 жыл салып Ауғанстанда билікті қайта қолға алды. 15 тамызда тәліптер мемлекет астанасы Кабул қаласын соғыссыз алып, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашты (кейін оны отбасымен бірге БАӘ паналатқаны хабарланды). Қазір Ауғанстанда тәліптердің қатал заңынан қорыққан жұрт елден кетудің барлық жолын іздестіріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG