Accessibility links

Кабулда эвакуация қарқын алды, Батыс "Талибанның" қаржы көздерін жапты


Кабул әуежайында эвакуация ұшағын күтіп отырған халық. 18 тамыз, 2021 жыл.
Кабул әуежайында эвакуация ұшағын күтіп отырған халық. 18 тамыз, 2021 жыл.

Ауғанстанда тәліптердің шабуылына ұшырауы мүмкін деген шетелдіктер мен жергілікті азаматтарды эвакуациялау жеделдеді. Соңғы күндері елден жүздеген адам ұшып кеткен. "Талибанның" адам құқықтарына қатысты ұстанымынан хабардар дүниежүзі жұртшылығы елдегі ахуалға алаңдайды, ал әлемдік державалар олар құрдық деген өкіметпен қарым-қатынас жасау керек пе, жоқ па деп екіұдай күйде отыр.

Тәліптер Ауғанстанның көп бөлігін басып алып, Кабулға бақылау орнатқан соң Батыстың қолдауына сүйенген заңды үкімет орнынан кетті. 17 тамызда тәліптер бейбітшілікті қалайтынын және ислам құндылықтары аясында инклюзив үкімет жасақтайтынын мәлімдеді. Олар жиырма жыл бұрынғыдан "өзгеше" билік құратынын, шариғат заңдары аясында әйел құқықтарын сақтайтынын және қарсыластарынан кек алмайтынын айтты.

АҚШ ЭВАКУАЦИЯНЫ ҮЙЛЕСТІРУГЕ 4 МЫҢ ӘСКЕР ЖІБЕРДІ

Дегенмен жиырма жыл бойы АҚШ бас болған халықаралық күштерге көмектесіп келген мыңдаған ауған соғыс өрті шарпыған елден қашып кетуге тырысып жатыр. 18 тамызда Батыстың қауіпсіздік жөніндегі өкілі Кабул әуежайында жұртты эвакуациялау науқаны қарқын алғанын айтты.

"Қарқынды жұмыс істеп жатырмыз, қазір логистикада кедергі жоқ, 2200-ден астам дипломатиялық қызметкерді, сыртқы қауіпсіздік қызметі өкілдері мен елшіліктерде жұмыс істеген ауғандарды шығарып үлгердік" деді ол Reuters агенттігіне.

Германия қарулы күштерінің ұшағында отырған адамдар. Кабул, Ауғанстан. 17 тамыз, 2021 жыл.
Германия қарулы күштерінің ұшағында отырған адамдар. Кабул, Ауғанстан. 17 тамыз, 2021 жыл.

"Талибаннан" қашқан мыңдаған адам Кабул әуежайының ұшу алаңын басып қалған соң АҚШ шетелдіктер мен ауғандарды эвакуациялау науқанын үйлестіру үшін қалаға 4 мыңға жуық әскер жіберді.

КАБУЛДА ТІРШІЛІК ҚАЛПЫНА КЕЛЕ БАСТАДЫ

Кабулда тіршілік ақырындап қалпына келе бастағандай. Кабулда тұратын журналист Әли Латифидің айтуынша, кей дүкен, мейрамханалар қайта ашылған.

"Көшеде адам көбейді (бірақ әзірге оншақты әйел адамды ғана көрдім), көліктер мен генераторлар да көп, соңғы 48 сағатта көшеде жүрген тәліптер біраз азайған" деп жазды ол Twitter-де.

Тағы бір журналист Кабулдың "атақты балмұздақ көліктері таңертең музыканы қатты қоя бастады" деп жазды.

"Соңғы 20 жылда олар қолдан жасалған жарылғыш ретінде, Дех-Мазангтағы жанкешті террористердің шабуылына немесе тәліптердің бақылау жүргізу құралы ретінде жиі пайдаланылып келген. Қазір олар тек балмұздақ сатуға қолданылады" деп жазды журналист Біләл Саруари Twitter-де.

"ТАЛИБАН" БАСШЫЛАРЫ ҮКІМЕТ ҚҰРУ ҮШІН ҚАНДАҒАРДА БАС ҚОСТЫ

Ауғанстан жаңа жағдайға бейімделіп жатқанда Батыс державалары өздері 20 жыл қарсы соғысқан исламшыл содырлармен қарым-қатынас жасау керек пе, жоқ па деген мәселеде екіұдай күйде отыр.

"Талибанның" жоғары лауазымды өкілі 18 тамызда Reuters-ке берген сұхбатында ұйым басшылары соңғы 20 жылдағы томаға-тұйық саясатын доғарып, өздерін әлемге таныстырады деді.

"Әлем біртіндеп біздің басшылардың бәрімен танысады, бізде ешқандай құпия болмайды" деді атын атаудан бас тартқан "Талибан" мүшесі.

Ұйымның Қатардағы саяси кеңсесінің жетекшісі Молла Хайрулла Хайрхуа "Талибан" басшылары оңтүстіктегі Қандағар қаласына жиналып, халықарлық деңгейде мойындалатын үкімет құру жайын талқылағанын айтты.

"Талибанның" саяси басшылары Қандағарда жиын өткізіп отыр. 18 тамыз, 2021.
"Талибанның" саяси басшылары Қандағарда жиын өткізіп отыр. 18 тамыз, 2021.

"Талибанның" негізін қалаушылардың бірі Молла Абдул Ғани Барадар 17 тамызда Қандағарға Қатардан ұшып келді. Қатарда ол бірнеше ай бойы АҚШ пен ауған өкілдері қатысқан бейбіт келіссөздерге басшылық жасаған.

"Талибан" Ауғанстанды қайта құру ұлттық кеңесінің басшысы Абдулла Абдулламен, елдің бұрынғы президенті Хамид Карзаймен және "Хизб-и-Ислами" саяси және әскери тобының жетекшісі Гулбудин Хекматиярмен байланысып отырғанын айтты.

АҚШ АУҒАН БАНКІНІҢ ШОТТАРЫН БҰҒАТТАДЫ, ЕУРООДАҚ КӨМЕК ҚАРЖЫНЫ ТОҚТАТТЫ

17 тамызда Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан "Талибан" "кім екенін және әрі қарай не істегісі келетінін әлемнің қалған бөлігіне түсіндіруі керек" деп мәлімдеді.

"АҚШ "Талибанды" мойындай ма?" деген сұраққа Салливан "Олардың жүріп өткен жолы жақсы емес, бірақ әзірге бұл туралы айту ерте" деп жауап берді.


Еуропа одағының сыртқы саясат ведомствосының басшысы Джозеф Борелл Еуроодақ "Талибан" басшыларымен сөйлесуі керегін", бірақ бұл олардың билігін ресми түрде жылдам мойнауды білдірмейтінін айтты.

Еуропа одағы "Талибан" басшыларымен жағдайды нақтылап алғанша" Ауғанстанды дамытуға берілетін көмекті тоқтата тұрады деді Борелл. Оның айтуынша, қаржылай көмек алу үшін "Талибан" БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын орындап, адам құқықтарын сақтауы тиіс.


Мұның алдында АҚШ Ауғанстан орталық банкінің Америка банктерінде жатқан қорын бұғаттап, "Талибанды" миллиардтаған доллар ақшадан айырған.

Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, Ауғанстан орталық банкінің қоры сәуір айында 9,4 миллиард доллар болған.

Бұл қаржының көп бөлігі Нью-Йорк федералдық резерв банкінде және Американың басқа қаржы институттарында сақталған. Оның ішінде доллар, алтын және АҚШ облигациялары бар.

"Талибан" АҚШ-тың санкция тізімінде тұр, демек Вашингтон және оның одақтастары жаңа үкіметті мойындамайынша, олардың сырттан қаржы алу мүмкіндігі шектеулі болмақ.

Әлемдегі ең кедей елдердің бірі саналатын Ауғанстан шетелден келетін көмекке тәуелді. Дүниежүзілік банк есебі бойынша, ел бюджетінің төрттен үші көмек қаржыдан тұрады.

Британияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб Лондон адам құқықтары стандарттарына байланысты "әдетте" "Талибанмен" байланысқа түспейтінін айтты.

"Бұл режимді жұмсартуға мүмкіндік бар-жоғын бақылап көреміз" деді ол.

Британ заң шығарушылары жазғы демалысын үзіп, 18 тамызда Ауғанстандағы жағдайға қатысты жиын өткізбек.

AFP, AP, Reuters, Bloomberg және Азаттық радиосы Ауған қызметінің ақпараты негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG