Кабулда тәліптерден қашып, қайткен күнде елден кетуді көздеген мыңдаған адам әуежайға лап қойып, аласапыран басталды. АҚШ әскерилері елден шығып жатқан дипломаттар мен одақтастарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысып жатыр.
16 тамызда қаланың екінші шетінде "Талибан" қарулы жасағы Ресей елшілігін күзетке алды. Ауғанстандағы Ресей елшілігінің ғимараты – ауласында көгалы, раушан гүлдері мен фонтандары бар, сыртына тікенек сым тартылған қабырғасы қалың ірі нысан.
"Бізді тәліптер күзетіп тұр. Жақсы әсер қалдырды. Жақсы қаруланған адекват жігіттер ғимаратқа ешбір лаңкес, ешбір есуасты кіргізбейді" деді Ресейдің Ауғанстандағы елшісі Дмитрий Жирнов Ресей мемлекеттік телеарнасының эфирінен сөйлеген кезде.
"Олар Ресей дипломаттардың, тіпті бір тал шашына зақым келмейтінін тағы да растады" дейді елші.
Жирновтың Ресейде террористік ұйым деп танылып, ресми түрде тыйым салынған қозғалысты мақтауы - биліктің "Талибан" қозғалысына өтуі Мәскеудің есебін ауырлатқанын көрсетеді.
Бір жағынан АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кетуі Ресей өз ықпалын жүргізуі тиіс санайтын аймақта Американың әскери күші енді болмайтынын білдіреді. Бірақ АҚШ қалдырған аласапыран вакуум Кремльге бірқатар жаңа проблема туғызуы ықтимал.
Мәскеудің кемінде бір әрекетін оңай болжауға болады: Кремль АҚШ-тың [Ауғанстанда] мемлекет қалыптастырудағы сәтсіздігін, әлемдік сахнада беделіне нұқсан келгенін табалайды.
"Белгілі бір дәрежеде бұл күтпеген нәрсе болды" дейді Кремльдің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Замир Кабулов АҚШ қолдап отырған биліктің құлауы жайлы.
"Ауғанстан әскері белгілі бір уақыт қарсыласады деген ойда болдық. Бірақ, Америка мен НАТО дайындаған қарулы күштің сапасын асыра бағалағанымыз сонша, олар бірінші атыста-ақ тым-тырақай қашты" деді ол "Эхо Москвы" радиосына.
Кабулов АҚШ әскерін 31 тамызға дейін Ауғанстаннан шығару жоспары қарсаңындағы оқиғаларды 1989 жылы, он жылға созылған оккупациялық соғыстан кейін Совет әскерінің осы елден кеткен кезімен салыстырды. СССР-дың қолдауына сүйенген үкімет Совет әскері кеткен соң біршама уақыт билікті ұстап тұрды. Ал АҚШ қолдаған Ашраф Ғанидің үкіметі Америка әскері Ауғанстаннан толық шықпай жатып-ақ құлап қалды.
Совет одағы қолдаған ауған лидері Мохаммед Нажибулла режимі "тағы үш жыл тұрды" дейді Кабулов. "Олар құрған режим америкалықтар кетпей жатып күйреді. Негізгі айырмашылық осы" дейді ол.
Осылай салыстырып айту пропаганда тұрғысынан тиімді болғанымен, бұл оқиғалар Мәскеуге проблема туғызады.
Соның бірі – 2003 жылы қабылданған Ресей заңы бойынша "Талибан" қозғалысы террор ұйым деп есептеледі. Ресей бұқаралық ақпарат құралдары тәліптер туралы ақпарат айтқанда міндетті түрде осыны атап отыруы керек. Ал енді билікке келген "Талибандарды" қалай атайды?
Кремльге "Талибанның" абсолютті билігінен гөрі саяси жағдайдың бұлыңғыр болғаны көбірек жағатыны даусыз, осыны пайдаланып Ресей ықпалын арттыра түседі, АҚШ кеткен соң екі жақпен де ойнауға мүмкіндік береді.
"Ауғанстанда үкіметтің бір қолдан екіншісіне өтуі ең жақсы сценарилердің бірі болар еді. Мұндай жағдайда тәліптер Мәскеу кездесуінің басқа да мүшелерін шақырар еді" деп жазды Мәскеудегі Карнеги орталығының саяси шолушысы Кирилл Кривошеев. – Бұл бір жағынан лаңкестік ұйым деп танылған билікті тікелей мойындамауға, екінші жағынан тәліптермен қарым-қатынасын бұзбауға мүмкіндік берер еді".
1996 vs. 2021
Мәскеудің оңтүстіктегі шекарадағы тұрақсыздыққа байланысты бұрыннан келе жатқан қорқынышы Кабулмен қарым-қатынасты қалай орнататының негізгі факторы болады.
Бұл жерде көп нәрсе Ауғанстанмен шектесетін Орталық Азия елдері – Түркіменстан, Өзбекстан мен Тәжікстанның шекарасын қорғап, қоғамды тұрақсыздандыруы мүмкін "Талибан" содырлары мен экстремистік идеологиядан қорғану мүмкіндігіне байланысты болмақ.
Мәскеу тәліптермен дипломатиялық қарым-қатынасын сыртқа білдіртпей бірнеше жылдан бері жақсартып келеді. Ауғанстанда тәжіктер мен өзбектер көп тұрады, яғни, олардың Кабул үкіметіне әсер ететін мәдени, тіл және экономикалық тетіктері бар.
"Ресей Қытай, Үндістан, тіпті, АҚШ секілді ірі державалармен Ауғанстан мен аймақтағы қауіпсіздік бойынша шектеулі әріптестік формасына ашық болғанымен, ол "Талибанның" жоғары лауазымды тұлғаларымен де байланысын дамытуға инвестиция салады, – дейді Вашингтондағы Кеннан институтының директоры Мэтью Рожански. – Тиісінше, Ресейдің тәліптер бақылауындағы Ауғанстанға тікелей әсер ету мүмкіндігі бар".
Кабулов өз кезегінде тәліптер елді жылдам басып алғанымен, Ресей осылай болатынына жылдар бойы дайындалуы мүмкін деп болжайды.
"Кейінгі 7 жылда тәліптермен байланыс орнатып, көптеген жағдайды талқылағанымыз бекер емес шығар. Біз бұл қозғалыс билікке толық келмесе де, болашақта Ауғанстанда маңызды рөл атқаратынын көрдік қой" деді ол "Эхо Москвы" эфирінде.
"Талибан" қозғалысы 1996 жылы Ауғанстандағы азамат соғысы мен толық анархия жағдайында билікке келгенде Мәскеу қатты алаңдады.
Совет одағы құлаған соң енді қалпына келіп жатқан Ресей сол кездері Орталық Азиядағы жаңа тәуелсіз елдердің босаңдығына алаңдады. 1990 жылы Тәжікстанда азамат соғысы, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында қақтығыстар болып, бірінші шешен соғысы аймақтағы исламшыл экстремистік идеологияға жол ашып жатқан еді.
"Қазір олай емес, – дейді Эстониядағы Тарту универсистетінің зерттеушісі, саясаттанушы Иван Клыщ. – [Ауғанстанды тәліптердің] басып алуы Мәскеудің осы елге қатысты Орталық Азияда азаматтық соғысты болдырмау саясатын түбегейлі өзгертпейді".
17 тамызда Жирнов билікке келген "Талибан" өкілдерімен кездесті. Мұндай ашық байланыс Мәскеу алдағы саясатын айқындап жатыр дегенді білдірмейді.
"Әсіресе, Орталық Азия шекарасы мен "Ислам мемлекеті" ұйымымен күреске келгенде мәселе тәліптермен басым немесе тұрақты қарым-қатынас орнатуда шығар" дейді Клыщ.
"Ресейдің негізгі міндеті – тәліптердің Ауғанстаннан тыс жерге зорлық-зомбылық жасап, исламның қатал нұсқасын таратпауын қадағалау" дейді Оңтүстік және Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов "Республика" журналына берген сұхбатында. Ол соған қарай "Мәскеу тәліптерді саяси мойындауға және оны БҰҰ терористік ұйым тізімінен алып тастауға септеседі" деп ойлайды.
"Кабул Мәскеуден қандай да бір қаржылай көмек күтпегені жөн. Мұны Америка мен Батыс істейді, себебі Ауғанстандағы оқиғалардың көбіне солар кінәлі. Ресейдің бұған қатысы жоқ" дейді Дубнов.
БОС СӨЗ БЕ?
Мәскеудің "Ислам мемлекеті" және "Әл-Каида" секілді басқа да экстремистік топтармен күрестегі мүддесі АҚШ пен Батыстыкіне ұқсайды: Кремль 20 жыл бұрын АҚШ әскерінің Ауғанстанға кіруін қолдап, Ресей әуе кеңістігін пайдалануға, Қырғызстан мен Өзбекстанда АҚШ әскери базасын құруға рұқсат берді.
Дегенмен, АҚШ-тың Орталық Азияда ұзағырақ қалғаны Мәскеудің төзімін тауысты. Бұл 2000 жылдары америкалықтарды ығыстыруға көмектесті. Содан бері Мәскеу Тәжікстандағы әскери базасын нығайтып, жуырда Тәжікстан мен Өзбекстанмен бірге шекара бойында әскери жаттығу өткізді.
Әйтсе де, Вашингтон мен Мәскеу Оңтүстік Азияға келгенде қатты жауласпайды.
16 тамызда АҚШ мен Ресейдің жоғары лауазымды дипломаттары Энтони Блинкен мен Сергей Лавров телефон арқылы сөйлесіп, "Ауғанстан президенті елден қашқаннан кейінгі жағдайды, мемекеттік органдардың күйреуін, режимнің ауысуын талқылады" деп хабарлады Ресей СІМ.
Олар "бір-бірімен кеңесуді" жалғастыруға, оған Қытай, Пәкістан және басқа да "мүдделі тарап" қатысатынына, ауған қоғамымен және үкіметімен кездесу өткізу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымына ықпал етуге келісті.
Ресей депутаты, Батысты үнемі сынайтын Алексей Пушков АҚШ-тың Ауғанстаннан шығуын "АҚШ беделіне" және "жаһандық лидерлігіне" нұқсан келтіретін қатты соққы деп мәлімдеді.
"Ойшылдар мектебінің, мифтер жүйесінің, ұстанымдарының құлауы" батыс моделі тарихының және триумфының ақыры" деп жазды Пушков Telegram арнасында.
Тарту университетінің саясаттанушысы Клыщтың сөзінше, Ресей АҚШ-ты Ауғанстаннан әскерін әкетуге байланысты қатты табалайды.
"Негізінен бұл бос сөз, АҚШ-тың сәтсіздігі туралы нарратив жасаудың, көпполярлықты көтерудің, жаһандық жүйедегі басқа серіктестерін оятудың тиімді жолы. Мұның стратегиялық мәні де бар. Бұл тек АҚШ-тың сәтсіздігін емес, басқару және шиеленістерді шешудегі батыс моделін қамтиды. Мәскеу [АҚШ-тың Ауғанстандағы сәтсіздігін] батыс моделінің беделін түсіріп, өз моделін алға жылжыту үшін пайдалануы мүмкін".
ПІКІРЛЕР