Ауғанстан үкіметінің өкілі қыркүйектің 28-і күні елдің солтүстігіндегі Кундуз қаласы ауған қауіпсіздік күштерімен арада бірнеше сағатқа созылған шайқастан соң Талибан содырларының қолына өткенін мәлімдеді.
Былтыр халықаралық әскери коалиция елден шыққан соң Талибанмен жалғыз соғысып келген ауған үкіметінің күштері соңғы 14 жыл ішінде алғаш рет уәлаят астанасынан айырылып қалып отыр.
Елдің ішкі істер министрінің өкілі Седик Седикки Associated Press агенттігіне: "Кундуз қаласы Талибанның алдында құлап түсті" деп хабарлады. Ол қалаға қосымша әскер жіберілгенін айтты. Биыл бұған дейін Ауғанстан әскері бір мәрте Талибанды Кундузға кіргізбей қуып тастаған. "Қаланы қайтарып алу үшін қолдан келгенін жасап жатырмыз" деді Седикки.
Ал Талибан өкілдері Кундуздың орталығындағы уәлаят әкімдігін басып алып әуежайға беттегенін хабарлады. Жүздеген жергілікті тұрғын жаппай қаладан қашып шықпақ болып әуежайға қашқан.
Содырлар қаланың орталық алаңына Талибанның белгісін іліп, жергілікті түрмеден жүздеген жақтастарын босатып жіберді.
Ауғанстанның арнайы әскері қаланы қайтарып алу үшін Кабул мен Кундузға көрші уәлаяттардан шұғыл аттанды. Президент Ашраф Ғанидің өкілі Зафар Хашеми Кундуздағы ахуалды "айнымалы" деп сипаттаған. Өкілдің сөзінше, президент қауіпсіздік пен қорғаныс саласының жетекшілерімен үнемі кеңесіп, нұсқау беріп отыр.
Doctors Without Borders қайырымдылық ұйымы шабуыл басталған соң Кундузда жүзден астам жаралы адамға ем-дом жасағанын мәлімдеді. Олардың 36-сы ауыр халде деп сипатталады. Ауғанстанның қауіпсіздік қызметі екі тараптан да көп шығын болғанын айтады. Қаладағы халықаралық ұйымдардың кеңсесі дүйсенбі күні шабуыл бастала сала басқа аймаққа көшірілген.
Кундуз уәлаятын Ауғанстанның солтүстігі мен орталығын жалғайтын күре жолдар басып өтеді.