Accessibility links

Ауған қоғамының біз білмейтін құпиялары


Жазушы Нушин Арбабзада.
Жазушы Нушин Арбабзада.

Ауғанстаннан шыққан америкалық жазушы Нушин Арбабзада шоқынған ауғандар, трансвеститтер мен осы елдегі гей-блогшылар туралы кітап шығарды.

Христиан дінін жасырын қабылдау, трансвеститтер мен гей-блогшы өмірі – мұның бәрі біз білетін Ауғанстанға мүлде ұқсамайды. Бірақ бұл - шындық, ауған қоғамының қазіргі өмірінде болып жатқан оқиғалар.

Әлемдік ақпарат құралдары көрсетіп келе жатқан картинаға қарап, Ауғанстанды бір кісідей білемін деуіңіз мүмкін. Бірақ Нушин Арбабзаданың кітабын оқысаңыз, ауған қоғамының мүлде басқа қырларын байқар едіңіз. Шыққан тегі ауғандық АҚШ жазушысы туындысын «Ауғанстанның өсек базары: құпия субмәдениеттер, жасырын әлемдер және күн сайынғы абсурдтар өмірі» деп атаған.

«СОҒЫС ТАСАСЫНДА ҚАЛҒАН ЕРЕКШЕ АДАМДАР»

Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің Әйелдер мәселесін зерттеу орталығының қызметкері Арбабзада Батыс ақпарат құралдарының Ауғанстанды біржақты сипаттауымен келіспейді. Оның кітабы соғыс тасасында қалған Ауғанстандағы өмірдің басқа қырларын суреттейді, ол оқырманға ауған қоғамының таңсық жақтарын таныстырады.

- Бұл зерттеуімде қоғамда қалыптасқан тәртіпке бағына бермейтін адамдарға көбірек қызықтым. Ауғанстан туралы жұрттың көбі білетін фактілерге, әдетте Ауғанстанның атынан өкілдік ететін адамдарға назар аудармадым. Қоғамның қалтарысында, назарға түсе бермейтін, Ауғанстандағы дәстүрлі стандарттарға бағынбайтын жандарды іздедім, - дейді кітаптың автор.

ҚОРҚЫНЫШ ҺӘМ ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Нушин Арбабзада Ауғанстандағы гейлер өмірін зерттеген. Ол кітабында «Ауғанстан – гетеросексуалды (әйел мен ердің некесі – ред.) некені, отбасы құндылықтарын бағалайтын ел, мұнда зина жасаған адамды түрмеге қамайды. Бірақ осы тәртіптің тасасында бұл қоғамға жат әрекеттерге бой алдырған адамдардың мүлде басқа әлемі бар» деп жазады.

АҚШ жазушысы Нушин Арбабзаданың «Ауғанстанның өсек базары» кітабы.
АҚШ жазушысы Нушин Арбабзаданың «Ауғанстанның өсек базары» кітабы.
Оның айтуынша, Ауғанстанда ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер топтар - ред.) өкілдеріне «үнемі қауіп төніп тұрады». Бірақ олар осы қатерге қарамастан өздерінің ерекшеліктері туралы айтудан қорықпайды. Ауғанстанда біржыныстылар қатынасы ауыр қылмысқа жатады. Жыныстық азшылық өкілдері үйден қуылуы, тіпті ар-ождан қорғаушылары оларды жұрт алдында өлтіруі мүмкін.

Гомосекуал екенін ашық айтқан алғашқы ауған азаматы - Хамид Захер. Захер 2001 жылы отбасын тастап, Ауғанстаннан қашып кеткен. Ол 2008 жылы Канадаға қоныстанып, қазір сонда тұрып жатыр.

2012 жылы Хамид Захер «Жиіркеніш - сенің құйрығы кесілген шолақ жауың» (Beyond Horror, It's Your Enemy Who Is Dock-Tailed.) деген естелік кітабын шығарды.
«Шолақ» деп ауғандар әдетте ұлы жоқ еркекті айтады. Былтыр ағылшын тілінде жарық көрген бұл кітабында Захер қорқыныш пен жалғыздықта өмір сүретін гейдің өмірі және Пәкістандағы бір паркте кездестірген өзінің алғашқы махаббаты туралы жазады.

Алайда бұлайша ағынан жарылу Захерге жақсылық әкелмеді. Оның отбасы бұл кітабын шығармауды талап етті. Қазір ол туыстарымен араласпайды. Осыған байланысты Нушин Арбабзада былай дейді:

- Ауғанстан қоғамы жұрттың бәрі бірдей болуы керек деген талап қоятындықтан, бұл ережеге бағынбайтындар жасырын ғұмыр кешуге мәжбүр болады. Гейлер қауымдастығы – осының бір мысалы. Ауған гейлерінің арасында үйленуге мүлде құлықсыздары да бар, бірақ олар қалыптасқан дәстүрге бағынып дәстүрлі некеге (ер мен әйел некесі – ред.) отырады. Сөйтіп олар өздерін шектейді.

ЕРКЕКШОРА ҚЫЗДАР

Ауғандардың шетелдіктерге мүлде беймәлім тағы бір әдеті – «бача пош». Дари тілінен аударғанда «ұл болып киіну» деген мағына береді. Бұл – қыздарды ұлша киіндіретін ескі ғұрып. Ауғанстанда ұлы бар отбасы қадірлі. Сондықтан ұлы жоқ әулеттер қыздарын ұлша киіндіріп қояды. Тіпті оның қыз бала екені белгілі болса да, ол ұл кейпінде жүре береді.

Мұндай қыздардың шаштарын қысқа етіп алып, оларға ер баланың есімін береді. Оларға ұлдарға тән жауапкершілік пен бостандық беріледі. Қыз балиғат жасына келгенше ұлша киініп жүреді де, балиғатқа толған соң бірден қыздың киімін киіп, қыздарға қойылатын талаптарды орындауға тиісті болады.

Ауғанстан әйелдері. 15 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ауғанстан әйелдері. 15 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
«Әр жыныс өкілі өз рөлін қатаң атқаруы тиіс қоғамда мұндай дәстүрдің болуы - адам сенгісіз нәрсе» деп жазады Арбабзада. Ол өзі Ауғанстанда туғанмен, 1979 жылғы Совет Одағының шабуылынан соң кетіп қалған.

Оның айтуынша, Ауғанстандағы адам құқықтарын қорғаушы топтар бұл дәстүрді сынай бастаған. Себебі бұл «әйелді жек көруге шақырып қана қоймай, қыздардың құқықтарын таптайды».

Сонымен қатар бұл кітапта трансвестит еркектер мәселесі де айтылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ауғанстанда полицияның әйел киімін киген еркектерді тұтқындайтын видеосы тарады. Бұл ауғандардың мұндай да әдеті бар екенін айқын көрсетті.

- Бұл бейнесюжет теледидардан көрсетілгенде полицейлер қатты ұялып тұрды. Субтитрде «Еркек неге әйелше киінген?» деген жазу болды. Жұрт «Ауғанстанда әйелдердің қоғамдағы орны төмен, неге бұл адамдар әйел болғысы келеді?» деп қайран қалды. Әр жерде осындай трансвеститтердің бар екені белгілі болса да, халық мұның себебі неде екенін түсіне алмады, - дейді кітап авторы.

«ШОҚЫНҒАН АУҒАНСТАН»

Кезінде «BBC» телеарнасында журналист болып жұмыс істеген Арбабзада «Ауғанстандағы сирек қауымдастықтар» туралы да жазған. Солардың бірі - ашық әрі белсенді жұмыс істеп жатқан христиандар тобы.

Христиан миссионерлері 1970 жылы Кабулда шіркеу ашқан. Бірнеше жылдан соң шіркеу қиратылса да, миссионерлер біраз адамды шоқындырып үлгерді. Содан бері ауған шіркеулері Скандинавия және Калифорния сияқты алыс аймақтарда ашыла бастады. Қазір Ауғанстандағы маргинал христиан қауымдастығының онлайн телеарнасы бар. Қауымдастық мүшелері қызметтері туралы пушту және дари тілдерінде баяндап береді.

Арбабзаданың айтуынша, «Әсіресе елдің солтүстік өңірлерінде христиан дінінің дендеп енгені байқалады, себебі олардың кейбір тұжырымдары мектеп материалдарына енген. Мәселен, компьютер сыныбының оқушылары компьютердегі құжаттарына христиан дінінің белгілі адамдарының есімдерін қояды».

Ауғанстандағы шіркеуде діни қызметкер Джузеппе Моретти құлшылық етіп тұр. Кабул, 13 наурыз 2013 жыл.
Ауғанстандағы шіркеуде діни қызметкер Джузеппе Моретти құлшылық етіп тұр. Кабул, 13 наурыз 2013 жыл.
Ислам шарттарын қатаң сақтайтын Ауғанстан сияқты консервативтік елде маргиналданған топтарға қысым қатты. Бірақ Арбабзаданың айтуынша, дәстүрге бағынбайтын адамдарды қолдайтындар да көбейіп келеді.

- Мұндай адамдар әр аулада бар. Мұны жұрттың бәрі біледі. Осы жайттарды зерттей бастағанымда басқа да түрлі мысалдар көбейіп кетті. Жұрт маған «Біздің осындай көршіміз бар» дегенді жиі айтатын болды. Ауған қоғамында өзгеше адамдар аз болғанымен, олардың көбейіп келе жатқаны қуантанды. Мұны сабырмен қабылдайтындар да біртіндеп көбейіп келеді, - дейді Арбабзада.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG