Ауғанстанда бет-жүзін тұмшалаған әйелдерді жиі көруге болады. Ал пәрәнжі киген еркекті кездестіру қиын.
Наурыздың 5-і күні пәрәнжі киген белсенді жігіттер әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық мәселесіне жұрт назарын аудару үшін Кабулдың орталық көшелерінің бірінде акция өткізді.
Халықаралық әйелдер мерекесі (наурыздың 8-і күні – ред.) қарсаңында ұйымдастырылған шараға таңырқай қарағандар көп болды.
Консервативтік ауған қоғамында еркектер ықпалы басым. Соңғы 10 жылдың көлемінде жүргізілген реформаларға қарамастан, бұл елде әйелдер негізгі құқықтарын қорғай алмай, қысым көріп келеді.
Көбіне ер кісілер қатысқан бұл шара Ауғанстанның Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз комиссиясының Кабулдағы кеңсесі жанында өтті.
«Зорлық-зомбылықтың барлық түрлері жойылсын!» деген плакат ұстаған олар «Әйелдерді үйден шыққанда пәрәнжі киюге мәжбүрлемеу керек!» деп ұрандады. Белсенділердің бірі «Әйелге қандай киім киюді үйретпе, өзіңді тый, сұқтанба!» деп айқайлады.
Осының алдында ғана Кабри Хадеми есімді әйел әртіс әрі азаматтық белсенді Кабулда әйелдер мәселесіне қатысты ерекше акция өткізген еді. Көшеге темір сауыт киіп шыққан ол осылайша ауған әйелдеріне көшеде түрлі әлімжеттік жасалатынына назар аудартқан. Ақпанда болған бұл шара Facebook, Twitter әлеуметтік желілерінде көп талқыға түсті.
Ауғанстанда көшеге шыққан әйел көп жағдайда әлімжеттік көріп жатады. Оларды ұрып кету, сөзбен тиісу, тіпті химиялық қышқыл шашу сияқты оқиғалар жиі болып тұрады.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы былтыр жариялаған есебінде «Жыныстық әлімжеттік әйелдердің жұмысқа тұрып, қоғамдық өмірге араласуына кедергі болып отыр. Әйелдер мен қыздар күн сайын көшеде қысым көреді. Тіпті олардың өміріне қауіп төніп тұрған сәттің өзінде полициядан көмек сұраған әйелдерге тәртіп сақшылары көбіне ешқандай жәрдем көрсетпейді» деп жазылған.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен басқа бір шараға қатысқан Ауғанстан президенті Ашраф Ғани де әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықты айыптай сөйледі.
(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)