Сот үкімі бойынша екі жылын үйқамақта өткізген Александра Духанина осы мерзімде тұрмысқа шығып та үлгерген. Бостандық алған соң Азаттық тілшісіне сұхбат берген Духанина өз үйіне қамалған адамның қандай күй кешетінін айтты. Оның әріптестері, Алексей Навальный мен Сергей Удальцов сияқты белсенділер әлі үйқамақта отыр.
Азаттық: – «Болотный ісіне» қатысты өмірден түйген ең басты тәжірибеңіз қандай?
Александра Духанина: – Ең басты тәжірибе ретінде екі жыл үйқамақта отырғанда қалай зерігіп өлмеуге болатынымен бөлісе аламын. Бұндай жағдайға тап болғандарға осы тұрғыда көмектесе алармын. Ең жақсы әдіс – ойдан бірдеңе ойлап табу. Түрлі нәрсемен айналыстым – қазір олардың көбі есімде жоқ. Негізгілері – оқу, сурет салу, жаттығу жасау болды, туыстарыммен сөйлесетінмін.
Қиялың жетсе, көп нәрсемен айналысуға болады екен. Оған қоса шыдамды болуды да үйрендім. Сауатты сөйлеу мен сақ болуды да өмір үйретті. Полиция қызметкерлерімен сөйлескенде оның бәрі қажет. Тұрмысқа қажетті қандай шаруаны үйренгенімді айта алмаймын.
Азаттық: – Дипломатиялық тілде сөйлеуді меңгерген шығарсыз. Әлде заң тілінде ме?
Александра Духанина: – Дипломатиялық деу артық болар, заңдық тұрғыда деген дұрыс.
Азаттық: – Тұтқында отырғанда жеккөрініш сезімі күшейе ме?
Александра Духанина: – Кей адамдарды жек көресің. Бәрін емес. Нақты бір адамдарды деуге болады. Заттарға жеккөрінішпен қарамайсың. Тоңазытқыш, жазу үстелі немесе киім салынған шкафым ашуға тиген емес (күледі).
Азаттық: – Үйқамақта отырғанда терезеден сыртқа қарасаң ашуың келе ме? Себебі, саған онда шығуға тыйым салынған ғой?
Александра Духанина: – Керісінше, онда не бар екенін білсең де, барғың келіп, ынтығасың.
Азаттық: – Түрмеде күн сайын серуендеуге рұқсат етеді. Тұтқын күніне кем дегенде бір сағат таза ауа жұтып, тыныстайды. Үйқамақта отырғанда серуенге мүлдем тыйым салынады. Оған қатты қиналдыңыз ба? Үйде балкон бар ма еді?
Александра Духанина: – Түрмедегі тұтқынның сыртқа шыққанын «серуен» деп атау өте қиын, ол цементтің үстінде жүріп қайтады. Онда топырақ та, шөп те жоқ, сондықтан ондай серуеннің көмегі бар дегенге сену қиын. Маған келсек, ол мәселені шешуге тырыспадым, балконды өзіме қолайлы етіп жабдықтап, күні бойы сонда кітаппен отырдым.
Азаттық: – Үйқамақта отырған тұтқын бұрын қатты жақсы көрген мекенін жек көре бастай ма? Үйді біреу ластағандай сезімде болып, одан кеткіңіз келіп түршіккен жоқсыз ба?
Александра Духанина: – Жоқ, мүлдем олай емес. Менің үйім түрменің өзі емес, түрмеге отыруды күткен мекен ғана болды. Бұл екеуі екі бөлек. Керісінше, мен пәтерімді қатты жақсы көріп кеттім, ол менің қорғаныма айналды. Оған байланғаным соншалық, бекінісімнен шығу ауыр тиді. Менің үйім өте жайлы, оны біреулер ластауға тырысса да, қайтадан бұрынғы жайлы қалпына келтіріп аламыз.
Азаттық: – Компьютермен жұмыс істеуге рұқсат болды ма?
Александра Духанина: – Жоқ, интернетті де, телефонды да, барлық байланыс құралдарын қолдануға тыйым салды. Тек пәтеріме тіркелген туыстарыммен ғана сөйлесуге рұқсат етті.
Азаттық: – Осы екі жылда қанша рет далаға шықтыңыз?
Александра Духанина: – Сотқа апарған кезде ғана шықтым. Кез келген қозғалысымды аяғыма тағылған электронды білезік тіркеп отыратын. Сотқа барғанда қасымда Жазаларды орындау федералдық қызметінің өкілі бірге жүретін.
Азаттық: – Сізді аңдыды ма? Есіктің сыртына камера орнатылған ба еді?
Александра Духанина: – Басында мен әр бұрышта камера мен микрофон бар, мені біреу үнемі аңдып жүр деп ойлайтынмын. Кейін оларға оның қажеті жоқ екенін түсіндім. Білезікте аппарат пен база бар, ондағы екі шам жанып белгі береді. Білезік белгілі бір радиуста жұмыс істейді, егер 200 метрден астам жерге шықсам – шам өшіп қалады. Егер радиустан аспаса, ол жанып тұрады. Бәрі өте қарапайым. Онда ешқандай GPS жоқ.
Азаттық: – Білезікті үнемі қуаттандырып тұру керек емес пе еді?
Александра Духанина: – Жоқ, ондай жиі емес. Ол сымсыз аппарат, екі жылда 3-4 рет ғана бұзылды. Олар жаңа құрылғы берді, ол тіпті ыстық суға шомылып жатқанда да жұмыс істеп тұратын. Егер білезіктің өлшемі аяғыңызға сай келсе жақсы, ал өлшемі келмей аяқты қысып тұрса, онда қиын.
Азаттық: – Сыртқа шығып, үй маңында қыдыруыңызға болатын ба еді?
Александра Духанина: – Мен олай істемедім, бірақ радиустан аспаса солай етуге болатын еді. Екі жылда мен бірде бір рет тәртіпті бұзған жоқпын, олардың сенімінен шықпау үшін айтқандарын бұлжытпай орындадым. Жалпақ тілмен айтқанда, ЖОФҚ (Жазаларды орындау федералдық қызметі) мені шартты түрде соттау арқылы қадағалап отырды. Тәртіпті болғанның пайдасын сотта көрдім. Егер уақытша қамау абақтысында отырғандар тәртіп бұзбаса, мысалы, Ярослав Белоусов тәрізді (жалпы режимдегі колонияға 2 жыл 6 айға кесілді) үкім шығарған кезде уақытша қамау басшылығы оған жақсы мінездеме береді. Мен де ЖОФҚ тарапынан сондай мінездеме алдым.
Азаттық: – Үйқамақта отырып қалай тұрмысқа шықтыңыз?
Александра Духанина: – Ол да оп-оңай. Жұбайым Артем Наумов жүзікті тәтемнен беріп жіберді, тура «Ромео мен Джульетта» хикаясындай болды (күледі). Ол қиын емес. Құжаттар біраз шаршатады, судьядан рұқсат алу керек, бірақ түрмеде отырып үйленгеннен бұл жеңіл. ЗАГС-ке (некені тіркеу мекемесі) бардық, ол жерге жалғыз баруыма рұқсат етті. Тіпті екі сағат серуендеуге де рұқсат алдым.
Азаттық: – Содан кейін жұбайыңыз екеуіңіз қайтадан екі бөлек кеттіңіздер ме?
Александра Духанина: – Әрине. Ол менің пәтеріме тіркелмеген ғой, сондықтан менің қасымда болуға рұқсаты болмады.
Азаттық: – Онымен үйқамаққа дейін танысқан ба едіңіз?
Александра Духанина: – Әрине.
Азаттық: – Демек, бұған дейін хикаяларыңыз басталып қойған еді ғой?
Александра Духанина: – Солай деуге болады.
Азаттық: – Онымен екі жылда бір рет ғана – некеге тұратын кезде кездестіңіз бе?
Александра Духанина: – Иә. Одан кейін сотта кездестік. Қазір онымен бірге тұрамын, себебі, үйлену тойынан соң оның үйіне тіркелуге өтініш бердім, өйткені ол менің заңды некедегі жұбайым ғой. Сондықтан оның үйіне көшуге құқым бар. Екінші рет өтініш берген соң оған рұқсат алдым.
Азаттық: – Сонда қанша уақыт жалғыз тұрдыңыз? Жұбайыңызбен бірге үйқамақта қанша уақытыңыз өтті?
Александра Духанина: – Бір жыл жалғыз тұрдым, бір жылым жұбайыммен өтті.
Азаттық: – Бірақ онымен өткен уақыт мүлдем басқаша шығар?
Александра Духанина: – Әрине (күледі). Дегенмен көп адамдар ойлайтындай тұрмысқа шыққан соң өмірің түбегейлі өзгеріп кетпейді. Мен үшін ол тек төлқұжатқа соғылған мөр ғана, заңдық қолдауы да бар. Біз мені колонияға жіберетініне сенімді болдық, мөр соғылғаннан кейін ештеңе өзгерген жоқ.
Азаттық: – Ыңғайсызданбай айтыңызшы, күйеуіңізбен бірге тұрғанда ол сізге қамқорлық жасайды, қолдау көрсетеді ғой.
Александра Духанина: – Білмеймін... Мен өз жағдайымды өзім жасай аламын. Ең бастысы, сүйікті адамың қасыңда болады. Ол жағымды, жақсы, жаныңды жылытады. Мен де оған қолдау көрсетемін.
Азаттық: – Ренжіскен кездеріңіз болды ма?
Александра Духанина: – Ондай жағдай әркімнің де басында болады ғой.
Азаттық: – Тіпті үйқамақта отырып та ма?
Александра Духанина: – Ұсақ-түйек жағдайлар болып тұрады деп ойлаймын.
Азаттық: – Жұбайыңыз есікті тарс жауып кетіп қалуына болатын еді. Ал сіз олай істей алмадыңыз...
Александра Духанина: – Иә, кейде солай еткіміз келетін, бірақ ондайға бармадық (күледі).
Азаттық: – Төтенше жағдайда махаббат сезімі күшейе түсе ме?
Александра Духанина: – Солай сияқты. Өзгелердің орнына жауап бере алмаймын, бірақ бізді осының бәрі соншалықты жақындастырды, тіпті бір-бірімізді тастауға құқымыз жоқ сияқты. Бір-бірімізге байланғандай болдық, тағдырымыз бір жіпке түйінделді.
Азаттық: – Үйқамақта отырған екі жылда ас дайындауды үйрендіңіз бе?
Александра Духанина: – Неліктен мен ғана ас дайындауға тиіспін? (күледі)
Азаттық: – Жалғыз тұрған кезде дайындаған шығарсыз?
Александра Духанина: – Үнемі ас әзірлейтінмін. Біздің отбасымызда әйелі ас әзірлейді, күйеуі гаражда көлігін жөндейді деген гендерлік бөліну жоқ.
Азаттық: – Қорғаушылар, достарыңыз бен жақын адамдар "тұрмысқа шыққан бетте жүкті болуға тырыс, солайша жазаңды жеңілдетесің" деп кеңес бермеді ме?
Александра Духанина: – Иә, ең есуас кеңес сол болған шығар. Оны естігенде қатты ыза болатынмын. Оған үзілді-кесілді қарсы болдым, бұл жауапсыздық пен өзімшілдік болар еді. Түрмеде миллиондаған жас аналар мен жүкті әйелдер отыр, күнәсіз өмірді тәуекелге тігу – оңбағандық деп ойлаймын.
Азаттық: – Болотный алаңына неге шықтыңыз?
Александра Духанина: – Саны онсыз да аз адамдарды қолдау үшін шықтым. Біздің бар екенімізді көрсеткім келді.
Азаттық: – Үйқамаққа отыруға нақты не себеп болды?
Александра Духанина: – 318-ші және 212-баптар (Ресей қылмыстық кодексі) – жаппай тәртіпсіздік пен билік өкіліне қарсы күш қолдану. 212-бап түсінікті – жаппай тәртіпсіздікке қатысу – бұл классикалық жанр. 318-бапқа келсек, мені жеті зат лақтырды деп айыптайды, оның екеуі жапа шегушіге тиген. Біріншісі қарнына тиген, бірақ ол зардап шекпепті, үстінде бронежилеті болған. Екінші адамның иығына тиген, бірақ ол затты нақты менің лақтырғанымды көрмепті. Бұрылып қараған кезде менің қолым төмен түскенін байқап, мен лақтырды деп ойлаған. Бірақ осының ішіндегі ең қызығы және өкініштісі – жеті рет лақтырғанымды көрсететін жеті бейне көрініс бар. Мұқият қарасаңыз, операторлар әр жақтан бір көріністі түсіргенін байқайсыз. Екі бап бойынша 3 жыл 3 айға шартты түрде сотталған мен ғана.
Азаттық: – Сіз Цагов орманының қорғаушысы, «Оккупай Абай» лагерінің мүшесісіз, вегетариандық асхананы басқардыңыз, «Бомба орнына тамақ» қозғалысының белсендісі болдыңыз. Ары қарай да осындай әрекеттермен айналысасыз ба, әлде белсенділікпен қош айтыстыңыз ба?
Александра Духанина: – Бұндай сұрақтарға бірнеше рет жауап бердім. Иә, егер менің және туыстарымның еркіндігіне еш қауіп төнбесе, кедергілер болмаса шартты мерзім аяқталған соң азаматтық белсенді болудан тайынбаймын.
Азаттық: – Шартты мерзім біткен соң Ресейден кетсем деген жоспарыңыз жоқ па?
Александра Духанина: – Мүлдем бе? Білмеймін. Бір жағынан кеткім де келеді. Екіншіден, қалсам деп ойлаймын, келеңсіздік барлық елде бар ғой.
Азаттық: – Қандай кәсіппен айналысқыңыз келеді?
Александра Духанина: – Ит жаттықтырушы болсам деймін. Мүмкін мал дәрігері болармын, бірақ қазір емес, болашақта. Кім біледі...
Азаттық: – Соған қарағанда адамдардан көрі жануарларды көбірек жақсы көретін сияқтысыз?
Александра Духанина: – Оныңыз рас (күледі). Иә, көбірек жақсы көремін.
Мумин Шакировтың сұхбатын аударған – Динара Әлімжан.