Accessibility links

Путиншіл жастар белсене бастады


"Сеть" ұйымы шығарған "саяси алфавит".
"Сеть" ұйымы шығарған "саяси алфавит".

Ресей жастарының жаңадан құрылған «Сеть» ұйымы білімді және қалалық жастарды қатарына қосуды мақсат етеді. Олар Путинді пір тұтады.

Кремльшіл жастар Ресей президенті Владимир Путинді пір тұтады.

«ПУТИН КУӘГЕРЛЕРІ»

Олар қаладағы үйлердің қабырғасына суреттер салды, балаларға арналған патриоттық алфавит шығарды. Бір жергілікті газет оларды «Путин өсиетін таратып жүрген «Иегова куәгерлері» сияқты» деп сипаттады.

Кремль саясатын насихаттайтын жастардың «Сеть» тобы саяси сахнаға шыққысы келеді. Оларды «Наши» тобының рухани мұрагері деуге болады.

Украинада болған қызғылт-сары төңкерістен соң, 2005 жылы Кремль сол жағдай Ресейде қайталанбас үшін «Наши» қозғалысын құрды. Бірақ «Наши» ауыл жастарымен, жұмысшы таппен жұмыс істесе, «Сеть» жобасы қалалық орта тапты жақын тартуды көздейді.

Болотныйдағы шерудің бірі. Мәскеу, 27 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Болотныйдағы шерудің бірі. Мәскеу, 27 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұл топ 2011-2012 жылдары Путинге қарсы шыққан, Мәскеудің Болотный алаңында өткен шерулерге қатысқан білімді жастарды, «Болотный буыны» деп аталып кеткен топты баурамақ. Топ жетекшілері «сол білімді жастар Ресейдің жаңа элитасына айналады» дейді. «Сеть» өкілдерінің айтуынша, Кремль олармен тікелей байланыс орнатып, «бірге атқарылатын болашақ шаруалардың жоспарын ұсынуы тиіс».

«Новая газета» басылымының жазуынша, «Сеть» жобасының Петербургтегі филиалы жетекшісі Олег Соколов «Жетістікке өзі жеткен адамдар бар, сондықтан ондай жандар билікке тәуелді емес. Болотный алаңына шыққандар - сондай адамдар. Олар бірақ азайып барады. «Сеть» мұндай жастарға балама күн тәртібін ұсынады, жобаның сызбасы Путиннің үстелінде жатса дейміз» дейді.

«НАШИ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ІЗБАСАРЫ

«The New Times» журналы осы топтың бір мүшесінің пікірін жариялапты. Ол «Наши» мен «Молодая гвардия» (биліктегі «Біртұтас Ресей» партиясының жастар қанаты) қартайды, енді билік пен қоғамға жаңа рухани жетекшілер – путиншіл жас зиялылар қажет» дейді.

«Сеть» сәуір айында ресми сайтын ашты, бірақ өздері оны «2011 жылы аштық» дейді. Сайт Кремльді қолдайтын идеялар мен православ дінінің дәстүрлерін насихаттайды. Олар біржынысты некеге қарсы, «орыс тілін шет тілінің ықпалынан қорғау» керек дейді.

Қырымды басып алған айырма белгісі жоқ ресейшіл әскер. Симферополь, 19 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырымды басып алған айырма белгісі жоқ ресейшіл әскер. Симферополь, 19 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жоба мүшелері тамыз айында Қырымға келіп, өздерін таныстыруды ойлап отыр. «Московский комсомолец» басылымының жазуынша, 11 қалада филиалы бар ұйымның қатарына 1000 адам мүшелікке кірген.

«Сеть» Украина мен Донецк тұрғындарына арнап «500 килограмм дәрі-дәрмек жинадық» дейді. Олар Қырым тақырыбына қатысты патриоттық шаралар өткізіп, көшелерге сурет салып, өнер көрмелері мен сән көрсетілімдерін өткізді. Мәскеудің орталық көшесіне ілінген суретте хоккейші әскери камуфляж киіп, Ресей туы астында Қырымға қарай сырғанап барады. Суреттің астында «Біздікі еді, қайтардық» деген жазу бар.

Мамыр айында «Сеть» ұйымы балаларға алфавит шығарды. Саяси әліпбиде: А – «антимайдан», Б - «Беркут», П - «Путин».

«Сеть» өзін «Наши» қозғалысына қарағанда әлдеқайда байсалды топ ретінде көрсеткісі келеді. «Наши» қозғалысы оппозицияны қудалап, шетелдік елшіліктер алдында шеру өткізумен танылған еді.

Кремль құрған "Наши", "Сталь", "Молодая гвардия" жастар ұйымдарының шеруі. Мәскеу, 12 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Кремль құрған "Наши", "Сталь", "Молодая гвардия" жастар ұйымдарының шеруі. Мәскеу, 12 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Бірақ ұйым қатарында «Наши» тобының әскери қанаты – «Сталь» қозғалысының мүшесі болған Артур Омаров жүр. 2011 жылы «Сталь» құқық қорғаушыларды фашистерге теңеп, олардың қолдан жасалған бейнесін қазыққа шаншып, акция өткізген еді. Оның ішінде 82-жасар Людмила Алексееваның да суреті болды.

Сарапшылар топтың бұрынғы әріптестерінен ұзап кететініне күмәнданады. Саясаттанушы және белсенді Марина Литвинович «Бұл «Наши» қозғалысын қайта жаңғырту сияқты» дейді.

Ол ұйым келешегіне болжам жасамады. Марина Литвинович «Олардың қанша қаржысы бар екенін, оның қаншасы жымқырылатынын, қаншасы тиімді жұмсалатынын білмейінше, ештеңе айта алмаймын» дейді.

(Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG