Бұл оқиға шу тудырмағанымен, Мәскеудің «Ресей көп мәдениетті әрі көп дінді федерация» дегеніне қайшы келіп отыр.
«БІРЫҢҒАЙ МӘДЕНИЕТ – ЕЛ БІРЛІГІ ҮШІН»
Ақпанның 11-і күні Ресей президенті Дмитрий Медведев Уфада Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, түрлі мәдениеттер мәселесін талқылады. Оның бұл жиыны 40 адамның өмірін қиған Мәскеудегі Домодедова әуежайындағы жарылыстан соң, Ресей ұлтшылдарының Кавказ бен Орта Азия мигранттарына қарсы шабуылдарынан кейін болды.
– Бүгінгі президиумның отырысы елдегі ұлтаралық келісімді күшейту шараларына арналып отыр. Оны талқылауға түрткі болған бірден-бір мәселені, менің пікірімше, бәрі жақсы түсінеді. Бұл біздің елде жағдайдың бәрі жақсы емес екенін көрсетеді, – дейді Медведев.
Ресей президентінің жиынынан үш күн бұрын Ресей қауіпсіздік күштері Башқұртстанда исламшыл экстремистер деген күдікпен 4 адамды қамауға алған.
Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағындағы қақтығыстар жалғасып жатқанына қарамастан, Медведев Мәскеу саясатына дем бере сөйлеп, жиынға келгендерге эмоцияға аса берілмеу қажеттігін ескертті:
– Біз өте жақсы түсінетініміздей, біздің елде (қайталап айтайын, басқалар сияқты емес – бізде ғана) өзара бірін-бірі толықтырып, қиын жағдайда бір-біріне көмектесіп тұратын бірлесе өмір сүру, түрлі этностар мен мәдениеттер дамуы бар.
Алайда дәл осы жиында Медведев Ресейдегі әрбір адам орыс тілінде сөйлеуі маңызды екенін, елдің бірлігі үшін бірыңғай мәдениет болуы керектігін баса айтты.
Медведевтің риторикалық сөзіндегі қарама-қайшылық елдегі этникалық азшылық топтарға қатысты Мәскеу саясатының тереңде жатқан түйткілдеріне тиіп кетті.
АЙЫБЫ – «ЭКСТРЕМИСТІК ВЕБ-САЙТТАРҒА КІРГЕН»
Ресейдің федералды республика ретіндегі мәртебесі соңғы жылдары Медведев пен Путиннің орталықтандыру саясатынан кейін шайқалып қалды. Барлық назар Солтүстік Кавказдағы этникалық текетіреске ауып отырғанда, Башқұртстан іштей қайнап жатты.
Башқұрт жастар одағының белсенділері наурыздың 3-інен бастап наразылық акциясын бастады. Олар башқұрт ұлтшылдарына қарсы полицияның қысымы тоқтатуды, өз ұйымдарының белсенділерін қамаудан босатуды талап етіп отыр. Башқұрт жастар одағының бұрынғы жетекшісі Артур Иделбаев пен ұйым белсендісі Айрат Дилмұхаммедов алаяқтық және экстремизм айыптары бойынша ұсталды. Бір аптаның ішінде аштық акциясына 150 адам қосылып, наразылық шарасын бірге жалғастырды. Шараны ұйымдастырушылар Башқұртстан президенті Рустам Хамитовтың тікелей араласуынан кейін, наурыздың 13-інде аштықты уақытша тоқтатты.
Бірақ жастар ұйымы наурыздың 23-інде талаптары әлі орындалмағанын жариялап, өздеріне қолдаушы жинау мақсатындағы шерулер өткізген соң, сәуір айында аштық акциясын қайта бастамақ жоспарларын айтты. Башқұртстан жастар одағының қазіргі жетекшісі Флорид Багаев Азаттық радиосына берген сұқбатында алғашқы шерудің наурыздың 25-інде өтетінін айтты:
– Наурыздың 25-і күні Уфада өтетін алғашқы жиында біз үкіметтен және қауіпсіздік қызметтерінен этникалық топтар мен мұсылман жетекшілерін жайына қоюды талап етпекшіміз. Оларға қарсы қудалаулар жалғасып жатыр, – дейді Флорид Багаев.
Багаевтың айтуынша, қауіпсіздік күштері башқұрт мектептері мен газеттеріне барып, оларды «экстремистік веб-сайттарға кіріп отыр» деп айыптаған.
РАХИМОВПЕН БІРГЕ БАТҚАН КҮН
Башқұрт жастары ұйымы өздерінің башқұрт тілі мен мәдениетін қорғап жүргендерін айтады. Олардың сөзіне қарағанда, башқұрт тілінде білім беру мекемелері шектеліп, елдегі башқұрт тілінде хабар тарату түгелімен құрып барады.
Алайда бұл топ пен жартылай ресми Башқұрт конгресі елдің бұрынғы президенті Мұртаза Рахимовпен жақын байланыста болғанын да айта кету
Дмитрий Медведев (Ресейдің премьер-министрі болған кезі) пен Мұртаза Рахимов (Башқұртстан президенті болған кезі). Уфа.
керек. Мәскеу 1993 жылдан бері ел басқарған Рахимовты 2010 жылдың шілдесінде орнынан алған еді. Рахимов билігі тұсында башқұрт ұлтшылдары жақсы қолдауға ие еді. Бірақ сыбайлас жемқорлыққа батқан Рахимов билігі кезінде дені дұрыс азаматтық қоғам болмады.
Соның әсерінен енді қазір башқұрт белсенділері Кремльге жақын емес үкіметтік емес ұйымдар қатарына қосылуы тиіс немесе Ресейдің экстремизмге қарсы заңы бойынша қудалануы мүмкін.
Медведев Уфаға барғанда үкіметтің рұқсатын алған азаматтық қоғам өкілдерімен ғана кездесті, Башқұртстан жастар ұйымының белсенділері сияқты ұлшылдармен жолықпады.
«ИМПЕРИЯ» МЕН «ПРОВИНЦИЯЛАР»
Ресей ғылым академиясының заңгер-маманы Мехти Шарифов Мәскеудің соңғы жылдарда Ресейді біртұтас мемлекетке айналдыру әрекеттеріне сараптама жасаған еңбегін жариялады. Ол сараптамада «аймақтағы биліктерде ешқандай құрылымдық мүмкіндіктер болмайды және жергілікті азаматтық топтар шешім қабылдау шараларына қатыса алмайды» делінген.
Ресейдің оппозициялық саясаткері Владимир Рыжков бұл сараптамамен келісетінін айтады.
– Ең басты идеология – Путиннің имперализм құрып жатқаны. Бұл елді құртады. Іс жүзінде, оның өзі – импералист. Ол империя сияқты жаңа Ресей құрып жатыр. Оның көзқарасы бойынша, Татарстан, Башқұртстан және Якутия – империяның провинциялары сияқты, – дейді Рыжков.
Путин 2004 жылы жүздеген баланың өмірін қиған Беслан мектебіндегі террорлық шабуылға реакция ретінде федерация басшыларын сайлауды алып тастады. Ол аймақ жетекшілерін Кремль тағайындап, жергілікті парламент мақұлдайтын жүйе енгізді.
Ақырында Ресейдегі үкіметтер мен республика басшылары Мәскеудің айтқанымен жүріп, биліктері шектеліп қалды. Башқұртстанның қазіргі президенті Хамитов – соның бір ғана мысалы.
Хамитовтың аштық жариялап жатқан студенттер талабын орындай алмағаны, федеральды қауіпсіздік қызметі мен жергілікті полицияның белсенді әрекет етіп жатқаны – жаңа президенттің әлсіздігін танытады.
Сарапшы Рыжковтың айтуынша, «елдегі федералды жүйені бұзу – Путин саясатының бір бөлігі».
– Путин іс жүзінде аймақ басшыларын тағайындауды енгізді. Ол жергілікті қоғамның ықпалына түсетін билік құрылымдарын алып тастап жатыр. Жаңа заң бойынша полицияның билігі күшейіп барады. Демек полиция сырттан басқарылады. ФСБ сырттан бақыланады. Салық, прокуратура, түрмелер, аймақ басшылары – бәрін Мәскеу басқарып отыр, – дейді Владимир Рыжков.
Саясаткер Рыжков пен Шафиров сияқты сарапшылары Ресейдің Мәскеуден басқарылатын біртұтас мемлекетінде жергілікті құрылымдар өз пікірін еркін білдіреді дегенге күмәнмен қарайды.