Мемлекеттік органдар мен шенеуніктердің барған сайын кедейлене түскен қарапайым халықтың жағдайына бей-жай қарауы көпшіліктің шыдамын шырқау шегіне жеткізген тәрізді. Соңғы бес жылда халықтың тұрмыс жағдайының күрт нашарлап кеткенін ескерсек, жұртың ашу-ызасын түсінуге болады.
Азық-түлік пен ақша жетіспей, жұмыссыздық жайлап, бюджеттің кірісі кеміп кеткен елде үкімет қаржы ауыртпашылығын жұрттың иығына артып қойғаннан басқа амал таппай отыр.
Билік Түркіменстанда коронавирустан ешкім зардап шеккен жоқ деп мәлімдегенімен, індет тарап кете ме деп қауіптенетіндер аз емес.
Оның үстіне табиғаттың тосын мінез танытуы да жұртқа оңай тиген жоқ.
НӨСЕР МЕН ДАУЫЛДАН КЕЙІНГІ НАРАЗЫЛЫҚ
Turkmenistan.news тәуелсіз сайты мамырдың 13-іне Түркіменстанның шығысындағы Түркіменабат (бұрынғы Чарджоу) қаласының Железнодорожный ауданына жиналған мыңға жуық адам сәуірдің 27-і күні өңірде қатты нөсер мен дауылдан зардап шеккендердің жағдайына мән бермей отырғанына наразылық білдірген деп хабарлады.
Мамырдың 4-іне бұл аймаққа нөсер қайта жауған. Үкімет зардап шеккендерге ешқандай көмек бермеген. Нөсер мен дауыл, одан зардап халық жайлы мемлекеттік телеарналар жаңалығында да айтылмады.
Мамырың 13-іне қайта жауын жауды. Бұл жолы адамдар көшеге шығып, сәуірдің 27-і күнгі дауылдан кейін әлі күнге жарықсыз отырғанын, үйлердің жертөлесі суға толып, маса-шіркейдің мекеніне айналып кеткеніне шағым айтқан.
Егер мамырдың 13-іне Түркіменабаттың Железнодорожный ауданына шынымен мыңға жуық адамның жиналғаны рас болса, онда мұны Совет одағы тарап, Түркіменстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері үкіметке қарсы ірі митинг деуге болады.
Авторитар билік режимі әдетте наразыларды ұстап, қамап я түрмеге отырғызып "жуасытатын" Түркіменстанда көпшілік алдында шенеуніктерге қарсылық білдіру өте қауіпті іс саналады.
Үкіметке қарсы ең соңғы ірі наразылық митингілері 1995 жылы жазда болған. Сол кезде ел астанасы Ашғабатта бір күнде екі бірдей қарсылық акциясы өткен.
1995 жылы шілденің 12-іне бірнеше жүз адам экономикалық жағдайының нашарлауына байланысты сол кездегі президент Сапармұрат Ниязовтың үкіметіне наразылық білдіріп Ашғабаттың орталық алаңына шерумен бармақшы болған. Жол-жөнекей олардың көбін полиция тоқтатып, алаңға тек 200-ге жуық адам ғана жеткен еді.
Билік митингіні күштеп таратып, полиция ондаған демонстрантты ұстады. Үкімет оларды "есірткі мен спирттік ішімдікке елітіп, қоғамға қарсы арандатуға қатысты" деп айыптады.
Бұл тәуелсіз Түркіменстандағы ең ірі қарсылық акциясы еді. Кейінірек сол айда тағы бір акция өтті - жүзге жуық әйел президент сарайына шеру жасап бармақшы болды. Олар да экономикалық жағдайдың нашарлауына, биліктің қатал саясатына наразылық білдірдіп шықты. Қауіпсіздік күштері наразыларды президент сарайына жеткізбей ұстады.
ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯЛАРЫ
Түркіменстанда жақында болған наразылық оқиғаларын қарастырмас бұрын, жиі ауысатын жергілікті шенеуніктердің роліне назар аударған жөн. Олардың арасында жергілікті жағдайға қанығып үлгеретіндей бір орында ұзақ отыратындары аз.
Түркіменстан экономикасы құлдырап шатқан шақта - 2018 жылы желтоқсанда ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедов аймақ әкімшіліктеріне "қаржы көзін өздері іздеп табуды" бұйырды. Осыдан кейін жол ережесін бұзғандарға айып салу күрт көбейіп кетті.
2017 жылы қазанда Дашогузда облыстық білім басқармасына барған бір топ ата-ана (негізінен әйелдер) балабақша бағасының күрт қымбаттап кеткеніне наразылық білдірді. Кеңседен шыққан шенеунік оларға арыз-өтінішін қала әкімдігіне жазбаша беріңдер деген ұсыныс айтты. Бірақ әйелдерді қала басшылығына жеткізбей жолдан ұстады. Білім басқармасының қызметкерін жұмыстан шығарып, кейін "мемлекеттің беделіне нұқсан келтірмек болды" деген айыппен ұстады.
Сондықтан мамырдың 14-іне Түркіменабатқа аймақ әкімінің (хоким) орынбасары қасына бірнеше полиция қызметкерін ертіп, жөндеу жұмысын тексеруге барғанда болған наразылық кезінде әкімнің өзі қайда жүргені туралы ешқандай ақпараттың болмауы таңданыс туғызбайды.
Мамырдың 10-ына Дашогуз уәлаятының Сапармұрат Түркіменбашы ауданында ұн алуға кезекте тұрған бірнеше әйел аудан басшысы Сердар Мередовтың келгенін көріп, оны қаумалап алып, наразылығын жеткізді.
"Бәріне сен кінәлісің. Тек мақта ғана еккіздің, ал қазір біздің жейтін тамағымыз жоқ", - деді олар басшыға. Әлгі жерден дереу кетіп қалған Мередов полицияны әлгі әйелдерді ұстауға жұмсаған.
Бұрын бидай салып келген кей жерлер Бердімұхамедовтың бұйрығы бойынша мақта егуге берілгені рас. Мұндай шара Түркіменстанның экспортқа шығаратын жалғыз дерлік өнімі – табиғи газ бағасының күрт төмендеп кетуіне байланысты бюджетке кірісті көбейту мақсатында жасалған еді. Алайда бидай орнына мақта егуді азық-түлік тапшылығы қажытқан жұрт қоштамады.
Сәуірдің 3-іне Мары қаласының төңірегіндегі ауылдарда тұратын ондаған адам (негізінен әйелдер) азық-түлік тапшылығына наразылық білдіріп, қаланы елдің қалған бөлігімен жалғайтын жолды біраз уақыт жауып тұрды, кейінірек олар арыз-шағымын айтуға аймақ әкімшілігіне бармақшы болды. Шенеуніктер тез арада әлгі жерге ұн тиелген жүк көлігін жіберіп, кісі басына екі келіден ұн таратқан соң наразылар тарады.
Сәуірдің 4-іне 30 шақты әйел ұн мен өсімдік майы тапшы екенін, осы және өзге тағам түрлері қымбаттап кеткеніне наразылығын жеткізу үшін Мары уәлаятының әкімшілігі маңына жиналды. Наразылармен аймақ басшысы мен екі орынбасары, полиция бастығы кездесті. "Хроника Туркменистана" тәуелсіз сайтының хабарлауынша, аймақ жетекшісі бұл мәселені үш күннің ішінде шешуге уәде берген.
Мемлекет бюджетінің 70-80 пайызы табиғи газ сатудан түскен қаржыдан құралатын Түркіменстанда мұндай оқиғалар жақын арада тыйылмайтынға ұқсайды. 2014 жылдан бері газ бағасы едәуір төмендеді, биыл тағы да түседі. Өйткені мұнай бағасы құлдырағаннан кейін газ да арзандайды.
Түркімен газын ірі көлемде сатып алатын жалғыз тұтынушы – Қытай. Жылына 30 миллиард текше метрден артық газ сатып алып келген Қытай осыдан бірнеше апта бұрын биыл импорт көлемін 20-25 пайызға азайтпақ ниетте; Пекин коронавирус пандемиясы кесірінен зиян шеккен экономикасының жағдайын оңалтуға тырысып жатыр.
КӨРШІЛЕРГЕ КӨМЕК
Лебап пен Мары уәлаяттарында табиғаттың дүлей күшінен зардап шеккен қарапайым тұрғындар мүлкін қалпына келтіруге тырысып жатыр, мұқым елде негізгі тұтыну тауарлары тапшы. Ал дәл сол кезде Түркіменстан үкіметі коронавирус пандемиясына қарсы күресіп жатқан Ресей мен Иранға көмек көрсетті. Одан бөлек Ашғабат Ауғанстандағы мұқтаж жандарға гуманитарлық жүк жөнелтті (кейін оның біраз бөлігін Ауғанстанның Фарьяб уәлаятында тәліптер басып алған деген хабар тарады).
Бұған қоса Түркіменстан мамырдың басында Сардоба су қоймасы жарылғаннан кейін Өзбекстанға жәрдем көрсеткен, ал бұл кезде Түркіменстанның шығысындағы аймақтарда дауыл мен нөсерден зардап шеккен тұрғындарға үкіметтен ешқандай көмек болмаған.
Кейінірек АҚШ-та тұратын түркіменстандықтар сәуірдің 27-і күні болған дауылдан зардап шеккендерге көмек ретінде бес мың долларға жуық ақша жинаған, алайда түркімен шенеуніктері ол ақшаны алуға рұқсат бермеген. Кей хабарға қарағанда, Түркіменстан қауіпсіздік қызметі Лебап уәлаяты тұрғындарына шетелден келетін көмек пен ақшаны алмауды ескерткен.
ШЕТЕЛДЕГІ АКЦИЯЛАР
Түркияның Стамбул қаласында тұратын түркімендер мамырдың 15-іне сондағы Түркіменстан консулдығының алдына жиналып, митинг өткізді. Олар Лебап және Мары уәлаяттары тұрғындарына қолдау білдірген. Ол екі аймақта сәуірдің 17-і күні болған дауылдан кемінде 35 адам мерт болған. Түркіменстан мемлекеттік телеарналары мен шенеуніктер дауыл салдарынан өлгендер туралы ештеңе айтпады.
Мамырдың 11-і күні Кипрда түркіменстандық бірнеше азамат Түркіменстандағы табиғи апат құрбандарын еске алып, митинг өткізді. Олар Түркіменстан үкіметін "ешқандай әрекет жасамай отыр" деп сөкті.
Түркіменстанның Вашингтондағы елшілігі алдында өткен наразылық акциясына плакат ұстап шыққан екі түркімен ресми Ашғабатты адам мерт болғанын мойындамады деп айыптады.
ҚАЙДАҒЫ ІНДЕТ?
Дүниежүзіндегі өзге халықтар сияқты түркіменстандықтар да коронавирустан қауіптенеді. Үкімет елде COVID-19 жоқ деп бірнеше рет мәлімдегенімен, Түркіменстанға коронавирустың зардабы тиіп жатқанына дәлелдер бар.
Коронавирус жұқтырған науқастарды аймақтардан Ашғабаттағы жабдықталған медицина мекемелеріне ауыстырғаны, сонымен бірге мемлекет астанасында кенеттен жас қабір көбейгені туралы хабарлар түсті.
Бұған қоса, Түркіменстанда көше қылмысы көбейген. Ашғабаттан жеткен хабарларда көшеде әйелдерді алтын бұйымдарын тартып алып кеткені туралы айтылады. Жақында 60 жастағы зейнеткер әйелді банкоматтан ақша алғаннан кейін іле-шала көшеде тонап, өлтіріп кеткен.
Түркіменстанда мұндай қылмыс туралы хабарлар әдетте өте сирек болатын.
РЕЖИМДІ АУЫСТЫРУ
Алайда кейбір түркімендердің төзімі таусылып, билікті ашық сынай бастағаны таңғаларлық жәйт емес.
Түркіменстандағы қазіргі жағдай үкіметке қауіп төнгенін білдіре ме және биліктің құлауы мүмкін бе деген ойға жетелейді. Кей сарапшылар үкімет ауысуы мүмкін деп санайды. Бірақ үкіметке қарсы наразылықтар астанада емес, негізінен аймақтарда болып жатыр, және де Түркіменабаттан басқа жерлерде наразылыққа ондаған адам ғана қатысқан.
Кей мәліметтер бойынша, Түркіменстан халқының саны бес миллионға жуық, оның 20 пайызы Ашғабатта не соның төңірегінде тұрады.
Түркіменабатта 250 мыңға тарта, Дашогузда 160 мыңға жуық, ал Мары қаласында 115 мыңдай адам өмір сүріп жатыр.
Бір-бірінен жүздеген километр қашықта орналасқан бұл қалалардың арасын халық сирек қоныстанған шөлейт дала бөліп жатыр. Яғни халық бас көтере қалған жағдайда бұл қалаларды оқшаулап тастау үкіметке қиынға соқпайды.
Азық-түлік тапшылығы мен бағаның көтерілуі Ашғабат тұрғындарына да таңсық емес, бірақ аймақтардағы жағдаймен салыстыруға келмейді.
Ел астанасында полиция көбіне жай киім киіп жүреді: дүкен мен банк мекемелері маңындағы кезектерді бақылайды, базардағы көпшілік арасынан елдегі қазіргі жағдайға көңілі толмайтын, үкіметті немесе оның саясатын сынайтын адамдарды іздеп, тез ұстап әкетеді.
Үкімет Ашғабатты бақылауында ұстап отырған кезде халықтың Бердімұхамедовты биліктен тайдыру үшін бас көтеруі неғайбыл.
Алайда Түркіменстан экономикасының жағдайы жақын арада жақсаратыны да байқалмайды. Дағдарыс жалғаса берсе, күндердің күнінде жергілікті шенеуніктер халықты ұн, өсімдік майы немесе басқа да тапшы тауармен қамтамасыз ете алмай қалуы мүмкін. Аштық қысқанда биліктің қаһары сөз болмай қалуы ғажап емес.
Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР