Бір апта бұрын ғана коронавирустың таралуы туралы мәлімет жинақталған әлем картасында Ресейдің оңтүстігі, Қытайдың батысы, Иранның солтүстігінде жатқан аймақ індеттен ада өңір болатын.
Бұл өңірде Орталық Азияның бес мемлекеті – Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан орналасқан.
Әлемде індеттің ең қауіпті екі ошағы – Қытай мен Иранның іргесінде жатса да, аймақтың бірде-бір елінде індет жұқтырған адам тіркелмей келген. Тек наурыздың 13-інде Қазақстанның ресми өкілдері ауруды жұқтырған алғашқы төрт адамның тіркелгенін хабарлады.
Арада екі күн өткенде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар бес адамға жетсе, Өзбекстанда коронавирус жұққан алғашқы науқасты тіркеді.
Наурыздың 18-іне Қырғызстан осы дертке шалдыққан алғашқы үш адамды анықтағанын хабарлады. Олардың барлығы Сауд Арабиясынан ұшақпен келген қырғыз азаматтары.
Әлем елдері коронавируспен күресті үйлестіре алмады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің таралуын бақылап, үкіметтерді ауруды көп жұқтырмаудың әдіс-тәсілдерін айтып, кеңес берумен болды, бірақ әр мемлекеттің үкіметі өз білгенімен шешім қабылдады.
Бұл жағынан Орталық Азия елдерінің де басқалардан көп айырмасы болмады. Тіпті өзінде бар вирусты жасырып отырғандай көрінбеу үшін бе, ешбір үкімет алғашқы болып сақтық шараларын қолға алуға тырыспады.
Сондықтан, реакция сенімсіздеу болды. Дегенмен, кейбіреуі өзге елдердің тактикасын қайталап жатыр.
КӨПШІЛІК ҚАТЫСАТЫН ШАРАҒА ТЫЙЫМ САЛУ
Наурыздың 21-інде зороастризм кезінен келе жатқан мереке – Наурыз келеді. Орталық Азия халқы ғасырлар бойы көктемнің осы кезінде жаңа жылды қарсы алады.
Наурыз мерекесін тойлаудан бас тартқан алғашқы ел – Қырғызстан болды. Наурыздың 9-ында үкімет ел аумағында мерекеге орай жоспарланған үлкен шаралардың барлығына тыйым салды. Ал 17 наурызда 50 адамнан көп жиналатын жиындарға шектеу қойылды.
Үш күн өткенде Қазақстанда көпшілік қатысатын іс-шараларға: спорт жарыстары мен кездесу, семинар, конференцияларға тыйым салды. Содан бір күн бұрын билік өкілдері елде коронавирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелгенін ресми түрде жариялаған.
Наурыздың 13-інде ғана gazeta.uz вебсайты Өзбекстанда Наурыз мейрамы тойланатынын хабарлаған еді. Алайда, арада екі күн өткенде, елде вирус жұқтырған алғашқы адам анықталған соң премьер-министр Абдулло Арипов барлық ірі жиындар, соның ішінде "Наурыз мейрамын тойлауға қатысты шаралардың барлығы" тоқтатылатынын мәлімдеді.
Наурыздың 18-індегі жағдай бойынша коронавирус тіркелмеген Тәжікстан Наурыз тойын тойлауға бекініп отыр.
Азаттықтың Тәжік қызметі тілшісі наурыздың 13-і күні ел астанасы Душанбенің орталық алаңын безендіріп, мерекеге дайындалып жатқаны туралы хабарлаған. Дегенмен ел ішінде той тойлауға зауқы жоқ адамдар да баршылық. Елдің солтүстігіндегі Худжант қаласында үлкен мерекелік шара болмақ, салтанатқа президент Эмомали Рахмон қатысады деп жоспарланған.
Ал басшылары "коронавирус" деген сөзді дауыстап айтудың өзінен сескенетін, үкіметі ресми жиындарға адамдарды күштеп апаруды әдетке айналдырған Түрікменстан биыл ол әдетінен жаңылмайтын сыңайлы.
Биыл да Наурыз мерекесіне дайындалу үшін адамдар жұмыстарынан, үйлерінен мәжбүрлеп шақырылып жатыр.
Мектептер мен мешіттердегі тәртіп бойынша да бес елдің үкіметі әркелкі шешімдер қабылдап жатыр.
Тәжікстанда мектептер ашық, дегенмен наурыздың басында Душанбедегі кей имамдар құлшылық етушілерді мешітке бармай, намаздарын үйде оқуға шақырды. Имамдардың бірі "коронавирус індеті таралуының алдын алу үшін осындай шаралар қолға алынып жатыр" деді.
"ҚОЛ АЛЫСПАҒАН ДҰРЫС"
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы наурыздың 13-іне жасаған мәлімдемесінде мешіттердің ашық болатынын, бірақ жұма намаздың алдындағы 30 минуттық уағыздың болмайтынын айтты және жамағатты мешітке келерден бұрын дәрет алып шығуға, мешіт ішінде бетперде киюге, басқалармен қол алыспауға және намаз біткен соң дереу үйге қайтуға шақырды.
Наурыздың 15-інде Қазақстан бір айға төтенше жағдай жариялады, келесі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларының ұзақ демалысқа шығатынын, ал университеттердің қашықтан оқуға көшетінін мәлімдеді.
Осы мәлімдемеден соң мұсылмандардың діни басқармасы "Үкіметтің төтенше жағдай жариялауына және індеттің таралу қаупі өте жоғары болуына байланысты мешіттер жұма намазды уақытша тоқтатады" деп хабарлады.
Өзбекстанда орта мектептер демалысқа жабылды және осы аралықта мемлекеттік телеарналардың білім беру бағдарламаларын көрсететіні айтылды.
Наурыздың 16-сына Өзбекстан мұсылмандарының діни басқармасы мешіттердегі жұма намазды уақытша тоқтатты және жамағатты діни рәсімдерін үйде орындауға шақырды.
Наурыздың 14-іне жиын өткізген Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесі 16 наурыздан бастап барлық мектеп пен университеттің үш аптаға жабылатынын, ал балабақшалардың ашық болатынын жариялады.
Сол күні Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы да Қазақстанның үлгісімен жұма намаз уақытының қысқаратынын хабарлады және қарт адамдарды, әйелдер мен балаларды үйде қалуға шақырды. Алайда, наурыздың 17-сінде басшылық Қырғызстанның шекарасы жабылуы мүмкін екенін ескерткен соң діни басқарма мешіттердегі жұма намаздың тоқтатылатынын хабарлады және бес уақыт намазды үйде оқуға үндеді.
Есесіне, Түрікменстанда ешқандай мектеп жабылған жоқ.
Мешіттер жұмыс істеп тұр, ал имамдар президент Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның жақындарының денсаулығы үшін құлшылық етуге шақырып жатыр.
Барлық бес мемлекет елден шығатын және келетін ұшақ рейстерінің көпшілігін тоқтатты, азаматтарына елге кіруге тыйым салынған немесе келген соң карантинге жатқызылатын мемлекеттердің тізімдерін жасады.
Наурыздың 18-індегі жағдай бойынша коронавирус жұқтырған бірде-бір адам тіркелген жоқ деп отырған Түркіменстан сырттан келетін ұшақтың барлығын елдің шығысындағы Лебап әуежайына бағыттады, онда келгендердің бәрін карантинге жатқызатын арнайы орын ашылды. Ол жерде кемінде ондаған адам карантинде жатыр деген ақпарат бар.
Тәжікстан түсініксіз қадамдарға барды. Үкімет ақпанның соңында 35 елден келетін ұшаққа тыйым салған, дегенмен наурыздың 3-інде ол тізімді беске қысқартты. Тізімде Қытай, Иран, Ауғанстан, Италия және Оңтүстік Корея бар.
Өзбекстан мен Ресей Тәжікстаннан келетін ұшақтарға тыйым салғандықтан, Душанбе де ол елдерге баратын өз ұшақтарына шектеу қойды.
Коронавирус жұқтырған алғашқы адамдар тіркеле салысымен Өзбекстан мен Қазақстан өз шекараларын жапты.
Қырғызстан да осыны қайталады, 17 наурызда шетелдіктердің елге келуіне тыйым салды. Дегенмен, наурыздың 17-сіндегі жағдай бойынша Тәжікстанның Қырғызстанмен арадағы шекарасы ашық болды.
Наурыздың 17-сі Қазақстан өкіметі елдің ең басты екі қаласы – Алматы мен Нұр-Сұлтанның наурыздың 19-нан карантинге жабылатынын хабарлады. Екі қаланың кіреберістеріне блок-посттар қойылды, наурыздың 18-іне Қазақстан қарулы күштерінің биологиялық қорғаныс бөлімшесінің сарбаздары дезинфекция жұмыстарын бастады.
Блокпост қойылған шаһар. Облыстан қатынайтындар не істейді?
Қазақстанның, Қырғызстан мен Тәжікстанның үкіметтері “байбаламға негіз жоқ, негізгі азық-түліктің бәрі жеткілікті, баға тұрақты болады” деп өз азаматтарын сендіріп келеді.
Соған қарамастан, Тәжікстан мен Өзбекстанда азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін деп қорыққан жұрттың базарлар мен дүкенге ағылғаны туралы ақпарат болды. Бес елдің барлығында баға күрт өсіп кеткен.
Қырғызстанда коронавирус тіркелді деген хабар тараған 17 наурыз күні ел астанасы Бішкекте де дүкендерге халық лап қойған.
Жақсы жаңалық – наурыздың 18-і Қазақстан мен Өзбекстан президенттері телефон арқылы тілдесіп, коронавирус мәселесін талқылаған. Ортақ қауіпке бірлесіп қарсы тұрудың болмашы белгілерінің бірі – осы.
Түрікменстан төрт жылдан бері аса ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіп отыр, проблеманың бар екенін ел басшылығы әлі күнге мойындаған жоқ. Содан да болар, үкімет вирус туралы, медициналық заттардың, азық-түліктің жетіспеуі туралы мүлде жақ ашпайды. Бірақ азық-түліктің жетіспеуі – үрікмен халқының басында көптен бері бар мәселе.
Бірақ жақында президент Бердімұхаммедов азаматтарға ауруды аластау үшін ескі дәстүрге сүйеніп, адыраспанды өртеуге кеңес берді.
Түрікменстанды коронавирус тараған елдер жан-жағынан қоршап тұр, ал түстігіндегі көршісі – Иран вирустың әлемдегі ең қауіпті ошақтарының бірі.
Соған қарамастан, Түрікменстан үкіметі жағдай ауырлап кеткенге дейін коронавирустың шыққан мүлде мойындамайтын сыңайлы.
ПІКІРЛЕР