Accessibility links

АҚШ Ауғанстаннан шыққан әскерін Орталық Азияға кіргізе ме?


Ауғанстаннан Манас әуежайына келген ұшақтан шығып жатқан АҚШ сарбаздары. 26 ақпан 2009 жыл.
Ауғанстаннан Манас әуежайына келген ұшақтан шығып жатқан АҚШ сарбаздары. 26 ақпан 2009 жыл.

АҚШ үкіметі Ауғанстаннан шығарылатын әскерін Орталық Азия елдеріне кіргізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр деген хабар тарады. 20 жыл бұрын АҚШ пен оның жақтастары Ауғанстанда әскери науқан бастағанда осы елдердегі әскери базаларды пайдаланған еді. Осы тәжірибе қайталана ма?

Баспасөз құралдардарындағы жаңалықтарға қарағанда, АҚШ Ауғанстаннан шығарылған әскерінің бір бөлігін Орталық Азияға шоғырландыруды қарастырып отыр.

15 сәуірде The New York Times басылымы Вашингтонның Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан билігімен өңірдегі базаны пайдалану мүмкіндігі туралы келіссөз жүргізгенін хабарлады.

22 сәуірде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Twitter-де өзбек және қазақ сыртқы істер министрлерімен сөйлескенін жазды, бірақ олардың АҚШ пен НАТО әскерін кіргізуін талқылаған-талқыламағаны белгісіз.

Егер Вашингтон мен Орталық Азия елдері осындай келісім жасаса, онда АҚШ әскері осы өңірге қайта қоныстанбақ. Мұның алдындағысы 2001 жылы басталған. Сөйтіп Батыс әскерлері өңірде 2014 жылға дейін болды. Бұл тәжірибенің соңы дұрыс аяқталмады.

Бірақ АҚШ пен НАТО-да осы тәжірибені қайта бастауға бірнеше себеп бар.

БҰҒАН ДЕЙІНГІСІ ҚАЛАЙ БОЛҒАН ЕДІ?

"Әл-Қаида" террорлық ұйымының 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылынан кейін Вашингтон Орталық Азия елдерінің басшыларымен сөйлесіп, АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери науқаны мен осы бес елдің ондағы рөлі туралы талқылаған.

Орталық Азия елдері АҚШ бастамасына қолдау білдіруге құлшыныс танытты және оның себебі де бар еді.

Түркіменстаннан өзге төрт мемлекет "Талибан" содырларының күш алып, Орталық Азияға ұмтылуына алаңдады.

1998 жылғы тамызда тәліптер Өзбекстандағы Әмудария өзенінің жағасындағы Хайратон қаласына, бір айдан кейін Тәжікстандағы Пяндж өзені арқылы Шерхан-Бандар қаласына кірді.

Оның үстіне АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери науқанын халықаралық қауымдастық қолдап шықты. Орталық Азия елдері үшін бұл да бір ескерер жайт еді.

Сонымен қатар Орталық Азия басшылары 1990-жылдары АҚШ-тың осы елдерге қолдау білдіргенін қаперде ұстады. Мәселен, АҚШ қараудағы бес елдің тәуелсіздігін (1991 жылы желтоқсанда) алғашқылардың бірі болып мойындап, дипломатиялық байланыс орнатты.

Вашингтонның бұл қолдауы олардың Мәскеуге байланып қалмауына кепілдік бергендей болды.

1990 жылдары АҚШ Орталық Азияның Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмоннан (2007 жылға дейін Рахмонов болған) өзге президенттерін Вашингтонға ресми сапармен келуге шақырды (Рахмон АҚШ-қа әлі күнге дейін ресми сапармен бармады).

Сонымен қатар АҚШ 1992-1997 жылдары Тәжікстанда азамат соғысы болғанда гуманитарлық көмектің ең ірі доноры болды.

Қорытқанда, Орталық Азия елдері үшін АҚШ-пен бірлесе жұмыс істеу бір жағынан әлем алдында абырой әперсе, екінші жағынан Ауғанстандағы исламшыл топтар төндірген қауіптен арылуға мүмкіндік берді.

2001 ЖЫЛҒЫ 11 ҚЫРКҮЙЕКТЕГІ ШАБУЫЛҒА ДЕЙІН

Орталық Азия түбінде тәліптер пайда болғалы өңір басшыларының мазасы кетті: қауіпсіздік мәселегі үлкен уайымға айналды.

Ал бейтараптық саясатына берік болған Түркіменстан Ауғанстандағы тәліптермен де, өзге топтармен де ымыраласпай-ақ та, жауласпай-ақ диалог құра алды.

Тәжікстан мен Өзбекстан Ауғанстандағы топтардың ішінен өз ұлт өкілдеріне қолдау білдіремін деп тәліптерді өзіне қарсы қойып алды. Душанбе ұлты тәжік командир Ахмад Шах Масудты, Ташкент ұлты өзбек командир Абдул Рашид Достумды қолдаған еді.

"Талибан" бұл туралы тіпті БҰҰ-ға да шағымданған. 1997 жылы – Кабулды басып алғалы бір жыл өткенде – тәліптер ауған әскери топтарының Тәжікстан мен Өзбекстаннан көмек алатынын айтып наразылық білдірген. Шағымда Душанбенің Масуд тобына әскери ұшақтарын Куляб дейтін тәжік қаласында ұстауға рұқсат бергені де айтылған.

Бұл топтар "Талибанға" қарсылас еді және Өзбекстан мен Тәжікстан оларға көмектескен соң тәліптер осы екі елге шабуыл жасауы мүмкін деген пікір болды.

1996 жылғы қыркүйекте тәліптер Кабулды басып алғанда, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан арасында сирек байқалатын бірлік пайда болды.

Оларды ортақ жау, яғни "Талибан" қозғалысы мен оның исламшыл идеологиясы біріктірді.

Өзбекстандағы Ханабад базасында жүрген АҚШ сарбазы.
Өзбекстандағы Ханабад базасында жүрген АҚШ сарбазы.

2001 жылғы жазға қарай "Талибан" Ауғанстан жерінің 95 пайызын бақылауда ұстады.

Бұл Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанды одан бетер жақындатты. Бұл елдер өз жерін, соның ішінде әскери базаларын АҚШ-қа тәліптер мен террор топтарына қарсы науқан өткізуге берді.

АҚШ әскері Өзбекстандағы Ханабадта, Қырғызстандағы Бішкек әуежайында және аз уақыт Тәжікстанның Куляб әуежайында (Масуд ұшақтары осы әуеждайда ұстаған) болды.

Орталық Азияға АҚШ-пен бірге оның НАТО-дағы одақтастары да келді.

Германия Өзбекстандағы Термез маңындағы базаны қолданды, ал француз әскері Тәжікстан астанасы Душанбе маңындағы аэродромды пайдаланды.

Жаңа серіктестік өзін-өзі лезде ақтады.

2001 жылғы қарашада АҚШ Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз провинциясын бомбалап, Өзбекстан ислам қозғалысының лидері (ӨИҚ) Наманғаниді өлтірді. ӨИҚ-тің өзі талқандалып, аман қалған содырлары Пәкістанға қашты.

Осылайша Орталық Азияның оңтүстік шекарасында белгілі бір уақытқа тыныштық орнады.

Бірақ Ауғанстанның ішіндегі шиеленіс жалғаса берді. Сөйтіп белгілі бір үзілістен кейін тәліптер қайта топтасып, шабуылдардың жақын арада тоқтамайтыны белгілі болды.

АҚШ және оның одақтастарына тиесілі әскердің Орталық Азияды ұзақ болуы Ресейді тітіркендіре бастады. Мәскеу Орталық Азияның АҚШ бастаған науқанға қатысып жатқанын о бастан қолдай қоймаған еді.

Орталық Азияда АҚШ пен НАТО әскерлерінің шоғырлануы Қытайдың да қытығына тиді. Себебі Қытай оңтүстік-батысында Қырғызстанмен және Тәжікстанмен шектеседі.

БАТЫС ӘСКЕРІНІҢ БІРТІНДЕП КЕТУІ

2005 жылғы 24 наурызда қырғыз халқы президент Асқар Ақаевты биліктен кетірді.

2003 жылы Грузияда, 2004 жылы Украинада болған төңкерістерден кейін болған "Қызғалдақ революциясы" Орталық Азияның авторитар лидерлері үшін жағымсыз оқиға болды.

Ақаев Қырғызстанда тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері президент болды. Қазақстан, Түркіменстан мен Өзбекстан президенті де сол кезде билікке келген еді. Орталық Азия басшылары арасында тек Тәжікстан президенті Рахмон ғана билікке 1992 жылы қол жеткізген.

2005 жылғы мамырда Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласында қарулы топ бейбіт наразылыққа шықты. Кейін бұл көтеріліске ұласты. Өзбекстан билігі "Қызғалдақ революциясы" басталуынан қауіптеніп, төтенше күштерді қолданып, тәртіпті қалпына келтірді. Салдарынан жүздеген адам өлді.

Кей дерекке қарағанда, 2005 жылғы Әндіжан оқиғасына жүзге тарта адам мерт болған.
Кей дерекке қарағанда, 2005 жылғы Әндіжан оқиғасына жүзге тарта адам мерт болған.

АҚШ пен Еуропа елдері Өзбекстан билігінің наразыларға күш қолданғанын айыптады және тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізуді талап етті.

Оған жауап ретінде өзбек билігі АҚШ-тан Ханабадтағы әскерін алып кетуді талап етті.

2005 жылғы шілдеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті кезінде ұйым мүшелері Қытай мн Ресей Өзбекстанның ұстанымын қолдады және қорытынды шешім дайындауға септесті. Онда Ауғанстанға келген "Терроризмге қарсы коалиция" ШЫҰ елдерінен әскерін алып кету жоспарын белгілеуі қажет делінген.

АҚШ әскері Өзбекстаннан 2005 жылдың соңына дейін шығарылды, бірақ Термезде неміс әскері қалды.

НАТО да Душанбедегі әуежайды қолдануды азайтты да, 2014 жылы әскерін толығымен әкетті.

Бішкек әуежайындағы АҚШ базасы қырғыз саясаткерлерінің сынау нысанына айналып, Ресейдің ықпалымен 2014 жылы жабылды.

АҚШ әскері Бішкектегі Манас әуе базасында 2002 жылдан 2014 жылға дейін болып, екі революцияның, бір ұлтаралық қақтығыстың (2010 жылғы) куәсі болды.

Ал Кремль Ақаевтың ізбасары Құрманбек Бакиевке шүйліге түсті. Ол 2009 жылы АҚШ базасын жабуға сөз беріп, сол үшін Мәскеуден қаржылай көмек сұраған. Бірақ кейін АҚШ-пен әуе базасын жалға берудің құны жөнінде келісімге келіп, Мәскеуді ашуландырды.

2010 жылы қырғыз халқы Бакиевті де қуып жіберді. АҚШ әскері осыдан кейін Қырғызстанда төрт жыл тұрды. Бірақ ресми өкілінің New York Times газетіне берген ақпаратында "әскердің орнын ауыстыру" тізімінде Қырғызстанның аталмауына Қырғызстандағы осы тәжірибе мен Мәскеудің қарсылығы себеп болуы мүмкін.

ЖАҒДАЙ УШЫҒЫП БАРАДЫ

Кейінгі он жылда шетел күштері Ауғанстандағы әскер санын азайтты және қауіпсіздікті қамту жауапкершілігін Кабулға жүктеді. Соның салдарынан елде қақтығыс көбейді.

АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізгеннен кейінгі он жылда Орталық Азиямен шекараның оңтүстігіндегі аудандарда жағдай тыныш болды. Бірақ кейінгі 7-8 жылда мемлекеттің солтүстігіндегі қауіпсіздік нашарлады.

Ауғанстанның солтүстігінде Түркіменстан және Тәжікстанмен шектесетін аудандар бар. Олар толығымен тәліптердің бақылауында. Бұл ауданда басқа топтардың да жауынгерлері бар.

Бұл Ауғанстанмен шекаралас Орталық Азия елдерін қауіпсіздік мәселесіне алаңдауға себеп болды.

Солтүстіктегі Ауған қауіпсіздік күштері Тәжікстанмен шекарадағы Бадахшан, Тахар және Құндыз облыстарында, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстанмен шекарадағы Балх облыстарында тәжік пен өзбек азаматтарының тұтқынға түскенін немесе өлтірілгенін жиі айтады. Сонымен қатар олар Түркіменстанмен шекарадағы Жусан, Фараб және Бағдис жеріндегі өзбек азаматтарымен күресіп жүр.

Ауғанстанның солтүстігінде әрекет ететін тағы бір топты Кабулда Жундалла деп атайды.

"Ислам мемлекеті" террор тобының Сирия мен Иракта халифат құрып, танымал болған Хорасан ислам мемлекеті (ХИМ) деген бөлімі бар.

ХИМ содырларының нақты саны белгісіз, бірақ Ресей шенеуніктері бұған жиі болжам жасайды.

2019 жылғы 20 ақпанда Тәжікстандағы Ресей елшісі Игорь Лякин-Фролов Ауғанстанның солтүстігінде бұл топтың 3 мың жауынгері бар деген.

Тәжікстан генералы Ражабали Рахмонали бірнеше күннен кейін бұл ауданда жалпы алғанда 16 700 жауынгер бар, оның 6370-і шетел жалшылары деді.

2019 жылғы мамырда Ресей Федералды қауіпсіздік қызмет басшысы Александр Бортников "Ауғанстанның солтүстігінде, ТМД елдерімен шекарада террор тобының 5 мыңға жуық мүшелері бар" деді.

2019 жылғы желтоқсанда Ресей қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Рашид Нұрғалиев Ауғанстанда ХИМ тобының 3,5-10 мың жауынгері бар деп айтты.

АҚШ БАЗАСЫ НЕ СЕБЕПТІ ӘЛІ ДЕ КЕРЕК БОЛУЫ МҮМКІН?

Қазір Орталық Азия шекарасы арқылы Ауғанстанға қарасақ, жағдайдың 1990 жылдарға қарағанда аса өзгермегенін көреміз.

"Талибан" қозғалысы Орталық Азия елдерімен шекарадағы аудандарға қайтып келді, ал Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтары Ауғанстанның солтүстігіндегі террор топтарына кіріп жатыр.

Қазір Орталық Азия елдері "Талибанмен" бейбіт келісім жасауға делдал болғысы келіп, тәліптермен қарым-қатынас орнатты.

Бейбіт келісім жасалмаған күннің өзінде, Орталық Азия елдеріндегі терроршылар Ауғанстанды өз елінде тұрақсыздық туғызу үшін пайдалануына жол бермеу туралы ортақ түсінікке келуге үміттенеді.

Егер база мақсаттарының бірі Ауғанстанның солтүстігіндегі Орталық Азиядан шыққан экстремистік топтарды жоюға көмектесу болса, онда АҚШ әскерінің Орталық Азияға оралуын ақтап алуға болады.

Ресейдің Қырғызстан мен Тәжікстанда базасы бар. Қытайдың да Тәжікстанның шығысындағы таулы аймақтардағы кішігірім базасы бар. Екі мемлекет те Ауғанстанда тәжік күштерімен бірлесіп есірткімен күрес бойынша рейд жүргізеді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. 22 қазан 2001 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. 22 қазан 2001 жыл.

Олардың Тәжікстанның оңтүстік шекарасын қолдаудағы рөлі қауіпсіздікті қамтуда жатыр. Бірақ Пекин, Мәскеу және басқалары Тәжікстанға ақша мен құрал-жабдықтар бергеніне қарамастан, кішігірім топтар әлі де Ауғанстанмен шекарадан өтіп жатыр.

Мәскеу мен Пекиннің және өзгелердің ақша бөліп, құрал-жабдықпен қамтамасыз етуі Тәжікстанды ірі террор топтарынан қорғау үшін жасалып жатыр. Бірақ Ауғанстанда жүрген шағын топтар шекарадан бәрібір өтіп кетіп жатыр.

АҚШ базасы ауған үкіметтік күшіне Жамаат Ансарулла секілді исламшыл жиһадтық топқа, ӨИҚ пен ХИМ-нен қалған топтарға қарсы күресте көмек береді деп көзделіп отыр. Бұл топтардың бәрі Орталық Азиядағы тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін.

Тәжікстан АҚШ-қа өз базасын пайдалануға рұқсат берсе, бұл ел өз аумағында Ресей, Қытай және Америка әскерін қатар ұстаған бірінші мемлекет болады.

Бірақ Қырғызстанның бір мезетте Америка мен Ресей әскерін, ал Түркістан Ресей мен НАТО базасын қабылдағаны да көбін таңғалдырған еді.

Осыған дейін Қырғызстанда Ресей мен АҚШ базалары, Тәжікстанда Ресей мен НАТО күштері қатар болғанда да алаңдаушылық туған.

Өзбекстанда Ресейдің базасы жоқ және бұл ел Қырғызстан, Қазақстан және Тәжікстан сияқты Ресей басқаратын "Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт" ұйымына да мүше емес.

Өзбекстан екіжақты әскери келісімге сеніп отыр. Егер елдің қауіпсіздігіне қауіп төнетін болса, АҚШ әскері Ауғанстандағы Орталық Азия жауынгерлерін үрейде ұстауға көмектесер еді. Бұл да Ташкентті ұйымға мүше болуға асықтырмайды.

Ауғандарға тәліптермен күресуге көмектесіп жүрген АҚШ пен оның одақтастары базасының Таяу Шығыс секілді алыс жерлерде емес, Ауғанстанмен көршілес елдерде болғанын қалайды.

Әрине, таңдаудың Иран мен Пәкістанға түсуі екіталай.

Осылайша, ең жақсы таңдау Орталық Азия елдері болып отыр.

Кейінгі 20 жылда Ауғанстан көршілерінің немесе ауған үкіметіне көмектесіп жүрген елдердің ешбірі АҚШ пен оның одақтастары әскерінің Ирактан кеткеннен кейін болғандай тұрақсыздықтың Ауғанстанда қайталанғанын қаламайды, себебі бұл басқа мемлекеттерге де әсер етуі мүмкін.

АҚШ пен шетел әскерінің Орталық Азияда болуының тағы бір жақсы себебі бар.

2008 жылы АҚШ пен Пәкістан арасындағы қатынас шиеленісе түскенде, Вашингтон мен оның одақтастары Солтүстік тарату желісін (Northern Distribution Network) құрып, құрал-жабдықты Еуропадан Ресей мен Орталық Азия арқылы Ауғанстандағы Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық көмек күші (International Security Assistance Force) жеткізді.

Ресейдің Қырымды заңсыз басып алу және Украина шығысындағы сепаратистерді қолдауы салдарынан 2015 жылы Мәскеу өз жері арқылы құрал-жабдықтар өткізу туралы келісімнің күшін жойды.

Бірақ Солтүстік тарату желісі Ресей мен Әзербайжан арқылы, Қазақстандағы Каспий теңізі мен Өзбекстан, Ауғанстан арқылы жүк жеткізуді жалғастырып келеді.

Бұл желі Ауғанстанға құрал-жабдық тасымалдаумен ғана айналыспайды. Ол Ауғанстаннан шетел әскери техникасын шығарудың да негізгі жолына айналды.

11 қыркүйекке дейін шетел әскері де осы желі арқылы кетуі мүмкін және Ауғанстанға қазіргі үкіметті қолдау үшін басқа да құрал-жабдықтар осы жолмен жіберіліп отырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG