Accessibility links

АҚШ пен НАТО әскерін әкетсе, Ауғанстан күштері "Талибанға" төтеп бере ала ма?


Кабул маңындағы тосқауыл бекетінде тұрған Ауғанстан ұлттық армиясы сарбаздары. 17 сәуір 2021 жыл.
Кабул маңындағы тосқауыл бекетінде тұрған Ауғанстан ұлттық армиясы сарбаздары. 17 сәуір 2021 жыл.

АҚШ Ауғанстанға 20 жыл бұрын кіргізген әскерінен қалған 2,5 мың сарбазды бұл елден әкетпек. НАТО да өз әскерін әкететінін мәлімдеді. Сарапшылар Ауғанстан үкіметі күштерінің "Талибан" экстремистеріне қарсы тұруға шамасы жетпейді деп алаңдап отыр.

14 сәуірде президент Джо Байден АҚШ 2021 жылғы 11 қыркүйекке дейін Ауғанстаннан әскерін әкететінін мәлімдеді. Іле-шала НАТО да ұйым құрамындағы АҚШ-тан басқа елдердің 7 мың сарбазын Ауғанстаннан шығаратынын хабарлады.

2014 жылдан бастап Ауғанстан үкіметі елдің қауіпсіздігі үшін өзі жауапты. Бірақ олар материалдық-техникалық қамту, авиация және маңызды құрал-жабдықтарға техникалық қызмет көрсету мәселелерінде АҚШ әскері мен олардың мердігерлеріне тәуелді.

Ауған әскери жасағы. Герат уәлаяты, Ауғанстан, 26 ақпан 2021 жыл.
Ауған әскери жасағы. Герат уәлаяты, Ауғанстан, 26 ақпан 2021 жыл.

"ТАЛИБАН" СОҒЫСТА ЖЕҢЕТІНІНЕ СЕНІМДІ

Президент Байден Ауғанстаннан әскер шығарылатынын хабарламас бұрын, АҚШ барлауының сенатқа ұсынған жыл сайынғы қауіпті бағалау баяндамасында Кабул мен "Талибан" қозғалысының бейбітшілік келісімге қол жеткізері "келер жылы да екіталай" мәселе болып қалатыны жазылған.

"Талибан соғыс алаңында жеңіске жетуі ықтимал, ал ауған үкіметі коалиция қолдауынан айырылса, "Талибанды" тежеуде қиындыққа кезігуі мүмкін" деген болжам жасалған 9 сәуірдегі баяндамада.

"Кабулдың майдан даласында жолы болмай-ақ қойды, ал "Талибан" жеңіске жететініне сенімді. Ауған әскері ірі қалалар мен үкіметтің өзге де тірек бекеттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысып жатыр, бірақ олар іс-әрекетінде қорғаныс міндетімен немесе 2020 жылы айырылып қалған жерлерді қайтадан бақылауға алуға талпынумен ғана шектеліп отыр" дейді АҚШ барлау қызметінің басшылары.

АҚШ бейбітшілік институты жариялаған Ауғанстан бойынша зерттеу тобының баяндамасында "мемлекеттің қауқарсыздық танытып, жанжалдың қайта жалғасу қаупі аса жоғары" екені ескертілген.

"Америка әскерін әкетсе, бұл террор қаупін күшейтіп қана қоймайды, оған қоса Ауғанстан мен аймақ үшін апатты салдарға алып келеді. Жағдайдың олай өрбуіне негізгі субъектілердің ешбірі мүдделі емес" деген тұжырым жасайды Ауғанстан бойынша зерттеу тобы.

Байден Америка өз әскерін әкететінін мәлімдегеннен кейін Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Твиттерде "Ауғанстанның қауіпсіздік және қорғаныс күштері өз халқы мен мемлекетін толықтай қорғай алады, осы күнге дейін қорғап келді де" деп жазды.

Байден Ауғанстанның АҚШ-қа қарсы террорлық шабуыл базасына айналмауы үшін Вашинтонның террорға қарсы іс-қимылды қашықтан жалғастыра беретінін айтты.

Ақ үй басшысының сөзінше, Ауғанстанның үкімет күштері қатарында 300 мыңнан астам әскери қызметкер бар, олардың көбі кейінгі жиырма жылда АҚШ пен НАТО дайындығынан өткен.

Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі арнайы бас инспектордың (SIGAR) мәліметінше, ауған әскери күштері сапында Ауғанстан қорғаныс министрлігінің 187 мың сарбазы және ішкі істер министрлігіне қарасты жартылай әскери полиция құрылымындағы 118 мың қызметкер бар.

Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Қарзай (сол жақтан екінші отырған) бейбітшілік жөніндегі халықаралық конференцияға келген "Талибан" делегациясы мүшелеріне қарап отыр. Мәскеу, Ресей, 18 наурыз 2021 жыл.
Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Қарзай (сол жақтан екінші отырған) бейбітшілік жөніндегі халықаралық конференцияға келген "Талибан" делегациясы мүшелеріне қарап отыр. Мәскеу, Ресей, 18 наурыз 2021 жыл.

АҚШ ауған үкіметінің әскери мүмкіндігін нығайту үшін көп жыл бойы әскери техникамен көмектесіп келеді.

Ауғанстан қорғаныс министрінің орынбасары Шах Махмудтың айтуынша, 2020 жылдың соңына қарай Кабулдағы үкімет Вашингтоннан жарақтандырылған 1383 Humvee, 55 Mobile Strike Force көліктерін, әуеден қолдау көрсететін 10 Black Hawk тікұшағы мен A-29 шабуыл ұшағының төртеуін алған.

– Ауғанстан қауіпсіздік күштерін сақтап қалу мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды, – дейді Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша біріккен жасақты басқаратын америкалық генерал-лейтенант Джон Дидрик.

"ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҒАНА ЖАҚСЫ КӨРІНЕДІ"

АҚШ-тың Ауғанстанның солтүстігіндегі арнайы күштерінің бұрынғы кеңесшісі, қауіпсіздік бойынша сарапшы Тед Каллахан "әдетте қағаз жүзіндегі мен іс жүзіндегі нәрсенің айырмашылығы зор болатынын" айтады.

– Майдан даласындағы сарбаздарға не тиетіні маңызды. Әдетте ауған қауіпсіздік күштері бірдеңе жазғанда бәрін жақсы деп сипаттайды. Солай болып көрінеді. Орнында болуы тиістің бәрі сонда бардай. Бірақ барып тексерсең ештеңе жоқ болып шығады. Орнында жоқ. Бірі сынған. Енді бірінің бөлшектері жоқ боп шығады, – дейді Каллахан Азаттыққа.

Оның айтуынша, шынайы жағдай басқаша болып шығады, "құрал-жабдық мұнда жеткізілген болар, бірақ қазір олар қайда? Қазіргі жай-күйі қандай? Оны кім басқара алады? Жабдықтар сақталатын қойманың кілті кімде? Оны басқа біреулерге, бәлкім тіпті "Талибанға" кім сатып жіберді?" деген сұрақтар туындайды.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани парламентте сөйлеп тұр. Кабул, Ауғанстан, 6 наурыз 2021 жыл.
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани парламентте сөйлеп тұр. Кабул, Ауғанстан, 6 наурыз 2021 жыл.

Каллахан ауған күштерінің қуаты "Талибанға" тойтарыс беруге жеткілікті деп саналғанымен, "бұған дейінгі тәжірибе олардың шамасы жетпейтінін" көрсеткенін айтады. "Кез келген өлшеммен алғанда ауған күштерінің әскери мүмкіндігі авиация, атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ жағынан да, артиллерия мен адам күші жағынан да тәліптерден асып түседі" дейді Каллахан.

Бірақ оның айтуынша, "тарих көрсеткендей, [үкімет күштеріне] тәліптердегідей ерік-жігер, өз ісіне берілу және тәртіп жағы жетіспейді. Осы бір фактор тәліптерге ауған қауіпсіздік күштерінің алдында басымдық беріп тұр".

Ауған үкіметінің тағы бір көкейкесті проблемасы – күшінің сарқылуы. Бұл мәселе үкіметті НАТО мен АҚШ құрған халықаралық коалицияның Кабулдағы билікті қолдайтын күштерді нығайтуға талпынған алғашқы сәттен бастап мазалап келеді.

SIGAR кейінгі тоқсандағы есебінде Ауғанстан қорғаныс министрлігі қызметкерлерінің жалақысы өскеніне қарамастан, айына 2 пайызға жуығы жұмыстан кететіні жазылған. Ал ішкі істер министрлігінде – 4 пайызға жуық.

Ауған сарбаздарына жалақы төлеудегі қиындықтарға қоса АҚШ әскерін елден әкететініне байланысты моральдық рухтың түсуі ауған күштерінің қатарын бұрынғыдан да азайта түсе ме деген алаңдаушылық туғызып отыр.

Ауған үкіметінің бұрынғы кеңесшісі Торек Фархадидің айтуынша, Кабул "жалақы мен қару-жарақ бойынша толығымен АҚШ-тың қаржылай қолдауына тәуелді".

– АҚШ ауған әскеріне белгілі бір уақыт бойы шамалы болса да [қаржылай] қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Ауғанстан әскери әуе күштері ұшаққа техникалық қызмет көрсету жағынан мердігер қолдауына көбірек тәуелді. АҚШ-тың бұл қолдауы болашақта да қажет болады, – дейді Фархади Азаттыққа.

Фархадидің сөзінше, Вашингтонның Ауғанстан үкіметін "Талибанмен" бейбітшілік келісімін жасауға көндіруге тырысуы әскерді [Ауғанстандағы] "Ислам мемлекеті" және сол тәрізді басқа да шетелдік террор топтармен күресуге икемді ете түседі.

Бірақ Қатарда былтырғы қыркүйектен бері Кабул мен "Талибан" арасында өтіп жатқан бейбітшілік келіссөзі тығырыққа тірелуі, оған қоса, қарулы шабуылдардың жиілеуі бейбітшілік келісімінің болашағына деген күмән туғызды.

Ауғанстан ұлттық армиясы сарбаздары. 17 қараша 2019 жыл.
Ауғанстан ұлттық армиясы сарбаздары. 17 қараша 2019 жыл.

ТҰРАҚТЫ ДАМУ ЖӘНЕ ЛОГИСТИКА

Каллаханның пікірінше, ауған әскерінің ең әлсіз тұсы – Кабул мен тәліптер арасында бейбітшілік келісім жасалғанға дейін өзін-өзі қамтамасыз ету қабілетіне байланысты болып отыр.

– Ауған күштерінде ұшақ өте аз және оларды жарамды күйде ұстауға мүмкіндігі жоқ десе де болады, әсіресе АҚШ-тың ауғандардағы [советтік] Ми-17 тікұшағын Black Hawk тікұшақтарымен алмастырғанын ескерсек, – дейді ол.

– Егер АҚШ Ауғанстандағы тікұшақтарға техникалық қызмет көрсету, маман дайындау және басқа да көмекті тоқтатса, олардың бәрі бір жылдың ішінде ұша алмай қалатын еді. Олар аса үлкен проблемаға кезікті, – дейді Каллахан.

Ол нашар материалды-техникалық база мен жемқорлық өмірлік маңызы бар "құрал-жабдықтарды тиісті жерге жеткізуге" кедергі келтіретінін де айты.

Каллахан "Талибан" ауған күштерінің осы әлсіздігін пайдаланып, 2021 жылдың көктемінде тағы шабуыл жасайды деп болжап отыр. Ол "Талибан" күштері "бұрын қоршауға алған кей аймақтардың орталығын, мысалы Тарин Коут [Урузган уәлаяты], бәлкім Гильменд, солтүстік-шығыстағы фаворит – Құндыз секілді қалаларды басып алуға барын салады" деп есептейді.

– Бадахшандағы соғысты көрдік. Бұл олардың Құндызға шабуыл жасамас бұрын операцияны жоспарлайтынын көрсетеді, – дейді Каллахан.

Оның пікірінше, тәліптер "алдымен ұрыстағы әлсіз тұстарды анықтап алады. Бірақ ауған әскері үшін ең қиыны – оқ-дәрі мен адамдарды тасымалдау, оларды ұрыс аймағына жеткізу".

Resolute Support (RS) ауған армиясына тапсырған A-29 Super Tucano ұшақтары. Кабулдағы әскери әуежай. 17 қыркүйек 2020 жыл.
Resolute Support (RS) ауған армиясына тапсырған A-29 Super Tucano ұшақтары. Кабулдағы әскери әуежай. 17 қыркүйек 2020 жыл.

"АУЫЗБІРШІЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ"

Тағы бір проблема – ауған әскери бөлімдерінің арасында тактика жағынан ауызбіршілік жоқ.

Ішкі істер министрлігіне қарасты әскери полицейлер саны кейінгі жылда 118 мың адамға жеткен. Бұған жергілікті полиция бөлімшелерінің таратылып, министрлікке берілуі әсер етті.

Қорғаныс министрлігіне Ауғанстан арнайы қауіпсіздік күштері, ұлттық армияның аймақтағы күштері және әскери әуе күштер кіреді.

АҚШ-тың әуе диспетчерлері мен әуе байланыс платформасы Ауғанстанның әскери әуе күштеріне, тәліптерге қарсы соғысып жатқан құрлықтағы әскерге де әуеден қолдау көрсетеді. Яғни, АҚШ пен НАТО әскері елден шығарылғаннан кейін, құрлықтағы әскер мен әуе күштері жұмысын реттеу қиындай түседі.

Ауған күштері жеке құрамының нақты санын Кабул билігі жүйелейді.

Бірақ Ауғанстан арнайы күштері шамамен 20-30 мың адамнан тұрады деген болжам бар. Оған арнайы миссия бөлімшесі, полицияның бас қолбасшылық мүшесі және т.б. кіреді.

"Бірнеше арнайы жасақ бар және олардың басқару құрылымы мен басқармасы әртүрлі. Олардың бәрі [қорғаныс] министрлігіне қарамайды. Кейбірі [ішкі істер] министрлігіне кіреді" деп түсіндіреді Каллахан.

– Ең үлкені – коммандос. Бұл ең қабілетті, көбіне қала болсын, ауыл болсын, [Талибан] басып алған аудандарға шабуылға жіберілетін бөлім. Оларды жиі пайдаланады, – дейді ол.

Каллаханның айтуынша, коммандос "ұстап тұрушы немесе жеңіл жауға жіберілетін әскер күші болмауы керек. Олар апталап далада немесе бақылау бекеттерінде отырмауы керек. Бірақ көбіне олар осы міндеттерге жұмылдырылады".

SIGAR мәліметінше, бір жылдан астам уақыт бойы ауған арнайы күштері Кабулды және аймақтар орталығын тәліптерден қорғап, қорғаныс позициясымен шектелді.

Ал бұл уақытта "Талибан" күштері ауылды жердегі бақылау бекеттерін жаулап, өзіне қарайтын аумақты кеңейтіп алды. Бұл тәліптерге аймақ орталықтарын қоршап алуға мүмкіндік береді.

Ауған билігінің аймақтардағы күштерінің саны арнайы қауіпсіздік күштерінен көп. Аумақтық күштер қауіпсіздікті зомбылықсыз қамтамасыз етуге үйренген.

"Ауған ұлттық әскерінің ірі гарнизондарға топтасу тенденциясы да – проблема" дейді Каллахан. "Оның қорғаныс ұстанымы бар және қорғаныс менталитеті қалыптасқан. Сондықтан олар көбіне "Талибанға" қарсы шабуыл жасамайды".

"Бірақ коммандос Құндыз сияқты қалаға кіріп, оны тәліптерден азат етпек болғанда, оларды алмастыратын адам керек. Олардың тынығып, қайта қаруланып, күш жинап, басқа миссияға баруы үшін" дейді ол.

"Олар Құндыз сияқты басып алынған қалаларда ұзаққа қалады. Апталап өткізу бекеттерін бақылайды. Тәліптердің қайтып келіп, жерді алып алмауы үшін сол маңдағы жерлерде ұсақ операциялар жасайды... бұл міндеттердің дұрыс бөлінбеуіне алып келеді. Кейінгі он жылда көргеніміздей бәрін бір ғана жасақ істейді. Бұл оны әлсіретеді және қабілетін төмендетеді" дейді Каллахан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG