Accessibility links

Орталық Азияда радикал идеологиямен қалай күресуге болады? Сарапшы пікірі


Қазақстандықтарды Таяу Шығыстан елге қайтаруға арналған "Жусан" операциясы туралы ресми видеодан скриншот.
Қазақстандықтарды Таяу Шығыстан елге қайтаруға арналған "Жусан" операциясы туралы ресми видеодан скриншот.

Қазақстан жақында Сириядан тағы 12 азаматын елге қайтарды. 2019 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан репатриация шарасы қоғамда екіұшты реакция туғызды. Экстремистік топтарға қосылған азаматтарды соғыс аймағынан қайтарған дұрыс па? Бұл адамдар болашақта қоғамға қауіп төндірмей ме? Азаттық бұл сұрақтарды қауіпсіздік және дін мәселесі жөніндегі сарапшы Икбалжан Мирсайитовке қойды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Сириядан тағы 12 адамның елге жеткізілгенін хабарлады. Ресми дерекке сәйкес, бұл шара Таяу Шығыстағы соғыс аймағында жүрген азаматтарды елге қайтаруға арналған "Жусан" операциясы аясында жүргізілген.

Қазақстан – 2011-2012 жылдары өзін "Ислам мемлекеті" деп атаған экстремистік топтың қатарына қосылу үшін өз еркімен Таяу Шығысқа кеткен азаматтарын елге қайтару үшін көлемді операция жүргізуді қолға алған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. "Жусан" операциясы шетелде кең қолдауға ие болғанымен, ел ішінде бұл бастаманы қолдайтындар аз болды. Қоғамда радикал көзқарастағы азаматтарды елге әкелу ішкі қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін деген пікір айтылды.

Сарапшы Икбалжан Мирсайитов 1990 жылдардан бері Орталық Азия елдеріндегі радикализация мәселесін зерттеумен айналысады. Сарапшы Азаттыққа берген сұхбатында азаматтарды соғыс аймағынан қайтару немесе оларды сонда қалдырудың қаупі, Орталық Азиядағы қазіргі ахуал және экстремистердің үгіт-насихат жүргізудегі жаңа әдістері туралы айтып берді.

"Жусан" операциясы

Ресми дерек бойынша, Қазақстан арнаулы қызметінің Сирия мен Ирактағы соғыс аймағында жүрген қазақстандықтарды елге қайтаруға арналған "Жусан" операциясы 2019 жылдың басында қолға алынған. 2020 жылғы ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті "операцияның барлық кезеңі" аяқталғанын ресми түрде хабарлап, елге жиынтығы 595 адам, оның ішінде 406 бала қайтарылғанын мәлімдеді.

Қазақстанға оралған ондаған адам (оның ішінде әйелдер де бар) "террор топқа қосылғаны", "Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығысқа қатысқаны", "терроризмді насихаттап, қаржыландырғаны үшін" түрме жазасына кесілген.

2019 жылғы қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирияда әлі де Қазақстанның 90 азаматы барын, олардың 15-і түрмеде отырғанын мәлімдеген. ҰҚК Сирия аумағында қанша қазақстандық бала қалғаны туралы қолында дерек жоғын айтады.

ҚАЙТАРУ КЕРЕК ПЕ, ЖОҚ ПА?

Азаттық: Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстан сияқты елдер Сирия мен Ирактағы азаматтарын елге қайтарды. Әлемдегі басқа мемлекеттер мұндай қадамға барған жоқ. Репатриация саясаты туралы не ойлайсыз? Бұл саясатты жалғастыру керек пе?

Қауіпсіздік және дін мәселесі жөніндегі сарапшы Икбалжан Мирсайитов.
Қауіпсіздік және дін мәселесі жөніндегі сарапшы Икбалжан Мирсайитов.

Икбалжан Мирсайитов: Еуропаның көп мемлекетінен Сирия мен Иракқа кеткен азаматтардың басым көпшілігі Еуропада бағзы заманнан бері тұрып жатқан ұлттардың өкілдері емес, бірінші, екінші толқындағы мигранттар. Сондықтан бұл елдердің соғыс аймағында жүрген азаматтарын неге қайтарғысы келмейтіні түсінікті. Ал Орталық Азияға келсек, мұнда байырғы ұлт өкілдері туралы айтып отырмыз. Әйелдер мен балаларға елге оралуға көмектеспесек, олар деструктивті күштердің қолындағы құралға айналуы мүмкін. Олардың әйелдер мен балаларды жанкешті ретінде қолданбасына кім кепіл?

Оның үстіне, осында туған бала Сирияға кетсе де, түбінде туған жеріне оралғысы келіп тұрады. Бірақ оның кім болып оралары белгісіз. Қоғамның қалған бөлігіне бұл адамдардың қателескенін, мұндай қателікті қайталамау керегін, күдікті контент пен идеологияға еруге болмайтынын көрсету керек. Сондықтан азаматтарды елге қайтару мәселесін міндетті түрде шешкен дұрыс. Бірақ бұл үшін мемлекеттік құрылымдар, қоғам мен ақпараттық кеңістікті дайындап, бұл адамдарды қаһарман да, қатыгез де етіп көрсетпеудің амалын табу қажет. Бұл өте қиын әрі оған көп қаржы кетеді. Сондықтан көп мемлекет мұндай қадамның қажеті жоқ деп ойлайды.

Азаттық: Азаматтарын елге қайтарған мемлекеттерде "бұл адамдар "уақытынан кеш жарылатын мина сияқты" болашақта қауіп төндіруі мүмкін" деген алаңдаушылық бар. Мұндай пікір көбіне террор топқа мүше болып, адамдарды үгіттеуге қатысқаны үшін елге оралған бойда түрмеге жабылған азаматтар жайлы айтылады. Осындай алаңдаушылыққа негіз бар деп ойлайсыз ба? Қандай да бір қауіп бар ма?

Икбалжан Мирсайитов: Қоғамның неге алаңдайтынын түсінемін. "Қалыпты өмірге қайтару қиын, олар соғысты, қантөгіс пен зорлық-зомбылықты көрді. Санасына фанатизмге толы идеялар сіңіп қалған, тағы шақырса қайтадан соғысқа кетеді" деген пікір қалыптасқан. Осындай да қауіп бар. Бірақ бұл адамдардың бәрі бірдей қауіпті емес. Әр адамға жеке қарап, іс материалдарын зерттеп көру керек. Әркімнің мотивациясы мен істеген әрекеті туралы қорытындысы әртүрлі. Адамға идеология қалай әсер етсе, ол өз қатесін түсінуге сондай деңгейде дайын болады. Осындай параметрлерге қарау қажет. Басындағы идеядан ешқашан бас тартпайтын, санасына фанатизм сіңіп қалған адамдар болады. Олар қарапайым, бейбіт өмірге ешқашан орала алмайды. Сондай-ақ бейбіт өмірді қалайтын, өз қатесін түсінген адамдар да бар. Міне, осындай азаматтармен жұмыс істеуге тиіспіз.

ЕЛГЕ ОРАЛҒАН АДАМДАР ҚАУІПТІ МЕ?

Азаттық: Әскери қақтығыс аймағынан оралған әйелдер мен балаларды көрген сұмдығынан кейін қоғамға қайта бейімдеу мүмкін бе?

Икбалжан Мирсайитов: Соғыстың ортасында болған баланы елестетіп көріңізші (басқаша "жихад балалары" деп атайды): олар зорлық-зомбылықты көрген, қолына қару ұстағандары да бар. Осындай бала туған жеріне оралып, мектепке барады. Бұл жерде мұғаліммен де, [басқа] оқушылардың ата-аналарымен де жұмыс істеу керек. Бұл көп еңбекті қажет етеді. Жақында маған бір журналист баласын бұрынғы террористің немесе экстремистің баласымен бірге оқытуға қарсы екенін, өйткені қорқатынын айтты. Оның қауіптенетін жөні бар. Бірақ оқшаулау радикализацияны одан әрі күшейтеді, керісінше, оларды оқшауламай, жалғыз қалдырмау керек. Бұл елге оралған әйелдерге де қатысты. Әйелдің бетіне қарап, оның өкінгенін не әлі де райынан қайтпағанын бірден түсінуге болады. Оның алдау мен манипуляцияның көмегімен еркінен тыс кеткені не қақтығыс аймағына бару идеясын өзі қолдағаны бірден көрініп тұрады. Өте қиын, бірақ жұмыс істеу керек.

Азаттық: Елге өз еркімен оралған азаматтардың сөзіне қарағанда қақтығыс аймақтарында қалған жесір әйелдердің арасында туған жеріне оралғысы келмейтіндер де бар көрінеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Икбалжан Мирсайитов: Одан да сорақысын айтайын: елге оралғысы келгендерге ұрсып, оларды "қақпанға түсесің, түрмеге отырасың" деп қорқытып, "қамауда отырғаннан осында [Таяу Шығыста] қалғаның жақсы" деп үгіттейтін әйелдер де бар. Елден кетіп, туған жерінде жасаған қылмысы көп болғандықтан оралғысы келмейтін бірнеше әйелді білемін. Олар адамдарды үгіттеп, жастар арасында насихат жүргізіп, қыздарды тұрмысқа берген (соның кесірінен көп отбасының шаңырағы шайқалды). Бұл әйелдердің күйеулері террорист болған, олар қайда бара жатқанын жақсы білген. Олар өздерін туған жерде ешкім құшақ жая қарсы алмайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан басқаларды да елге қайтпауға үгіттейді. Ешқандай қылмысқа қатыспаған әйел үйіне оралғысы келмейді дегенге сенбеймін. [Туған жерінде] күйеуі мен балаларын тастап, соғыс аймағына кетіп, сол жақта бірнеше рет тұрмысқа шығып, балалы болған әйелдер де бар. Ондай әйелдер туған жеріне оралып қайтеді? Әрине, оралмайды. Кей әйелдерден ата-анасы бас тартып, "бізге ондай қыз керек емес" деген.

Қазақстанға Сирия мен Ирактан оралған жас келіншектер Қарағандыдағы бейімдеу орталығында отыр.
Қазақстанға Сирия мен Ирактан оралған жас келіншектер Қарағандыдағы бейімдеу орталығында отыр.

Азаттық: "Терроризм", "экстремизм" баптары бойынша жауапқа тартылған адамдарды азаматтығынан айырып, олардың банктегі есепшотын бұғаттап, қаржы операцияларын жүзеге асыруға тыйым салу керек деп ойлайсыз ба? Мұның кері салдары болмай ма?

Икбалжан Мирсайитов: Адамды бәрінен айырса, бұл тағы да радикалдануға әкеп соғуы мүмкін. Әрине, оны есепке алу керек. Бірақ азаматтығынан айыру дұрыс емес деп ойлаймын. Басқа әдісін табу керек. Зерттеулерге қарасақ, Орталық Азияның кей мемлекеттерінде әскери қақтығыс аймағына кеткен адамдардың бұрын қылмысқа қатысы болғанын байқаймыз. Бірақ әділетсіздік көргеніне назаланып кеткендер де бар. Сондықтан азаматтықтан айырудан басқа, барынша жұмсақ әдіс керек. Соғыс аймағынан оралған адамдардың есепшотын бұғаттау да тым асыра сілтеу деп есептеймін. Сонда олар қай ақшаға өмір сүреді? Оңалтудан өтіп, қалыпты өмірге оралған адамға мемлекет көмектесіп, тым құрығанда, жұмысқа орналастыруы керек. Әрине, мұндай азаматтардың қаржы аударымын қадағалаған жөн. Кез келген мемлекетте қаржыландыруды тоқтату және бақылау мүмкіндіктері болуы керек; барлық қаржы институттары мен банктер кімге, кім арқылы және не үшін ақша аударылғанын біліп отыруы тиіс. Оның үстіне, сөзбен емес, іспен көмектесетін, аяушылық танытып, заттар сатып әперетін адамдар да бар – мұны да тоқтату керек.

Таяу Шығыстан Қазақстанға жеткізілгеннен кейін террор қылмысын жасаған деген айыппен жауапқа тартылған азаматтардың сот процесі. Нұр-Сұлтан, 11 желтоқсан 2019 жыл.
Таяу Шығыстан Қазақстанға жеткізілгеннен кейін террор қылмысын жасаған деген айыппен жауапқа тартылған азаматтардың сот процесі. Нұр-Сұлтан, 11 желтоқсан 2019 жыл.

Барлық елде ұлттық банктер мен қаржы барлауы қызметі қаржыландыруға тыйым салынған сенімсіз адамдардың тізімін дайындайды. Өкінішке қарай, мұндай тізімге сотталған және күдікті азаматтардың отбасы мүшелері де ілігеді. Бұл жерде мұның көп адамға теріс әсері барын, отбасылардың кедейлік зардабын тартатынын ескеру керек. Баланың кінәсі жоқ, ол ата-анасының әрекетіне жауап бермейді. Бірақ террористің (экстремистің, сотталған адамның) баласы немесе отбасы деген аттың өзінің тигізер кесірі көп. Бұл да тағы бірнеше адамның радикалдануына жол ашады. Тыйым салынған ұйымдарға мүше болған азаматтардың әйелі немесе ата-анасын полиция есепке алып, қоғам қысым көрсеткеннен кейін тұрғылықты мекенжайын ауыстыруға мәжбүр болған кездер де тіркелген. Яғни, биліктің әрекетінен оларға жылы орнын тастап, көшуге тура келген.

ТАЯУ ШЫҒЫСТА ҚАЛҒАНДАР ҚАНДАЙ ҚАУІП ТУҒЫЗУЫ МҮМКІН?

Азаттық: "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы белсенді болған жылдары Орталық Азиядан, оның ішінде Қазақстаннан Таяу Шығысқа кеткен азаматтардың қаншасы әлі күнге қақтығыс аймағында жүр? Мұны мәселе деп атауға бола ма?

Икбалжан Мирсайитов: Қаншасы кетсе, солардың бәрі сонда қалды. Өте қиын сұрақ, қазір олардың нақты санын ешкім дөп басып айта алмайды. Ресми есепке алынған адамдар бар. Кей азаматтар әлі күнге есепте жоқ. Өйткені не мемлекет, не туыстары олардың қайда жүргенін білмейді. Оның үстіне, көп адам оқу, жұмыс, бизнес не басқа себептермен шетелде жүріп, сол жақтан кеткен. Сондықтан нақты дерек жоқ.

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан билігінен [қазір] негізінен күйеуі соғыста қайтыс болған әйелдер мен балалар көмек сұрап отыр. Тыйым салынған ұйым қатарында соғысқа қатысқандар байланысқа шығып жатқан жоқ. Білуімше, мұндай адамдардың бір бөлігі Ирак түрмесінде отыр.

Қазақстаннан Сирияға кеткен қазақтар туралы YouTube-те жарияланған видеодан скриншот. 21 қазан 2013 жыл.
Қазақстаннан Сирияға кеткен қазақтар туралы YouTube-те жарияланған видеодан скриншот. 21 қазан 2013 жыл.

Қалған адамдар қауіп төндіруі мүмкін бе? Бұл мәселені оларды тыйым салынған ұйым қатарына қосылуға кім үгіттеген және қақтығыс аймағында оларға қандай міндеттер жүктелген деген сұрақтар арқылы жан-жақты зерттеу керек. Бұл адамдар күреске үндейтін такфиризм (радикал ережелерді ұстанатын исламистік ағым – ред.) мен Сирия және Шам жерін (Таяу Шығыстағы өңірді білдіретін термин – ред.) "кәпірлерден" босатуға шақыратын идеологияны жақтайды. Мұнда тағы бір нәзік мәселе бар: олар интернет арқылы туған жерінде қалған туыстары, жерлестері және таныстарымен хабарласып тұрады. Осының өзі – қауіп.

Аталған идеологияны жақтайтын адамдардың қатары азаймай тұр. Қазір идеологияға қарсы тұрудың амалы мен стратегиясын, мамандар мен арнайы контент дайындау әдісін табу керек. Бұл өте ауыр әрі ұзақ процесс. Тек күшке сүйеніп шешуге болмайды. Такфиризм идеологиясы – адамдарды әртүрлі әрекетке итермелеуге арналған жоба. Өкінішке қарай, оның көмегімен кез келген саяси режимді орнатуға не орнынан алып тастауға болады. Бұл идеология 1996 жылдан бері бар. 1990 жылдардан бері мониторинг жүргізіп келемін, осы жылдар ішінде идеология кеңінен тарала бастады.

ЭКСТРЕМИСТЕРДІҢ ӘДІСІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Азаттық: Сіз осыған дейін қазір экстремистік топтардың басқаша әрекет ететінін, Сирияға не Иракқа соғысқа шақырмай, үгіт-насихат нысанына ілінген адамның туған елінде радикализмге жол ашып, биліктің саясатына қарсы шығуға үндейтінін айтқан едіңіз. Бұл қалай жүзеге асады? Экстремистердің әдісін өзгертуіне не себеп? Олар қандай мақсатты көздеп отыр?

Икбалжан Мирсайитов: Шынында қазір Сирияға не Иракқа баруға, "Шам жерлерін босатуға" шақырмайды. Оның орнына "әскери қимылға дайындалыңдар, өз елдеріңде әрекет қылыңдар" деген сыңайдағы басқа үндеу бар. Экстремистер әдісінің өзгеруіне Сириядағы әскери іс-қимылда опық жеуі, терроршы топтардың жеңіліске ұшырауы, жаппай бомбалау әсер етті. Оның үстіне, пандемия кезінде Сирияға кету мүмкін емес. Бұрынғыдай әскери қимылдар да жоқ.

Бірақ! Менің үлкен күдігім бар. Әрине, кесіп айта алмаймын, бірақ белгілі бір саяси топтар Таулы Қарабақтағы кикілжің кезінде Сирия мен Ирактағы жауынгерлерді пайдаланған деген ақпарат бар. Яғни, бұл азаматтар әлемнің кез келген нүктесінде пайдалануға болатын жалдамалы жауынгерге айналып бара жатыр. [Экстремистистерге] өздеріне бүйрегі бұратын жігіттерді солардың өз елінде "сақтап ұстаған" тиімдірек. Іс-қимыл алаңы да басқа бағытқа қарай ойысып барады. Террористік ұйымдардың кей басшылары Covid-19 вирусын "кәпірлердің" көзін жойып жатқан "жауынгер, Алланың мұджахиді" деп атап жүр. Осындай жайттар да болып жатыр. Менің бір қорқатыным, пандемия биотерроризм мәселесін ашып көрсетті, Еуропа одағы сарапшылары да осыдан қауіптеніп отыр. Сондықтан биотерроризмнің алдын-алу мақсатында өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Біз әуежай, теңіз порты, әуедегі және жердегі әскери техника, шекара сияқты бүкіл қауіпсіздік жүйесін қайта қарап шығуға тиіспіз.

Азаттық: Қазір адамдарды қалай үгіттейді, жанды жеріне қалай тиеді? Радикалдардың құрығына көбіне кімдер ілігеді? Радикалдануға не себеп болады?

Икбалжан Мирсайитов: Басында сарапшылардың дені көбіне діни ілімі төмен, сауаты аз, әлеуметтік жағдайы нашар адамдар үгіт-насихатқа тез еріп кетеді деп ойлады. Шын мәнінде бәрі басқаша болып шықты. Біздің зерттеулеріміз мен мониторинг нәтижесі әртүрлі жастағы, халықтың әртүрлі тобынан шыққан адамдар: байлар да, маргинал топ өкілдері де радикалдар құрығына ілігуі мүмкін екенін көрсетті. Әр адамға бөлек әдіс қолданылады.

Үгіт-насихат жұмыстары сыныптастар, туыстар мен жерлестер арасында, кәсіби ұжымда не дін қайраткерлерінің ортасында жүреді. Әлеуметтік желідегі үгіт-насихат бірнеше кезеңнен тұрады: топ құрылып, басында еркін атмосфера қалыптасып, діни және саяси тақырыптарда әңгіме өрбиді. Оқытушының не "интернет-имамның" сөзімен келіспейтін адамдар біртіндеп шығып кетеді. Қалған адамдар жабық топқа қосылып, сол жақта әртүрлі бейнеролик, үгіт-насихат материалдары көрсетіледі. Мысалы, Сирияда қақтығыс аймағында жүрген адамдарды қаһарман етіп көрсетуге тырысады. Бұл [үгіт-насихат нысанына айналған] адамның санасында өзінің майданда жүргені туралы, жаңа "әділ" құрылым пайда болғаны жөнінде жаңа образ қалыптастырады. Кейін осы дүниелерге дайын адам өзін алып кетуді, жол көрсетуді сұрайды.

Үгіт-насихат орталықтары әлемнің түпкір-түпкірінде орналасқан, байланыс жолы да әртүрлі. Сондықтан үгіт-насихатты кім және қайдан жүргізіп отырғанын анықтау үшін көп қаржы керек. Үгіт-насихат жүргізетін адам Еуропада отырып, Қазақстан азаматымен сөйлесуі мүмкін. Бұл жерде мемлекеттер арнайы халықаралық келісімдер жасасып, жедел дерек алмасуы керек. Бұрын да осы ұсынысты айтқанмын, тағы да қайталаймын: Орталық Азия елдерінің күш құрылымдары үгіт-насихат жүргізумен айналысатын адамдарды табу үшін киберкеңістікте күш біріктіруі керек. Бұл жүйені үгіт-насихат жүргізетін адам құрмайды. Оны ақшаға белгілі бір топ жасайды. Біздің құқық қорғау органдарымыз қазір жекелеген адамдарға қарсы жұмыс істеп, үгіт-насихат нысанына айналған адамдарды, жалдамалы жауынгерлерді ұстайды. Шын мәнінде контент пен үгіт-насихат әдістерін дайындайтын, кіммен және қалай сөйлесу керегін үйрететін, әдістеменің мазмұнын ұсынатын адамдарды іздеу керек.

РАДИКАЛДАНУМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСУ КЕРЕК?

Азаттық: Қазір Орталық Азияда радикалдану қаншалықты көкейкесті тақырып? Қай елдерде терроризм/экстремизм насихаты мен адамдарды үгіттеу азайып немесе керісінше, күшейіп келе жатыр? Бұл немен байланысты болуы мүмкін?

Икбалжан Мирсайитов: Радикализация қай жерде көкейкесті мәселе болып отырғанын нақты айту қиын. Бірақ кез келген елдегі халық тығыз қоныстанған және қазір экономикасы құлдырап жатқан аудандарда радикализация деңгейі жоғары деп айта аламын. Ондай жерде қылмыс пен кикілжің көп кездеседі, осының өзі радикализация деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

[Жалпы алғанда] радикализация деңгейі төмендеген жоқ. Көп факті мен мониторинг қорытындылары Сирияда әскери қимылдарға қатысқан (қазір басқа елде болуы да мүмкін) командирлердің ресми билікке қарсы айтқан сөздері радикализацияға дем беріп отырғанын дәлелдейді. Олар өңірдің ресми имамдарын талқылауға әдейі қосып, билік пен имамдардың әрекетін сынай бастайды. Радикалды пікір айтатын "діни білімі жоқ радикалдар" да пайда болды.

Радикализм жойылып кеткен жоқ, оның форматы мен ішкі құрылымы ғана өзгерді. Пандемия басқа мәселе туғызды: адамдардың табыс табу мүмкіндігі азайды. Бұл да радикализация деңгейіне әсер етті.

Азаттық: Дерадикализацияны қалай жүргізу керек деп ойлайсыз?

Икбалжан Мирсайитов: Біріншіден, мектеп қабырғасынан бастап алдын-алу шараларын қолға алып, сыни ойлау, конфликтология пәндерін енгізу керек. Қазіргі балалардың қызығушылығы бөлек. Екіншіден, біз бір нәрседен қателестік: бұл тақырыпты білмейтін, білгісі де келмейтін әртүрлі әлеуметтік топтарға экстремизм мен терроризм туралы айта бастадық. Яғни, тыйым салынған жеміске жарнама жасадық. Әсіресе, жастар арасында. Оның үстіне, бұл құбылысты аз зерттедік. Біз өрт сөндірушілер сияқты мәселенің алдын-алуға емес, оның салдарымен күресуге ғана жұмыс істейміз.

Азаттық: Азаматтардың экстремистік топтарды қолдап, әскери іс-қимылға қатысу үшін соғыс аймақтарына жаппай кетуі қайталануы мүмкін бе?

Икбалжан Мирсайитов: Жаппай кету қайталанбайтын шығар. Бірақ әлемнің кез келген нүктесінде кикілжің тууы мүмкін. Өйткені күреске үндейтін такфиризм жобасы әлі де бар, ол үгіт-насихат кезінде қолдануға ыңғайлы құрал. Мұндай сипаттағы үндеулерге қосылып, еретін адамдар бар екені жасырын емес. Өйткені [барлық кезде] осы идеологияның ықпалына түсетін аз қорғалған топтар болады.

Күреске үндейтін такфиризм идеологиясына негізделген үгіт-насихат тарихына көз жүгіртсек, оның 1990 жылдары басталып, Ауғанстан жеріне ойысқанын білеміз. Сол кезде Ферғана жазығында тұратын Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары үгіт-насихатқа еріп, сол жаққа кетті. Жастарға арналған басқа үндеулер пайда болған кезде, Сирия мәселесі шықты. Ал идеологияның негізі сақталып қалды, оны ешкім "бомбалаған жоқ".

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG