Accessibility links

Әзербайжан ұшақ апаты құрбандарын аза тұтып жатыр. Баку әуежайы, 26 желтоқсан, 2024 жыл.
Әзербайжан ұшақ апаты құрбандарын аза тұтып жатыр. Баку әуежайы, 26 желтоқсан, 2024 жыл.

Ақтаудағы ұшақ апатына Ресей әуе қорғаныс жүйесінің қатысы бар деген болжам айтылды

Ақтау маңына құлаған Әзербайжан әуе компаниясының ұшағында болған 67 адамның 38-і қаза тапты. Олардың арасында Қазақстанның алты азаматы бар. Аман қалған 29 адам ауруханаға түскен.

16:11 26.12.2024

Кремль Ақтаудағы ұшақ апаты жөнінде "гипотеза құрмайтынын" айтты

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Астана, 27 қараша, 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Астана, 27 қараша, 2024 жыл.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль Azerbaijan Arilines компаниясы жолаушы ұшағының Қазақстанда апатқа ұшырауын тергеу ісі аяқталғанша, оның себебі жөнінде гипотеза құрмайтынын мәлімдеді. Бұл ақпаратты 26 желтоқсанда "Интерфакс" агенттігі хабарлады.

"Тергеу қорытындысы шыққанға дейін қандай да бір гипотеза құрған дұрыс болмайды. Біз, әрине, олай істемейміз, және ешкім де олай істемеуі керек. Тергеудің аяқталғанын күткен жөн", – деген Песков бейсенбі күні Мәскеуде өткен брифингте.

25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңына Azerbaijan Arilines компаниясының жолаушы ұшағы құлап, ұшақта болған 67 адамның 38-і қаза тауып, 29 тірі қалған. Тірі қалғандар Ақтаудағы ауруханаға жатқызылған.

Апат орнынан түсірілген фото/видеоларда ұшақтың құйрық жағында диаметрі әртүрлі көп тесік бары анық байқалады. Кейбір сарапшылар ол тесіктер зенит ракетасынан қалған ізге қатты ұқсайтынын айтып, жолаушы ұшағын ресейлік әуе шабуылына қарсы жүйе нысанаға алған болуы мүмкін деп топшылаған.

Бұған дейін Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев "ұшаққа оқ тиген болуы мүмкін" деген долбарды "хайп қуу" деп атап, ресми тергеу аяқталғанын күтуге үндеген.

14:56 26.12.2024

Әзербайжан аза тұтып жатыр

Баку әуежайы. 26 желтоқсан 2024 жыл.
Баку әуежайы. 26 желтоқсан 2024 жыл.

Әзербайжан халқы ұшақ апатына байланысты аза тұтып жатыр. 26 желтоқсанда бүкіл ел құрбандарды бір минут еске алды. Сағат 12-де елдегі бүкіл көлік қозғалысы тоқтатылып, көліктер мен кемелер, пойыздар сигналдатты. Елдегі мекемелерде ел туы төменге түсірілді. Баку әуежайына халық гүл шоқтарын қойып жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Әзербайжан қызметі хабарлады.

14:48 26.12.2024

Қазақстанда болған ұшақ апаттарының хроникасы

Қазақстанда кейінгі 12 жылда адамдардың өмірін қиған бірнеше ұшақ апаты болды:

  • 2021 жылғы 13 наурызда Алматы әуежайы маңындағы Қызылту ауылында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе қызметінің АН-26 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақта болған алты кісінің төртеуі қаза тауып, екеуі ауруханаға жеткізілді;
  • 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы әуежайы маңында қазақстандық Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза тапты. Ұшақта 98 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған;
  • 2019 жылғы 27 наурызда Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің Ми-8 тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырады. Қазақстан қорғаныс министрлігі тікұшақта болған 13 адамның бәрінің қаза тапқанын хабарлады;
  • 2016 жылы 27 қаңтарда Алматы облысында Алакөл ауданынан Талдықорған қаласындағы ауруханаға науқас баланы апара жатқан UP-MD 600-N тікұшағы құлап, бес адам мерт болған;
  • 2015 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысында бортында экипаж мүшелерімен қосқанда жеті адам болған "Ан-2" ұшағы құлаған. Апаттан бір адам – жолаушы әйел ғана тірі қалды;
  • 2013 жылы 29 қаңтарда Алматы әуежайына жақын Қызылту ауылының тұсына Көкшетаудан Алматыға жолаушы әкеле жатқан Scat компаниясының CRJ-200 ұшағы құлап, 21 адам (16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі) қаза тапқан еді;
  • 2012 жылғы желтоқсанда Шымкент түбінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы апатқа ұшырап, 27 адам қаза болған.
14:36 26.12.2024

"Хайп қуу". Әшімбаев "ұшақты атып түсіруі мүмкін" деген болжамға не деді?

Қазақстан сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Azerbaijan Airlines ұшағын атып түсіруі мүмкін деген болжамды "дұрыс емес" деп санайды.

"Суреттерге қарап апаттың себебі "анау-мынау" деу – спекуляция. Мұндай баға беру – дұрыс емес әрі этикаға қайшы. Бұл қандай да бір адамдардың өзіне ұпай жинауы, қаралымын көтеруі, хайп қууы. Комиссия мен мамандар жұмыс істеп жатыр, қарап жатыр. Олар өзі шешімін айтады" деді Әшімбаев.

Спикердің сөзін Orda.kz сайты жариялады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG