Мемлекеттік департамент өкілі: АҚШ Қазақстан мен Әзербайжанға қолдау көрсетуге дайын
АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Мэтью Миллер Azerbaijan Airlines компаниясының жолаушы ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.
"Біз Azerbaijan Airlines компаниясы ұшағы Қазақстан аумағына құлағанын естіп қатты қайғырып отырмыз. Қаза тапқандардың отбасыларымен бірге дұға бағыштап, зардап шеккендердің тезірек оңалып кетуін тілейміз", – деп жазды ол Х әлеуметтік желісіндегі парағына.
Мэтью Миллер АҚШ Қазақстан мен Әзербайжанға қажет көмекті беруге әзір екенін айтқан.
"Біз екі елдің биліктеріне қолдау көрсетуге дайынбыз", – деді Мемлекеттік департамент өкілі.
25 желтоқсанда Қазақстанның Маңғыстау облысы аумағына құлаған Azerbaijan Airlines компаниясының жолаушы ұшағында болған 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалған. Қаза тапқандар арасында Әзербайжанның – 23, Қазақстанның 6 азаматы бар.
Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған Әзербайжан азаматтарын санавиациямен әкетіп жатыр
- Авторы: Айнұр САПАРОВА
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында жатқан адамдарды жедел жәрдем көлігімен алып кеткен. Оларды әрі қарай ұшақпен Әзербайжанға жеткізеді. Мұны Азаттыққа зардап шеккен азаматтардың туыстары айтты.
Ауруханадағы медициналық қызмет сапасын қадағалау бөлімінің басшысы Жанар Байманованың айтуынша, Әзербайжан мамандары тасымалдауға болады деген 14 адамды санавиациямен әкетуді жөн көрген. Оның бірі — бала.
Қазір төрт адам Ақтаудағы аурухананың жансақтау бөлімінде, екі адам травматология бөлімінде жатыр. Оның үшеуі – Қырғызстаннан, үшеуі – Әзербайжан азаматы.
Бейсенбі күні таңертең Ресей 9 азаматын – 8 ересек адам мен 1 баланы ұшақпен Ақтаудан Мәскеуге алып кеткен.
Ақтаудағы ұшақ апатына Ресейдің ракетасы себеп болғаны айтылды
Алдын ала тергеу Azerbaijan Airlines ұшағының апатына Ресейдің ракетасы себеп болғанын анықтаған. Бұл туралы Euronews телеарнасы Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзіне сілтеп мәлімдеді. Одан кейін Reuters агенттігі бірнеше дереккөзіне сілтеп, апатқа Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі себеп болды деп хабарлады.
Euronews телеарнасының жазуынша, ұшақ апатына Ресейдің "жер-әуе" санатындағы ракетасы себепкер болған. Арна дереккөзінің айтуынша, Грозный аспанында дрондар жүргенде ракета да ұшырылған, зымыран аспанда ұшақтың маңында жарылып, сынықтары жолаушылар мен бортсеріктерге тиген.
Әзербайжан үкіметіндегі дереккөз Euronews арнасына "бүлінген ұшаққа Ресейдің әуежайларына қонуға рұқсат етпей, рейсті Каспий теңізі арқылы Ақтауға бұрғанын" айтқан. Бұл ақпаратқа қатысты Әзербайжан, Қазақстан я Ресей үкіметі әлі ресми мәлімдеме жасамады.
Anadolu: Әзербайжан ұшағының құлауына Ресей әуе қорғанысының қатысы бар
Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының құлауына Ресейдің зымыран жүйесінің қатысы бар. Әзербайжанның лауазымды өкілі Түркияның Anadolu агенттігіне бұл болжамның негізді екенін растаған.
Мұның алдында халықаралық және Әзербайжанның жергілікті БАҚ-тары Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сілтеп апаттың тергеудің алғашқы қорытындысын айтқан. Аты аталмаған дереккөздің айтуынша, Бакуден шыққан ұшақ Грозныйға жете бергенде оған «Панцирь» зымыран жүйесінен шабуыл жасалған.
«Дерекке қарағанда, Ресейдің электрондық соғыс жүйелерін қолдану кесірінен әуе кемесінің коммуникация жүйесі толығымен тоқтап қалған, соның кесірінен ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде болғанда радарлардан жоғалып кеткен» делінген Anadolu агенттігінің ақпаратында.
Ол тек Каспий теңізі аумағына жеткенде радардан қайта көрінген.
ПІКІРЛЕР