Accessibility links

Ақтаудағы ұшақ апаты: Бразилия "қара жәшіктерді" зерттеуді бастады


Ақтау маңында құлаған ұшақ. 25 желтоқсан, 2024 жыл.
Ақтау маңында құлаған ұшақ. 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Бразилия Әскери әуе күштеріне қарасты Әуе апаттарын зерттеу орталығының (CENIPA) мамандары Azerbaijan Airlines компаниясының 25 желтоқсанда Ақтау маңында құлаған Embraer 190 ұшағының «қара жәшіктерін» зерттеуге кірісті. Бұл жөнінде Euronews хабарлады.

Баспасөз хабарламасындағы мәліметке қарағанда, ұшақ бортындағы жәшіктердің жазбаларын оқуға апатқа қатысы бар үш елдің мамандары бірге қатысады.

Ұшақты шығарған ел ретінде Бразилия апаттың барлық жай-жапсарын толық анықтап, модельдеу үшін оқиғаның виртуал шынайылық негізіндегі графикалық көшірмесін жасауды жоспарлаған.

Ұшқыштардың дауыс таспалары мен ұшақтың жағдайы туралы барлық деректер «қысқа уақыт ішінде» сарапталады. Бразилия Әскери әуе күштері осылай деп мәлімдеген.

ИКАО (Азаматтық авиация жөніндегі халықаралық ұйым) конвенциясына сәйкес, қорытынды есепте жасалған тұжырымдар апат себептерін тергеуде басшылық ететін ел – Қазақстан үкіметіне жіберіледі.

Тергеуге Қазақстан, Әзербайжан және Ресейден үш тергеушіден қатысып жатыр.

Әзербайжан астанасы Бакуден Шешенстан орталығы Грозныйға ұшып шыққан Embraer 190AR ұшағы 25 желтоқсанда Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласы маңында жазыққа құлаған.

Ұшақ бортында 67 адам болған. 29 жолаушы аман қалып, 38-і қаза тапты. Қаза болғандардың алтауы – Қазақстан азаматы.

Бастапқыда апат себебіне қатысты түрлі долбар болды. Ұшақ Ресей аумағында атылған болуы мүмкін деген болжам айтылғанда, Қазақстанның ресми өкілдері мұны «хайп қуу» деп сынаған. Кейін Әзербайжан президенті Илхам Әлиев «Ресей жағы бұл істі жауып тастағысы келеді, бұдан ешкім абырой таппайды» деп Мәскеуге кінә артты. Мұның алдында Ресей президенті Владимир Путин Әлиевтен кешірім сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG