Accessibility links

Назарбаев Австрияда Жаңаөзен туралы cұраққа жауап берді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Австрия президенті Хайнц Фишер (оң жақта) ресми кездесуде отыр. Вена, 22 қазан 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Австрия президенті Хайнц Фишер (оң жақта) ресми кездесуде отыр. Вена, 22 қазан 2012 жыл.
Австрияда ресми сапармен жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистер сұрағына орай Жаңаөзен оқиғасы туралы пікірін айтты.

"ҚазАқпарат" агенттігінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев журналистер сұрағына Венадағы "Хофбург" сарайында Австрия республикасының федералдық президенті Хайнц Фишермен болған кездесуден кейін, брифингте жауап берген.

Назарбаев журналистерге Жаңаөзен оқиғасын "бүкіл әлемде болып жататын жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы кәдімгі дау" деп түсіндірген.

"АШЫҚ ТЕРГЕУ, ӘДІЛ СОТ БОЛДЫ"

Қазақстан президенті Назарбаев Австрия журналистеріне "Оны шешуге болатын еді, алайда қылмыстық элементтер өздерінің жеке мақсаттарын көздеп, оны қантөгіске апарып соққан қақтығысқа айналдырды" деп түсіндірді.
Жаңаөзен оқиғасы күні көтеріліс алаңында қаза тапқан адам. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы. Скриншот Youtube сайтынан алынды.
Жаңаөзен оқиғасы күні көтеріліс алаңында қаза тапқан адам. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы. Скриншот Youtube сайтынан алынды.

Назарбаев оқиғаның тергелуі жайлы "Мүлдем ашық, қоғамдық, транспаренттік тергеу жүргізілді, бұл бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарына, қатысқысы келетіндердің барлығына ашық, әділ сот болды. Сотталғандардың бәрі де жай басқа нәрсе үшін емес, нақты қылмыстары үшін жазасын алды. Өздерінің өкілеттілігін асыра пайдаланып, адамдарға қарсы оқ атқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері де сотталды. Осындай оқиғаға арандатқандар да сотталды" деп тәптіштей айтқан.

"ҚАЗАҚСТАНДА ДЕМОКРАТИЯНЫҢ БАРЛЫҚ ТҮРІ БАР"

Президент Қазақстанның демократияны енді орната бастағанын, ал Еуропада ол процесс жүздеген жылдар бойы жүзеге асқанын айтқан. Ол "Бұл мәселеде Қазақстан посткеңестік кеңістікте көптеген жетістіктерге жетті" деген.

"Мен Қазақстанда бүгінде демократияның барлық түрі бар деп ойлаймын, әйтпесе ЕҚЫҰ сияқты ұйымды басқармас еді және саммитті де өткізе алмайтын еді. Біздің күш-жігерімізді бағалағаны үшін ризамыз" деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мен Қазақстанда бүгінде демократияның барлық түрі бар деп ойлаймын, әйтпесе ЕҚЫҰ сияқты ұйымды басқармас еді және саммитті де өткізе алмайтын еді.
Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев бұған қоса, Қазақстанда "ашық сайлау, БАҚ еркіндігі" бар екенін, СССР-дағыдай "цензураның жоқ екенін", "ешкімнің саяси көзқарасы бойынша қудаланып жатпағанын" атап өткен. Мұның сыртында, Қазақстан президенті "Ешкімге де діни наным-сенімі бойынша қысым жасалмайды, барлығының тең құқықтары сақталып отыр" деді.

Қазақстан президентінің Австрияға ресми сапары қазанның 23-і күні де жалғасады.

Назарбаевтың 2012 жылдың басында Германияға сапарында канцлер Ангела Меркельмен кездесуінде де Жаңаөзен оқиғасы туралы сөз болған. Қазақстан президенті Жаңаөзен оқиғасы кезінде "полицияның ісі дұрыс болды, өкінішке қарай, адамдар қаза тапты" дей келе, "Германияда тәуелсіздік күні ондаған мас жігіт адамдарды сабап, балаларды ұрып, микрофонды сындырып, азғантай ғана полицейлерді жараласа, не істер едіңіздер?" деп сұраған.
XS
SM
MD
LG