Accessibility links

Жаңаөзенді қалпына келтіру Назарбаевтың билбордынан басталды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңаөзен қаласындағы жартысы өртенген жарнамасы. 19 желтоқсан 2011 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңаөзен қаласындағы жартысы өртенген жарнамасы. 19 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзенді зор қарқынмен қалпына келтіріп жатыр. Қала бойынша бірінші болып «Нұр Отан» партиясының ғимараты жөнделді. Бірақ бұдан да ертеректе, 22 желтоқсан күні, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңаөзенге келерінен бұрын оның суреті басылған, жартылай өртенген билборд жаңартылды.


Алғаш рет мен Жаңаөзенге 2011 жылы желтоқсанның 18-і бардым. Ол - қалада төтенше жағдай жарияланған кез. Журналистер Жаңаөзенге түнделетіп, ел орынға отырған кезде жеттік.

БИЛБОРДТАРДЫ ЖЕДЕЛ ЖАҢАРТУ

Ертеңінде, желтоқсанның 19-ы, билік өкілдері бізге қала әкімшілігінің, «Өзенмұнайгаз» компаниясының, «Ару ана» қонақ үйі мен «Сулпак» дүкенінің өртеніп кеткен ғимараттарын аса зор ынтамен көрсетіп шықты.

Жаңаөзен қаласындағы өртенген ғимараттар. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.
Жаңаөзен қаласындағы өртенген ғимараттар. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.
​Бізді ертіп шыққан, арнайы киім киген адамдар журналистерді қатаң түрде қадалағауға тырысты. Керек десеңіз, біздің әрекеттерімізді олар қағазға түртіп отырды. Бірақ, фото, видео түсіруге бөгет жасаған жоқ. Тіпті, бір мәрте пайдалары да тиді. Шетелдік журналистердің бірі көшеде кісі тексеріп жүрген «Собр» жасағының сарбаздарын видеоға түсіре бастады. Осы кезде арнайы жасақтың өкілі аяқ астынан автоматын журналистке кезеніп, камерасын тартып ала жаздады. Бізді бақылап жүргендердің бірі - облыстық ішкі істер департаментінің подполковнигі арнайы жасақ жауынгерін дер кезінде тоқтатып, тиіскізбей, журналисті аман алып қалды. Қарулы сарбаз айбат шеккен, қабағы түксиген қалпы бұрылып, кетіп қалды. Журналист бұдан ары сақ жүруге уәде берді.

Осы кезде мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жартылай өртенген билбордын көрдім. Мұндай суретті Қазақстанның ешбір жерінен таппайсыз. Жалма-жан суретке түсіре бастадым. Жаңағы подполковник «түсіруге болмайтынын» ескертті. Оған запастағы полковник деген зейнеткерлік куәлігімді көрсеттім, шені төмен екенін көрген ол маған қайтып сөйлемеді. Мен «жалғыз» жарнаманы түсіріп алдым.

Қарапайым азаматтар сияқты киінген сол подполковник қыр соңымнан қалмады. Оған қарайлайтын уақыт жоқ - полицейлердің көшедегі кісілерді тінтіп жатқанын суретке түсіріп жатырмын. Подполковник тағы қасыма таяп, сурет түсірмеуімді талап етті. Бұл кезде мен полиция әрекетін фотоға түсіріп те үлгерген едім.

Өртеніп кеткен "Өзенмұнайгаз" компаниясының ғимараты жөнделіп жатыр. Жаңаөзен, 17 ақпан 2012 жыл. Суретті Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген.
Өртеніп кеткен "Өзенмұнайгаз" компаниясының ғимараты жөнделіп жатыр. Жаңаөзен, 17 ақпан 2012 жыл. Суретті Азаттық тілшісі Қазис Тоғызбаев түсірген.
Сол күні қасымда «Стан-ТВ» порталының журналисі Жұлдыз Төлеуова жүрді. Ол прокуратураға шақырту алды. Бізге қандай да бір сурет не видео түсіруге тыйым салынды.

Мен бір кезде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өртеніп кеткен билбордтарын жедел жаңартып жатқанын байқадым. Жергілікті тұрғындар билбордтарды Назарбаевтың Жаңаөзенге сапарына орай ауыстырып жатқанын айтты. Назарбаев Жаңаөзенге желтоқсанның 22-сі барды. Жаңаөзеннен желтоқсанның 26-сы мен де Алматыға аттандым.

БІРІНШІ БОЛЫП «НҰР ОТАННЫҢ» КЕҢСЕСІ ЖӨНДЕЛДІ

Ақпанның 16-сы Жаңаөзенге екінші рет бардым. Осы сапарымда «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төраға орынбасары Ғалым Байжановпен сұқбаттасқан едім.

Қазақстандағы әкімшілік-партиялық дәстүр бойынша жер-жерде әкімдер «Нұр Отан» филиалының төрағасы қызметін қоса атқарады. Алайда, Ғалым Байжановтың айтуынша, қамауға алынған қала әкімі Орақ Сарбөпеевтің орнына келген Тұрымов әлі «Нұр Отанның» жергілікті басшысы болып «сайлана» қоймапты. Сондықтан партия атынан Байжанов сөйледі.

Ғалым Байжанов камераға түсуден бас тартты, суретке түсіруге «кеңшілік жасады».
Жаңаөзен қаласындағы "Нұр отан" партиясының кеңсесі. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.
Жаңаөзен қаласындағы "Нұр отан" партиясының кеңсесі. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.
Айтуынша, «Нұр Отан» партиясының ғимараты - қаладағы ең бірінші жөнделген кеңсенің бірі. Шынында да, қала әкімдігі ғимаратының өзінде жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр екен. «Өзенмұнайгаз» компаниясының, «Ару ана» қонақ үйі мен «Сулпак» дүкенінің ғимараттары да әлі күнге шейін қаңылтырмен қоршаулы тұр. Есесіне «Нұр Отан» президенттік партиясының ғимараты бұрынғысынан да жаңарып шыққан.

Алайда Байжанов сол арада-ақ саяси этика туралы айта кеп, «Нұр Отанның» қалалық филиалының кеңсесі орналасқан ғимаратта әлеуметтік мекемелердің де көп екенін ескертті. Бұл ғимараттың төтенше тез жөнделуінің сыры осында екен.

Әңгіме барысында бір қызық жайт анықталды. Менің білгім келгені: Жаңаөзен оқиғасынан соң қамалған мұнайшылардың арасында «Нұр Отан» мүшелері бар ма? Ондайлар болса, партия не істемек?

Ғалым Байжанов «тергеуге алынғандардың арасында «Нұр Отан» партиясының мүшелері жоқ деуге болады, ереуілші мұнайшылар жазда түгелдей партия қатарынан шығып кеткен» деді. Мен «мұнайшылар «Нұр Отаннан» жаппай шығып кетті» деген ақпар тарағанда «Нұр Отан» өкілдері «оппозиция өтірік айтады» деп шыққанын алға тарттым.

- Олар партиядан шығатындары туралы арыздарын алып келген, - деді ол.

Мен «Тергеуге алынғандардың арасында «Нұр Отан» мүшелері бар ма, болса, партия не істемек?» деп қайыра сұрадым. Ғалым Байжанов жалтара жауап беріп:
"Нұр Отан" партиясының Жаңаөзен қаласындағы филиалының төраға орынбасары Ғалым Байжанов. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.
"Нұр Отан" партиясының Жаңаөзен қаласындағы филиалының төраға орынбасары Ғалым Байжанов. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.

- Кейбіреулерін партиядан шығарып жіберуге тура келеді, - деді.

«Ал мұнайшыларға жұмыс тауып беру мәселесі қалай шешіліп жатыр» деп сұрағанымда, Ғалым Байжанов «партия жұмыссыздық мәселесін шешуге тырысып жатыр» деді. Оның сөзіне сенсек, қалада үш мыңға жуық жұмыссыз бар, олар жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұрып жатыр. Ол орталық та осы ғимараттың ішінде екен.

Ғалым Байжановпен болған әңгімемде жұмыстан қуылған мұнайшыларды бұрынғы жұмыстарына қайта алу туралы мәселені көтермедім, өйткені онымен мемлекеттік комиссия айналысады.

ЖҰМЫССЫЗДАРҒА ЖҰМЫС ТАУЫП БЕРУ

Партия шенеунігінен сұқбат алған соң, екінші қабаттағы жұмыспен қамту орталығына бардым. Адамдар ұзын-сонар кезекте тұр. Жүздері абыржулы, наразы екендері көрініп тұр. Қастарына барып, әңгімеге тарттым. Ер адамдар жақ ашпады. Әйелдер ғана азды-кем ақпарат айтты.

Олардың сөздеріне қарағанда, мұнда елге екі жұмыс ұсынады. Біріншісі - нашар, екіншісі - одан да қолайсыз. Алайда, таңдау жоқ. Барар жер, басар тауы қалмаған жұрт соған риза болуы тиіс. Мәселен, бәріне айтылып келе жатқан бір жұмыс - аула сыпырушы.

Орталықтың есігіне ұмтылған жұрттың алдында, бірінші болып, өрімдей жас, аққұба қыз тұрды. Сұрақтарымды селқос тыңдады, сөйлеуге ықыласы болмады. Мен ішке кірдім.
Жаңаөзен қаласындағы жұмыспен қамту орталығына келіп тұрған мұнайшылар. 16 ақпан 2012 жыл
Жаңаөзен қаласындағы жұмыспен қамту орталығына келіп тұрған мұнайшылар. 16 ақпан 2012 жыл

Үш әйел: жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің бас маманы Шолпан Досмағамбетова мен екі көмекшісі отыр екен. Досмағамбетова орталықтың жаңаөзендіктерге көбінесе коммуналдық мекемелердегі жұмыстарды ұсынатынын құлшына түсіндіріп шықты. Шенеунік әйел «адамдар қала көшелерін тазалау жұмыстарына әзер көнеді» деді. Осы кезде кабинетке әлгіндегі маған таныс аққұба қыз кірді. Ол аула сыпырушы болып істей алмайтынын айтты.

Жаңаөзендегі жұмыспен қамту орталығы. Ақпан 2012 жыл.
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:29 0:00


Дәл сол күні Жаңаөзендегі тұрғын үйлердің ауласынан жұмысқа орналасқан үш әйелді көрдім. Олар сыпыртқыларын ұстап, демалып отырды. Бет-жүздерін орамалмен шандып тастапты, көздері ғана қалған. Неше жастағы адамдар екенін ажыратып болмайды.

Айтпақшы, мен алдыңғы сапарымда да аула сыпыратын жұмысшылардың бет-әлпеттерін осылай қымтап алатынын байқаған едім. Бұл кісілердің неге бұлай істейтінін қақаған аязда бетім үсіп қала жаздағанда барып ұқтым. Жаңаөзенде далада ұзақ жүретіндер арабтың шөл даласындағы бәдәуилер секілді тұмшаланып алады.

Оранып алған әйелдерді көрген кезде манағы уыздай жас, сүйкімді қыз есіме түсті. Ол қыз өзін бұл жұмысқа лайық көрмейтіндей бар екен. Жас өмірін азапқа қимайды, әрине.

АЛАҢДАҒЫ ЖАРАЛЫЛАР

Ақпанның 16-сы, Жаңаөзен оқиғасында оқ тиіп жараланған Аманқос Әбиевтің үйіне кіріп шықтым. Есікті Аманқостың шешесі Жолан Әбиева ашты. Аз ғана кідіріп барып, кіруге рұқсат етті.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ тиіп жараланған Аманқос Әбиев. Жаңаөзен, 17 ақпан 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ тиіп жараланған Аманқос Әбиев. Жаңаөзен, 17 ақпан 2012 жыл.

Шешесі мен ұлы камераға түсуден үзілді-кесілді бас тартты, ал фотоға түсіруге және дауыстарын жазып алуға рұқсат етті. Жолан Әбиеваның сөзіне қарағанда, Аманқос бұл бейнетке мүлде жазықсыз, жазатайым ұшыраған. Ал тергеу құжаттарында ол туралы тек қана жәбірленуші деп жазылған.

Кенже ұл - Байсеиіт, бокспен шұғылданады. Қанды оқиға болған күні осы кенже бала жұрттың ішінде, алаңда болыпты. Ал Аманқос түнгі жұмысынан келіп, ұйықтап жатқан. Отағасы да үйде болыпты. Тек Жоланның өзі базарға кеткен екен.

Алаңда халық толқуы басталғанда, кіші ұлға алаңдаған отағасы Аманқосты оятып, Байсейітті тауып әкелуге екеуі бірге шығады.

- Бірақ Байсеиіт тура сол кезде үйге келіп, «үйдемін» деп маған телефон шалды, - дейді Жолан Әбиева.

Оның айтуынша, күйеуі алаңдағы аласапыранда Аманқостан көз жазып қалған да үйге қайтқан.

- Осы кезде қалта телефонының байланысы болмай қалды, мен де үйге қайтып келдім, - дейді Жолан Әбиева.

Бірер сағат өткеннен кейін таныс әйелдердің бірі «Аманқостың аяғына тас тиген сияқты, ауруханада жатыр» деп хабарлаған.

- Күйеуім екеуміз ауруханаға бардық, содан Аманқосты тауып алдық. Астанадан келген дәрігерлер ұлыма операция жасап, жан сақтау бөліміне ауыстырды. Ертеңгісін есін жиған соң, палатаға шығарды, - дейді Жолан Әбиева.
Жолан Әбиева, полиция оғынан жараланған Аманқос Әбиевтің анасы. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.
Жолан Әбиева, полиция оғынан жараланған Аманқос Әбиевтің анасы. Жаңаөзен, 16 ақпан 2012 жыл.

- Оқ оның жамбасының сүйегін уатып жіберген. Желтоқсанның 20-сы ауыр жараланған деп Ақтаудағы облыстық ауруханаға әкетті. Қаңтардың 6-сы ғана алып кетуге рұқсат етті. Содан бері жанынан бір елі шықпаймын, әлі жүре алмайды, - дейді жаралы ұлына қайта-қайта қарай берген шешесі.

Аманқостың өзі алаңда інісін іздеп жүргенде ішіне оқ тигенін айтты. Жазылып келе жатқан жарасын көрсетіп:

- Мен тіпті маған не болғанын бірден түсіне қойған жоқпын. Басында еш жерім ауырған жоқ. Тек ішімнен біреу ұрып қалғандай болды. Соңыра жып-жылы бірдеңе ағып жатқан сияқты болды. Қан екенін білген жоқпын. Мән бермедім. Бір кезде жүре алмай қалдым. Жейдемді көтеріп қарасам, ішімнің төменгі жағында кішкене тесік бар екен. Ептеп қан тамшылап тұрды, - деді ол.

Аманқостың шешесі тергеу құжаттарында «жәбірленуші» деп жазылғанымен, ешқандай өтемақы алмағандарын айтты. Ол Аманқостың тірі қалып, ақырындап болса да сауығып келе жатқанына, оған қарсы қылмыстық істің қозғалмағанына шүкір айтып отыр.

Кіші ұл - Байсеиіт те үйде екен. Аманқос екеуін суретке түсіріп алмақ болдым.

- Васёк! Мұнда кел! — деп шелелері кенже ұлды шақырды.
Жаңаөзенде жараланғандар әлі де бар деп естідім, дәрігерлерге барудан қорқып жатқан көрінеді. Көрінсе болды, оларды бірден қамап тастайды.

Үйдегілер Байсейітті еркелетіп «Васёк» дейді екен.

Мен журналистпен тілдесуден қашпайтын, полицияның назарына түспеген басқа жаралыларды таба алмадым. Соңыра жаңаөзендік бір тұрғын ондай жаралылардың бар екенін, олардың жағдайлары қиын екенін айтты. Олар медициналық тұрғыдан ғана қиналып жүрген жоқ, оларға қылмыстық іс қозғап, жаппай қудалап жатыр.

- Мен Жаңаөзенде ешкім білмейтін жаралылар бар деп естідім, үйлерінде емделіп жатыр, дәрігерлерге көрінуге қорқады. Көрінсе бітті, полиция бірден қамап тастайды. Олар журналистерден де қашады, - деді атын атамауды сұраған бір кісі.

Былтыр желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Шетпе бекетінде полиция оғынан кем дегенде 17 адам қаза тауып, жүз қаралы адам жараланды. Жараланып, қашып кете алмай қалған адамдардың көбін қазір «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты» деген айыппен соттағалы жатыр. Тергеудегі мұнайшылардың көбі Ақтау қаласындағы тергеу абақтысы мен Жаңаөзендегі уақытша қамау абақтысында отыр. Наурыздың 27-сі Ақтауда олардың соты басталады.

Еуропарламент Қазақстан билігінің наурыздың 15-і Жаңаөзенде болған толқуды күшпен басып-жаныштау әрекетін теріс көріп, қарар қабылдады және оқиғаларды егжей-тегжейлі зерттеуге шақырып, зерттеу ісіне халықаралық сарапшыларды жұмылдыруға үндеді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG