Жуырда Алматы қаласында баспасөз өкілдеріне «Балалық шағымның жеті нотасы» көркем фильмі көрсетілді. Бұл - бас кейіпкердің өмірінен алынған нақты оқиғаларға негізделген өмірбаяндық фильм. Кинолентадағы кадр сыртындағы дауыс балалық шағы сталинизм тұсында өткен кейіпкердің естеліктерін баяндайды.
СТАЛИН ПОРТРЕТІНІҢ СИМВОЛДЫҚ МӘНІ
Тұрым Орынбор облысының қиыр шетіндегі ауылда туып, өскен. Соғыстан жараланып оралған әкесін колхозға басшы қызметке тағайындайды. Тұрымның әкесін «колхоздың асыл тұқымды айғырын жұт кезінде арам өлтірген зиянкес» ретінде айыптап, бірнеше жылға лагерьге айдайды. Тұрымның әкесі түрмеден Иосиф Сталин өлгеннен кейін оралады.
Фильм Тұрымның әкесінің үйіне оралған эпизодтан басталады. Фильмде саясат пен идеология көрінетін тағы бір эпизод бар. Бұл – кішкентай Тұрым омыртқасын зақымдап алып, ауыр халде түскен ауруханадағы эпизод. Дәрігердің кабинетінде Тұрымның әкесі дәрігермен әңгімелесіп отыр. Қабырғада Сталиннің портреті ілулі тұр (ол заманда әр кеңседе міндетті түрде оның портреті ілулі тұратын). Ақ халат киген әйел кіріп, бір сөз айтпастан қабырғадағы портретті алып, орнына Ленин портретін іледі. Екеуі Ленин мен Сталиннің портретіне кезек-кезек қарап, үзілген әңгімелерін жалғастыра береді.
Қазіргі жастардың кейбірі кадрға енген портреттердің мәнін де, бір көсем портретінің екінші көсем портретіне ауысуы елдегі идеологияның ауысуының символдық белгісі екенін де түсінбеуі мүмкін. Әңгіме барысында кинокартина режиссері «түсірілім алаңында Лениннің кім екенін білмейтіндер де болды» дейді.
Фильмде екі көсемнің портреттеріне қатысты қателіктер кеткен. Портреттерді ауыстырған эпизодтан кейін Сталиннің портреті басқа кадрлардан да көріне береді. Режиссер мұның монтаж кезінде кеткен кемшілік екенін мойындайды.
Кейбір көрермендер Сталин портреттерінің «сценарийден тыс» көрінуін сталинизмнің өшпейтін рухы сияқты әлдебір символизммен байланыстырады.
СОВЕТ АДАМДАРЫ ТАБЫНҒАН КЕЙІПКЕР
Фильм қаланың қазіргі ерке-тотай балаларының көңілінен шыға ма, ол -белгісіз. Кинолентада өткен жылдардың қиын тіршілігі, жұтаң тұрмыс бейнеленген.
Фильмде көрерменге ой салатын тағы бір мессидж бар. Онда «қайтсем де аяғымнан тік тұрып, ел қатарына қосыламын» деген мақсатына жеткен баланың мықты ерік-жігері көрсетілген. Фильм кейіпкері ауруханада жатқанда бас алмай кітап оқиды, гармонь тартуды үйренеді. Ал ауруханадан шыққаннан кейін жарақатынан шаңғы тебудың арқасында жазылған Власовтың әдісімен жаттығып, ақыры денсаулығын түзеп, дегеніне жетеді.
Фильмде екі аяғынан бірдей айырылса да, әскери ұшақтың штурвалына қайта отырып, екінші дүниежүзілік соғысқа қайта қатысқан ұшқыш Алексей Маресьев туралы «Нағыз адам туралы аңыз» деген совет адамдарының сүйікті кітабының мұқабасы кадрға кездейсоқ түспеген. Бас кейіпкердің баласы, бизнесмен Асқар Алағұсов әкесін Маресьевпен салыстырып, «Әкем де өте мықты адам. Бұған ешқашан шүбәм болған емес» дейді.
Фильм атауының символдық мәні бар. Өмірдегі жеті нота – фильмдегі баланың жеті жыл өмірі. Жеті нота - өмірін музыкамен байланыстырған бас кейіпкердің болашағын меңзейді. Жеті нота - баланың өмірін күрт өзгерткен жеті адам.
Бас кейіпкер 70 жасқа толған күні өткен фильм премьерасына оның өзі де қатысты. Тұрым Алағұсов – Алматы консерваториясы түлегі, хор дирижері мамандығын алған. Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясын ұйымдастырып, талай жыл көркемдік жетекшісі әрі дирижері болған. Бұдан бөлек семсерлесу, жеңіл атлетика және шаңғыдан спорт шебері атағына кандидат. Қазір Алматы қаласында тұрады.
Соңғы жылдары Қазақстандағы кейбір топтар арасында жекелеген тұлғалардың жағымды образын жасау мақсатында әулет тарихына арналған немесе естелік кітаптар шығару сәнге айналған еді. Қазір бұл дәстүрдің деректі фильмдер түсіруге ұласқаны байқалады. Ал «Балалық шағымның жеті нотасы» фильмі жұрттың енді атақты туыстарының құрметіне көркем фильм түсіруге көшкенін аңғартады.
Фильм сценарийінің авторы әрі режиссері – Ерке Бектұров. Азаттық тілшісі режиссермен «Балалық шағымның жеті нотасы» фильмінің түсірілімі туралы әңгімелесті. Бұл Ерке Бектұровтың режиссер ретінде түсірген алғашқы фильмі екен. Бұған дейін драматург ретінде ғана танылып жүрген оның сценарийлері бойынша 6-7 фильм түсірілген.
Бірақ режиссер Ерке Бектұров «Қазақфильм» студиясының бір де картинасын түсіруге қатысып көрмепті. «Балалық шағымның жеті нотасы» фильмін де жеке меншік компания түсірген. Бұл жайт қиын болғанымен, мемлекет қолдауынсыз да фильм түсіруге болатынын көрсетеді.