Accessibility links

Мұғалімдерге сабақ. Беларусь жұрты сайлаудың ресми нәтижесін қолдаған мектептерге қаһарын төкті


Беларусьтік мұғалімдердің наразылыққа шыққан сәті. Минск, 14 тамыз 2020 жыл.
Беларусьтік мұғалімдердің наразылыққа шыққан сәті. Минск, 14 тамыз 2020 жыл.

Беларусьте "президент сайлауының нәтижесі бұрмаланды" деп көшеге шыққан халық сайлау учаскелерінде қызмет еткен мектеп мұғалімдері мен мектеп әкімшіліктерін сынға алды. Оқушылар мектеп қақпасына ашуға толы жазбалар іліп, учаскеде қызмет етпеген мұғалімдер сайлау нәтижесін терістеуді талап етіп, ашық хатқа қол қойып жатыр. Интернеттегі онлайн науқан 1 қыркүйек күні мұғалімдерге дәстүрлі гүл шоғын сыйламауға шақырып отыр.

Беларусь президенті Александр Лукашенкоға наразы халық елдегі саяси дағдарыс өршіген тұста балаларына білім беруге жауапты мұғалімдерге ашуын төкті.

"Мен мектептің абыройы үшін күрестім, ал ол менің бетіме түкірді". Елдегі мектептердің қақпаларына ілінген жазбалардың бірінде осылай деп жазылған. Оқушылар білім мен спорттағы жетістіктері үшін алған марапаттарын мектептеріне қайтарып жатыр.

Бобруйск қаласындағы №17 мектептің қақпасында иесіз қалған дипломдар, сертификаттар және мақтау қағаздары ілініп тұр. Қала сайлау нәтижесінің бұрмалануына қарсы наразылықтың ошағы саналатын Минскіден оңтүстік-шығысқа қарай 170 километр қашықтықта орналасқан.

Мектеп қақпасындағы плакаттардың бірінде "Бізге сендердің алғыстарың қажет емес, одан да даусымызды қайтарыңдар!" деп жазылған. Келесі бір плакатта "Біздің даусымызды қаншаға саттыңдар?" деген сұрақ қойылған. Мектептің бүгінгі және кешегі оқушылары дауыс санаудағы алаяқтыққа мұғалімдерінің қатысы бар деп санайды.

Беларусь мектептерінің біріндегі сайлау учаскесінде кезекте тұрған жұрт.
Беларусь мектептерінің біріндегі сайлау учаскесінде кезекте тұрған жұрт.

Постсоветтік елдердің көбінде сайлау учаскелерінің біршама бөлігі мектептерде орналасқан. Бұл сайлау учаскелерінде әдетте сол мектептің мұғалімдері мен әкімшілік қызметкерлері жұмыс істейді. Көбі учаскесіндегі сайлау комиссиясының мүшесі атанып, дауыс беру нәтижесін растап қол қоюға мәжбүр. Осының салдарынан сайлаудан кейінгі наразылықтың бір ұшы мұғалімдерге де тиіп жатыр.

9 тамыз күні түсірілген мына бір кең тараған видеода сайлау учаскесі қызметкерінің ақ пакет ұстап екінші қабаттан саты арқылы түсіп келе жатқаны, ал сатыны полиция қызметкерінің ұстап тұрғаны көрінеді.

Видеоға түскен адамдардың кемі екеуінен сайлау комиссиясы мүшесінің куәлігі байқалады. Видеодағы ғимарат – Минск қаласындағы №66 мектеп. 9 тамыз күні бұл мектепте №17 сайлау учаскесі жұмыс істеді.

Мектеп қақпаларына ашулы жазба ілген оқушылардың наразылығына ата-аналар да қосылды. Олар әлеуметтік желілерде оқу жылы басталатын 1 қыркүйек күні мұғалімдерге дәстүрлі гүл шоғын бермейміз деп жазып жатыр. Қалғандары қаражаты шектеулі мектептерге дәретхана қағазы мен сабын сияқты тұрмыстық заттар алуға ақша бермейтінін айтты.

Беларусьтегі беделді мұғалімдердің бірі Ганна Северинец 14 тамыз күні "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында "орталық сайлау комиссиясын кешіре алмаған кейбір ата-ана оқу жылының бірінші күні мектепке бармауға бел буған, ал кейбірі балаларын үйде оқытуға дайындалып отыр" деді.

Ганна Севярынец.
Ганна Севярынец.

Северинец ел билігіне сұрақ қойып, білім министрлігінен тиімдірек жұмыс істеуді талап еткен ашық хаттарға қолдау білдіру арқылы танымал болған. Маусым айында ол Лукашенконың сүйікті ұлы Коля туралы мазақ өлең шығарып, артынан жұмыстан қуылған. ​

Мұғалім – маусым айында рұқсат етілмеген митингіге шақырды деп қамауға алынған беделді оппозициялық саясаткер Павел Северинецтің әпкесі. Ол кейінгі күндері биліктен сайлау нәтижесін терістеуді талап еткен мұғалімдердің белді өкіліне айналды.

Беларусь оппозициясының жетекшілері 18 тамыз күні Северинецті билікті бейбіт жолмен ауыстыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі етіп тағайындады.

Северинец 12 тамыз күні биліктен сайлау нәтижесін терістеуді және конституциялық құқығын пайдаланып, бейбіт шеруге шыққан азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетуді тоқтатуды талап еткен ашық хатқа қол қойды.

Хатқа қол қойғандар "кейбір мұғалімдер сайлау нәтижесін бұрмалауға атсалысса да ұстаздар қауымының кәсіби қадір-қасиетін сақтағысы" келетінін жазған.

Беларусьтегі жағдай

Құрметті оқырман! Беларусьтегі билікке қарсы наразылық жайлы барлық ақпаратты Азаттықтың арнайы парақшасынан оқи отырыңыз.

Хат авторлары бұрынғы оқушыларының әрекетін де сынға алды. "Біз барлығын оқыттық, азаматтарға оқ атқанды да, оққа ұшқанды да. Біз бәрін бірдей жақсы көрдік. Кейбірін өз құқығы үшін күресте батыл әрі әділ болуға, жанын аямауға үйрете алып, қалғанын заңға қайшы бұйрыққа төтеп беруге үйрете алмағанымыз жанымызға батады" дейді мұғалімдер ашық хатта.

Хатқа мемлекеттік және жекеменшік білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін жүздеген мұғалім қол қойды.

"Настоящее время" арнасына берген сұхбатында Северинец "сайлау нәтижесін бұрмалауға мұғалімдердің бәрі бірдей қатыспады" дейді.

Оның сөзінше, кейбір мұғалімдер еңіреп жылап, сайлау нәтижесін растайтын хаттамаға қол қоймаған. Дегенмен Северинец "сайлау нәтижесін бұрмалауға біршама мұғалім қатысты және олар мұғалім мәртебесіне ұмытылмас нұқсан келтірді дейді.

Северинец – мұғалім абыройын сақтауға тырысып, оларға үлкен қысым жасалғанын түсіндіруге талпынған жалғыз адам емес.

Rebenok.by сайтына сұхбат берген мұғалім Наталья (аты-жөні өзгертілген) "бізде таңдау болмады, қармаққа іліндік" дейді.

"Біреудің баласы бар, біреудің қарызы бар" деген мұғалім "Северинец секілді танымал емес" екенін, басқа жұмыс табудың қиын екенін айтты. Сөзінше, учаскелердегі комиссия мүшелерінің бәрі бірдей биліктің сайлау нәтижесін бұрмалауға деген пейілін қолдай қойған жоқ.

"Комиссияның да түр-түрі болды. Комиссия құрамындағы мектеп директорлары арасында барлығын дұрыс жасаған да, қабырғаға дұрыс хаттаманы іліп, атқарушы комитетке бұрыс хаттаманы берген де болды" дейді Наталья.

"Сайлау комиссиясының мүшесі ретінде жұмыс істеуден бас тарттық" деген он шақты мұғалім 14 тамыз күні Минскідегі шеруге қатысып, өзгерісті қолдайтынын білдірді.

"Қысымның аяқталғанын күтіп отырмын. Сонда ғана 1 қыркүйек күні балалар [мектепке] келгенде беттеріне абыроймен қарап, оларға білім беретінімізді жеткізе аламыз" дейді аты-жөнін атамаған мұғалім Азаттықтың Беларусь қызметіне.

"Бізді кешіріңдер" деді мұғалім.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG