Accessibility links

Лукашенко "өлсем де қайта сайлау өткізбеймін" дейді. Оппозиция шеруді жалғастырмақ


"Кет!" 200 мыңнан аса адам Лукашенконың отставкасын талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:23 0:00

16 тамызда Беларусь астанасы Минскіде президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспеген нөпір халық шеру өткізді. Кей болжам бойынша, Минскінің Жеңіс алаңында жексенбідегі наразылық жиынына 100 мыңнан 220 мыңға дейін адам қатысқан. Оппозиция мен зауыттар наразылықты осы апта да жалғастырмақ.

"БелАЗ", "Нафтан", "Беларуськалий" сияқты ірі өндіріс орындарының қызметкерлері 17 тамыздан бастап жаппай ереуілді бастайтынын мәлімдеді. Талап – Александр Лукашенконың отставкасы.

Оппозиция халықты жаппай наразылықты әрі қарай жалғастыруға шақырды.

"ТРИБУНАЛ!", "КЕТ!", "МАСҚАРА!"

16 тамызда Минскінің Жеңіс алаңында жиналған жұрт оппозицияның ақ-қызыл жолақты жалауын көтеріп, "Трибунал!", "Кет!","Масқара!", "Саяси тұтқындарға – бостандық!" деп айқайлады.

Бұл күні елдің басқа қалаларында да оппозиция демонстрациялары өтті.

Беларусьтегі мемлекетке тиесілі ірі өнеркәсіп орындарында, зауыт-фабрикаларда өткен апта бойы сайлау қорытындысымен келіспегендер ереуіл өткізді.

Оппозиция өкілдері 9 тамызда өткен сайлауда халықтың дауысын ұрлап, алтыншы мерзімге сайланды деп айыптап отырған Лукашенко "80 пайыз дауысты қолдан жасау мүмкін емес" деді. Беларусь Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, Александр Лукашенко 80,01 пайыз дауыс жинаған.

Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі наразылық. Минск, 16 тамыз, 2020 жыл.
Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі наразылық. Минск, 16 тамыз, 2020 жыл.

Ресми мәлімет бойынша, оппозиция атынан түскен кандидат Светлана Тихановская 10,09 пайыз дауыс алған. Бірақ сайлау науқаны кезінде ол өткізген жиындарға өте көп адам жиналып жүрген.

Тихановская жеке қауіпсіздігін қорғау мақсатында Литваға кетіп қалған, бірақ ол артынша Беларусь халқын өз дауыстарын бейбіт жолмен қорғауға шақырған.

16 тамыздағы кезекті видеоүндеуінде Светлана Тихановская қамаудағылардың барлығын босатып, жаңа президент сайлауын ұйымдастыруға қажет шарттар мен заңдық базаны қалыптастыратын ұлт лидері болуға дайын екенін мәлімдеді.

"ШЕКАРА ТҮБІНДЕ НАТО ТАНКІЛЕРІ ТҰР"

16 тамызда Минскідегі оппозиция жиналған алаңнан 2 километрдей жердегі Тәуелсіздік алаңында Лукашенко жақтастарының да үлкен жиыны өтті.

Беларусь президенті Александр Лукашенко жақтастарының алдында сөйлеп тұр. Минск, 16 тамыз, 2020 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко жақтастарының алдында сөйлеп тұр. Минск, 16 тамыз, 2020 жыл.

Елдің ішкі істер министрлігінің есептеуінше, 65 мыңдай жақтасы жиналған митингіде сөз сөйлеген президент Лукашенко НАТО танкілері мен ұшақтары Беларусь шекарасынан 15 минуттық жерде тұрғанын, көрші елдердің қайта сайлау өткізуді талап етіп жатқанын, бірақ бұл талапты орындай алмайтынын айтты.

BBC-дің хабарлауынша, Лукашенконы қолдауға жиналғандардың саны 10 мың мен 31 мыңның арасында болуы мүмкін.

– Қараңыздар, танкілер мен ұшақтар біздің шекарадан 15 минуттық жерде әзір тұр. НАТО [әскерінің] есігіміздің алдында шынжырын сылдыратып жүргені тегін емес, еліміздің батыс шебінде әскери күш жұмылдырылып жатыр, – деді Лукашенко.

НАТО-ның ресми өкілі Шығыс Еуропада әскер жұмылдырылып жатыр деген мәліметті жоққа шығарды. "Альянстың шығыс бөлігіндегі НАТО-ның көпұлтты әсері ешқандай елге қауіп төндірмейді" деді ол. Бұған қоса НАТО Беларусь үкіметін азаматтардың негізгі құқықтарын, соның ішінде бейбіт митинг өткізу құқығын құрметтеуге шақырды.

Tut.by ақпарат сайтының хабарлауынша, Минскідегі Лукашенконы қолдау жиынына "жұмыстан шығарамыз" деп қорқытып, үкіметте, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер мәжбүрлеп қатыстырылған.

Әлеуметтік желідегі видеоларға сенсек, Лукашенконы қолдаған жиынға қатысқандар "Біз батьканы (Лукашенконы кейбіреулер бейресми түрде солай атайды – ред.) жақтаймыз" деп ұрандаған.

Екі лагерьдің бір-біріне жақын жерде жиналуы олардың арасында қақтығыс болуы мүмкін деген қауіпті күшейтті. 16 тамызда Тәуелсіздік алаңының айналасы темір шарбақпен қоршалды, ауылшаруашылық көліктері жолдарды бөгеп тастады.

Кешке қарай оппозиция шеруіне қатысқан жұрт президентті қолдаушылар жиыны өткен орынға қарай ойысты.

Азаттықтың Беларусь қызметінің хабарлауынша, жақтастары алдында Лукашенко сөз сөйлеген жерге бірнеше сағаттан соң наразы жұрт жиналып, Үкімет үйінің баспалдағында отырып ән айтып, бейбіт шеру өткізген.

КӨРШІЛЕР ҚАЙТА САЙЛАУ ӨТКІЗ ДЕП БҰЙЫРЫП ЖАТЫР

Лукашенко қайта сайлау өткізуді талап етіп жатқандардың тілегін ешқашан орындамаймын деді. "Кімде-кім елді жығып бергісі келсе, бұған жол бермеймін, тіпті өліп қалсам да" деді Беларусь президенті.

"Литва, Латвия, Польша және ет жақынымыз – Украина басшылығы бізге жаңа сайлау өткіз деп бұйырып жатыр. Олардың ырқына көнсек, төмен құлдилаймыз, бұдан соң әуе кемеміз ешқашан тіктелмейді, халық ретінде, мемлекет ретінде және ұлт ретінде жойыламыз" деді ол.

Иллюстрациялық сурет
Иллюстрациялық сурет

Украина президенті Владимир Зеленскийдің баспасөз қызметі Лукашенконың "бұйрық берді" деген сөзін "барып тұрған өтірік" деді.

16 тамызда Ресей президенті Владимир Путин Беларусь басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Кремль сайтының хабарлауынша, сұхбаттасушылар Минскіге "сырттан жасалып жатқан қысымды қаперде" ұстаған. "Ресей жағы Одақтық мемлекет құру келісімінің принциптері негізінде және, қажет болған жағдайда, Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымының аясында қалыптасқан мәселелерді шешуде көмек көрсетуге дайын екенін білдірді".

15 тамызда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Беларусь басшысын "азаматтық қоғаммен тілдесуге" шақырды.

4 МЫҢДАЙ АДАМ ҚАМАУДА ОТЫР

Сайлаудан кейінгі күндері елдің түкпір-түкпірінде болған наразылықтар кезінде 7 мыңға жуық адам қамалған. Полиция резеңке оқ пен граната қолданғандықтан екі кісі қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған. Кемінде бір жағдайда әскери қару қолданылған.

Наразылық кезінде милициядан соққы алған белсенді. Минск, 15 тамыз, 2020 жыл.
Наразылық кезінде милициядан соққы алған белсенді. Минск, 15 тамыз, 2020 жыл.

Қамауда отырып шыққандардың айтуынша, көпшілігін қатты ұрып-соққан, бұл жағдайдың көбі фото, видеоға түсіріліп әлеуметтік желіде тарады. Қамауда әлі мыңдаған адам отыр, бұған халықаралық қауымдастық алаңдаушылық білдіріп жатыр.

Сайлауға қатыстырылмай, түрмеге қамалған оппозиция кандидаты Виктор Бабариконың сайлау штабының жетекшісі болған оппозиция серкесі Мария Калесникова Минскіде өткен шеруде "саяси тұтқындардың барлығын босатуды" талап етті. Оның айтуынша, қазір елде 4 мыңға жуық адам қамауда отыр.

"Басты талабымыз – бұрынғы президент [Лукашенко] кетуі тиіс!" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG