Беларусь жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Светлана Алексиевич Азаттықтың Беларусь қызметіне берген сұхбатында елдегі саяси жағдайға байланысты көзқарасын білдірді.
– Меніңше, билік халқына соғыс ашты. Радикалданып жатқанына қоғам куә. Өйткені ОМОН-ның (полицияның арнайы жасағы – ред.) істеп отырғанын елестету мүмкін емес болатын... Мұндайды өзге елдерден көретінбіз, бірақ қазір өз елімізде не болып жатыр? Ішінде кішкентай бала отырған көліктерге оқ атты және ол қан-қан болып жатыр, жүкті әйелдерді тоқпақтап, АҚШ-тағы қара нәсілділердің толқуына әкелген оқиғадағыдай ұсталғандарды қылқындырып жатыр.
Қазір адамдарды көшеден тектен-текке ұстап әкетіп жатыр. Ұсталғандар спорт залдарында отыр, ас-суы жоқ. Бұлардың бәрі – бейбіт тұрғындар. Бүгін [қарсылық акциясына] әйелдер шықты. Олар: "біз сайлау туралы шындықты білгіміз келеді, ерлерімізді өлтірмеңдер" деді. Олардың екі-ақ талабы болды. Олар гүл шоғын әкеліп, Мәңгілік алау алдында сыйынды. Ал кейін олар тарай бастап, қатары азайғанда оларды ОМОН шабуылдады. Мен түнде не болып жатқанын айтпай-ақ қояйын. Мұның бәрі – әскердің істейтін тірлігі...
– Адамдар Лукашенконың Светлана Тихановскаядан жеңілгені сенімді ме?
– Толықтай сенімді және мен бұл сенімділіктің қайдан келгенін білемін. Ешкім айналасынан Лукашенконы жақсы көретін, оны бұрынғыша қорғаштайтын адамды көрмейді. Көшелерімізде болып жатқан жағдайдан соң бұл адамға қалай сенуге болады?! Мұнда көптеген ресейлік ОМОН қызметкерлері жүр деген қауесет (мұны Беларусь саясаткері Анатолий Лебедько айтты, бәлкім оны расталған дерегі бар болар) бар. Мұны кім жақсы көреді? Мұны кім жақсы көре алады? Оның үстіне беларусьтер әрдайым бейбіт тұрғындар екенін, ешкімді ұрғысы не өлтіргісі келмейтінін мәлімдеп отыр. Ал ОМОН оларға қарсы адамдыққа жатпайтын озбырлық көрсетіп отыр. Мұны Беларусь ОМОН-ы істеп отырғанына сене алар емеспін. Меніңше, Беларусь жігіттері өздерінің аналары мен әпке-қарындастарын бұлай ұра алмауы тиіс. Бұған сену қиын. Бәрі бір-бірін танитын шағын қалашықтарда ОМОН адамдарды соққыға жығудан бас тартып жатыр. Адамдар өз адамдарын ұрғысы келмейді. Ал мұнда адам сенгісіз жайттар болып жатыр...
– Светлана Тихановскаяның Беларусьтен Литваға кетуін қалай бағалайсыз?
– Мен көпшілік пікірімен келісемін, Тихановская өз ісін аяқтады. Ол өзгеріске деген құлшыныстың, жаңа өмірге деген құлшыныстың, ақиқатты аңсаудың, ұлты мен жары үшін өзін құрбан етудің символы болды және бола бермек. Енді адамның күші шексіз емес қой. Ол қолынан келгенін жасады. Ол туралы қандай да бір теріс пікір айта алмаймын. Енді алдыңғы шепке ерлер шықсын. Міне, Ұлттық құтқару комитеті құрылып отыр, енді элита да жиналуы тиіс, күреске қоғам болып жұмылу қажет. Бар жүкті бұл үш әйелге артып қоюға болмайды.
Вероника Цепкало, Мария Колесникова, Светлана Тихановская – бұл үшеуі де керемет жандар. Мария әлі де қызметінде. Ал егер қыл үстінде балаларының өмірі тұрса, Светлана мен Верониканың бір сәт үзіліс алуы таңғаларлық емес. Мен біздің органдардың қалай әрекет ететінін, қалай қорқытатынын білемін. Меніңше, олар оралады.
– Ал өзіңіз арашашы рөлін атқарғыңыз келмей ме?
– Кім мен кімнің арасын айтып тұрсыз?
– Қақтығысқа түскен тараптардың.
– Жас болғанымда және ауру-сырқауда аман болғанымда, бәлкім араласар ма едім. Мен қазір де күшім келгенше көмектесіп жатырмын. Алайда қозғалысты бастауға физикалық та, моралдық та күшім жоқ.
– Қарсылық акциясына шыққан, әлі де шығуы ықтимал адамдарға не айтар едіңіз?
– Мен оларға алғыс айтамын. Олар біздің абыройымызды сақтап қалды. Кейінгі апталарды халқыма сүйсініп отырмын. Олар кәдімгідей өзгерген, олардың бойында серпіліс бар. Бұрындары көңілім толмайтын, қазір керісінше. Бар айтарым, бізге қазір қаттырақ ұйымдасу керек, сол кезде күресті бастайтын жетекшілер де табылады. Әйтпесе көбі әйелдердің [өзі-ақ] істі тындырады деп ойлайды. Олардың жанында командасы болмағаны өкінішті.
– Александр Лукашенкоға не айтар едіңіз?
– Журналист Светлана Калинкина секілді "Әдемі кетсеңші!..." деп айтар едім. Бірақ бұлай айтуға тым кеш, қан төгіліп қойды. Кеш болмай тұрғанда, адамдарды қара түнекке түсірмей және азаматтық соғысқа жеткізбей тұрғаныңда, кет! Кет! Ешкім Майданды, қанның төгілгенін қаламайды. Билікті тек өзің қалап отырсың және сенің бұл қалауың қанды қажет етіп тұр, – деді жазушы Светлана Алексиевич Азаттықтың Беларусь қызметіне берген сұхбатында.
Азаттық радиосы Беларусь қызметінің шолушысы Юрий Дракхрустың жазушы Светлана Алексиевичтен алған сұхбатының аудармасы.
ПІКІРЛЕР