Accessibility links

Беларусьтегі президент сайлауынан кейін. Наразылықтың екінші түні бір адам мерт болды


Баррикада, бір адамның қазасы. Беларусьте наразылық қалай жалғасты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:17 0:00

Видео: Беларусьте наразылық қалай жалғасты?

10 тамызда кешке Беларусь астанасы мен өзге қалаларда президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейтіндер тағы да көшеге шықты. Кей жерлерде наразылар мен полиция арасында қақтығыс болды. Билік бір адамның қаза болғанын хабарлады.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жариялаған президент сайлауының алдын ала ресми қорытындысымен келіспейтін наразы азаматтар 10 тамыз күні кешке ел астанасы мен өзге де қалаларда тағы да көшеге шықты.

Минскіде полицияның арнаулы жасағы (ОМОН) осыдан бір күн бұрынғыдай бұл жолы да наразыларға күш көрсетті: жас ағызатын газ шашып, қатты дыбысты жарқылдақ граната мен резеңке оқ қолданды. Ішкі істер министрлігі дүйсенбі күні кешке бір адамның қаза болғанын хабарлады.

Фотогалерея. Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі екінші түн

ІІМ таратқан ресми ақпаратта 11 тамыз күні сағат 23:00 шамасында Притыцкий көшесінде баррикада орнатпақшы болған наразылармен қақтығыс кезінде ер адамның полицияның арнаулы жасағына лақтырмақшы болған белгісіз зат оның қолында жарылып, ауыр жараланған әлгі азаматтың қаза тапқаны айтылған.

Дүйсенбінің кешіндегі наразылық акциясы кезінде Притыцкий көшесінде бірнеше мың адам болған. Куәгерлердің сөзінше, полиция оларды тарату үшін жарқылдақ граната қолданып, жас ағызатын газ шашқан.

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.
Полиция жасағы наразылық акциясын күшпен басқан кезде зардап шеккен адамдар. Минск, 10 тамыз 2020 жыл.
Полиция жасағы наразылық акциясын күшпен басқан кезде зардап шеккен адамдар. Минск, 10 тамыз 2020 жыл.
This image contains sensitive content which some people may find offensive or disturbing - Click to reveal
Полиция жасағы наразылық акциясын күшпен басқан кезде зардап шеккен адамдар. Минск, 10 тамыз 2020 жыл.

Президент сайлауынан кейін қақтығыстар кезінде адам өлгенін билік алғаш рет растап отыр. Бұған дейін құқық қорғаушылар дүйсенбіге қараған түні Минскіде полиция көлігі бейбіт наразылық акциясына шыққан адамдарды қағып-соғып өткен кезде бір азаматтың қаза болғаны туралы хабарлаған, бірақ ІІМ оны жоққа шығарған.

Қарсылық акциясына шыққандар көшеде қоқыс тастайтын ыдыстар мен өзге де заттардан баррикада орнатуға тырысқан. Минскідегі Пушкин даңғылында көлік жүретін жолды жауып тастаған.

"Пушкинская" метро станциясының маңында автобус жүргізушісі қатты жараланған. Ол дәл жанында жарылған гранатадан зардап шеккен. Азаттықтың Беларусь қызметі ("Свабода") медициналық жедел жәрдем көлігінде бір әйел адамның қимылсыз жатқаны туралы хабарлады.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы дүйсенбі, 10 тамыз күні жексенбіде өткен президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялаған. Ресми мәлімет бойынша, елді ширек ғасырдан бері үздіксіз басқарып отырған Александр Лукашенконы қолдап, сайлаушылардың 80 пайызынан астамы дауыс берген. Оның негізгі бәсекелесі Светлана Тихановскаяға сайлаушылардың 10 пайызға жетер-жетпесі сенім білдірген.

Тихановская ОСК жариялаған сайлаудың алдын ала қорытындысын мойындаудан бас тартты.

ОСК-ның ресми мәліметі жексенбіде президент сайлауына дауыс беру аяқталғаннан кейін жарияланған мемлекеттік экзит-полл қорытындысымен ұқсас шықты. Оппозиция билік сайлаудың шынайы қорытындысын бұрмалады деп санайды. Минск пен облыс орталықтарында және өзге ірі қалаларда 9 тамыздың кешінде мыңдаған адам наразылық акциясына шығып, дауысты әділ есептеуді талап еткен. Полиция оларға жас ағызатын газ бен су шашып, қатты дыбысты жарқылдақ граната мен резеңке оқ қолданып, күшпен таратты. Ондаған адам зардап шекті. Ел көлемінде үш мыңға жуық адам ұсталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG