Accessibility links

Беларусьтегі "Тәпішке революциясы". Лукашенкоға қауіп төнді ме?


Қолына тәпішке ұстаған адам наразылық шарасында тұр. 31 мамыр 2020 жыл.
Қолына тәпішке ұстаған адам наразылық шарасында тұр. 31 мамыр 2020 жыл.

Беларусьте мыңнан астам адам қолдарына тәпішке ұстап, наразылық шарасына шықты. Елге танымал блогер "Стоп, тарақан!" деген слоганмен жұртты "жәндікті мыжуға" шақырды. Олар "жәндік" деп алтыншы рет сайлауға түскісі келетін қазіргі президент Александр Лукашенконы атайды.

Беларусьтің бірнеше қаласы мен ауылында оппозиция кандидатын қолдап, қол қоюға кезекте тұр… Бұл – елді 1994 жылдан бері басқарып отырған, тамыздың 9-ы күні сайлауға түсіп, тағы да тақта қалғысы келетін авторитар президент Александр Лукашенко үшін қорқынышты көрініс.

Елде митинг бір ай бұрын басталды. Бұл уақытта Лукашенко оппозицияның екі лидерін қамауға бұйрық беріп, үкіметті отставкаға жіберді. Бұған қоса, ол Беларусьте "Майдан" сияқты революция болмайды деп салды (2014 жылы Украинада наразылық болып, Ресейді жақтайтын президент биліктен қуылған).

Беларусь қазір Лукашенко "психоз" деп атаған COVID-19 дертімен күресіп жатыр. Коронавирус енді тарай бастағанда ол сақтық шарасы ретінде "трактор айдауды", "арақ ішуді" және "саунаға баруды" ұсынған. Беларусь – әлемдегі карантин жарияламаған, шекарасын жаппаған санаулы елдің бірі.

9 маусымдағы жағдай бойынша, бұл елде 49 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 276 адам қайтыс болған. Бірақ сарапшылар елде вирустан көз жұмғандар саны бұдан көп деп санайды. Кейбіреулер Лукашенконың әрекетін Совет одағының Чернобыль апаты кезіндегі қимылымен салыстырады.

"Беларусьтегі қазіргі жағдайды 1986 жылғы Чернобыль апатымен салыстыру әділетті. Себебі біз қазір қанша адам ауырып, қанша адам қайтыс болғанын білмейміз. Біз көріп отырған деректер математиканың барлық заңын бұзады. Жұрт өзіне осындай немқұрайды қарым-қатынасты көрген соң кезекке тұрды" дейді 2010 жылы президент сайлауына түскен экономист Ярослав Романчук.

Жұрттың қазіргі билікке қарсы қол қоюынан соң 65 жастағы Лукашенко тамыздағы сайлауда жеңіске жету үшін қолындағы бар тетіктерді пайдалануы мүмкін. Осыған дейінгі сайлаудың бәрінде солай болған. Беларусьтегі барлық сайлауды Батыс пен халықаралық бақылаушылар "демократия стандарттарына сай емес" деп таныған.

"Меніңше, бәрі шешіліп қойған. Лукашенко жағдайды толық бақылауына алды. Сайлаушылардың қанша пайызы оған дауыс берсе де, ол қорытынды хаттамаға өзі қалаған нәтижені жазып алады" дейді 1996 жылы Ресей президенттігіне түскен Борис Ельциннің штабына кеңес берген ресейлік саяси кеңесші Игорь Минтусов Азаттықтың Беларусь қызметіне.

ҮКІМЕТТІҢ ОТСТАВКАСЫ

Маусымның 4-і күні Лукашенко қорғаныс саласын басқарған 46 жастағы Роман Головченконы премьер-министр етіп тағайындады. Ал Сергей Румастың кабинетін отставкаға жіберді. Лукашенко пандемия кесірінен келген экономикалық шығындарды азайту үшін елде тәртіп орнату жайлы айтты.

Беларусьтің жаңа премьер-министрі Роман Головченко.
Беларусьтің жаңа премьер-министрі Роман Головченко.

"Көп мәселе туындады. Оларды қысқа уақытта шешу үшін мемлекеттік барлық органдар мен үкіметтің күш біріктіргені керек" деді ол.

"Лукашенко құлдырып бара жатқан экономиканы бақылауға алып, наразылықтарды басуға тырысып жатыр. Оған кез келген тапсырманы орындайтын премьер-министр керек" дейді Минскіде тұратын саяси сарапшы Валерий Карбалевич Reuters агенттігіне.

Беларусь саясаттанушысы Дмитрий Болкунецтің ойынша, Лукашенко үкіметті отставкаға жіберу арқылы елдегі экономикалық жағдайды реттеуге тырысып жатқанын көрсеткен.

"Үкімет басына кімді қойса да, Беларусьте премьер ештеңе шешпейді. Оның қолы қысқа, тек техникалық тапсырмаларды шешеді" дейді ол Азаттықтың Беларусь қызметіне.

ҚУҒЫН ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Лукашенко үкіметте ауыс-түйіс жасаған соң келесі күні Гомель полициясы блогер Сергей Тихановскийдің үйінен "900 мың доллар тапқанын" хабарлады. Тихановский жұртты қолына тәпішке алып, "тарақан Лукашенконы мыжуға" шақырған.

Блогер Сергей Тихановский.
Блогер Сергей Тихановский.

41 жастағы блогер аймақтарды аралап, Лукашенкодан азат Беларусь туралы идеяны көтеріп жүр. Ол 200 мың жазылушысы бар YouTube арнасында елдегі коррупция туралы жиі айтады.

Тихановскийді заңсыз митинг өткізді деген айыппен қамауға алды. Орталық сайлау комиссиясы осы үшін оны сайлауға жібермеді. Бірақ оның әйелі Светлана Тихановскаяның сайлауға түсуіне кедергі жоқ.

Тихановский мамырдың 29-ы күні әйелін қолдап, қол жинау үшін елдің батысындағы Гродно қаласына барғанда полиция ұстаған. Оған «полиция қызметкеріне шабуыл жасады» деген айып тағылды. Тихановский мен жақтастары заңды қол жинау процесіне полиция шектеу қойғанын айтады.

Тағы бір белгілі оппозиционер, 2010 жылы көп заңбұзушылық тіркелген сайлауда Лукашенконың қарсыласы болған Николай Статкевичке осы жолы сайлауға қатысуға тыйым салынды. Ол мамырдың 31-і күні Минскіде өткен оппозициялық шараға қатысқаны үшін 15 тәулікке қамауға алынған. Сол күні ел астанасында, бірнеше қала мен ауылда адамдар Орталық сайлау комиссиясының қырына ілікпеген ықтимал оппозициялық кандидаттарды қолдап, қол қою үшін кезекке тұрған.

Беларусьтегі "Весна" құқық қорғау ұйымының дерегінше, мамырдың 31-і күні бүкіл ел аумағында блогерлер мен белсенділер ұсталған. Олардың бірқатары – президенттікке жекелеген кандидаттар ұсынуды көздеген бастамашыл топқа мүше. "Весна" ұсынған ақпаратқа сәйкес, ішкі істер министрлігі "полицияға күш қолдану" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Оппозиция кандидатына қол қоюға келген жұрт. Гомель, 28 мамыр 2020 жыл.
Оппозиция кандидатына қол қоюға келген жұрт. Гомель, 28 мамыр 2020 жыл.

Мамыр айында Human Rights Watch халықаралық ұйымы Беларусь билігі наразылық акциясына қатысушылар, оппозициялық блогерлер, журналистер мен үкіметті сынағандарды қудалауды күшейткенін мәлімдеген.

ӘБДЕН ҚАЖЫП, ТҮҢІЛГЕН ХАЛЫҚ

Дмитрий Болкунец оппозициялық кандидаттарды қолдауға ниеттілер Минскіде ғана емес, Брест, Гродно, Гомел, Слуцк және басқа қалаларда да көп екенін айтады. Оның пікірінше, бұл жұрттың қазіргі жағдайдан әбден қажып, түңілгенін дәлелдейді.

"Ол 26 жыл билікте отырды. Осыған қарамастан, ол қажет реформалардың бәрін жүргізіп үлгермегенін айтып, өзін тағы бес жылға сайлауды сұрап, "бастаған ісімді сол кезде аяқтайтын шығармын" деп отыр. Ол адамдарға жақсы жеңілдіктер мен жоғары жалақы ұсынып, көп уәде берді. 20 жылдан бері 500 долларға жете алмай келеміз, әр жолы бір себеп табылады. Осы жолы елдегі экономикалық жағдай, коронавирустың себебінен халықтың шыдамы таусылды деп ойлаймын" дейді Болкунец.

Саяси бәсекеге белгілі кәсіпкер және Беларусьтің АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Валерий Цепкало, банкир және меценат Виктор Бабарика қатысатыны туралы сыбыстар бизнес өкілдері мен басқа да ықпалды тұлғалар да өзгеріске ұмтылып жатыр деген ой туғызады.

Беларусь президенті Александр Лукашенко.
Беларусь президенті Александр Лукашенко.

"Менің ойымша, Лукашенко 1994 жылғы қарсыласы, тәуелсіз мемлекеттің тізгінін ұстаған соңғы советтік басшылардың бірі Вячеслава Кебичтің кебін киген сияқты. Адамдар билікке жаңа адам келгенін қалады. Бұл жағдайды коронавирус, экономикалық жағдайдың қиындығы, білім беру және денсаулық сақтау жүйесінің нашар дамуы ушықтырды" дейді Ярослав Романчук.

ЛУКАШЕНКОНЫҢ ҚОЛЫНДАҒЫ ТЕТІКТЕР

Биыл Лукашенконы өміріндегі ең қиын сайлауалды науқаны күтіп тұрғанға ұқсайды. Бірақ сарапшылар бүкіл билік Лукашенконың қолына шоғырланғанын ескертеді.

"Весна" және басқа да топтар сайлау комиссияларының құрылуын сынға алды. Құқық қорғау ұйымы "сайлау комиссияларына сайлауға қатысушы барлық саяси субъектінің өкілін қосуға құқықтық кепілдік берілмегеніне" наразы. Ұйым мұндай жағдай "оппозициялық партиялар мен топтардың дискриминациясына әкеледі" деп ескертеді.

Бұл пікірді Еуропа одағы да қолдап, мамырдың 27-і күнгі мәлімдемесінде Беларусь билігінің бейбіт демонстрацияларды басып-жаншығанын сынап, Орталық сайлау комиссиясының сайлауға "оппозицияның белді өкілдерін" қатыстырмау туралы шешіміне алаңдаушылық білдірген.

АҚШ пен Еуропа одағы Беларусь билігін сайлау кезінде заңсыздықтарға жол беріп, оппозицияны қудалағаны үшін сынап келеді. Батыс елдері Лукашенконың үкіметіне қарсы санкция енгізген. Бірақ кейінгі жылдары Лукашенко Мәскеу мен Минск арасындағы шиеленіс кезінде батыс елдерімен қарым-қатынасын реттеуге тырысып, саяси тұтқындарды босатқаннан кейін Беларусь билігіне қарсы енгізілген шектеу шараларының бірқатары алынды.

Саяси технолог Игорь Минтусов Орталық сайлау комиссиясының басшысы бұл лауазымда жиырма жылдан бері отырғанын айтады.

"Лидия Ермошина Орталық сайлау комиссиясын 20 жылдан бері басқарып келеді. Бүкіл сайлау Ермошинаның қолынан өтті. Бұл комиссия құрамының қанша жылдан бері өзгермегенін ескерсек, соңғы дауыс беру қаулысында қанша дауыспен жеңіске жететінін президенттің өзі таңдайды деген қорытынды жасауға болады" дейді Минтусов.

Беларусь ОСК төрайымы Лидия Ермошина.
Беларусь ОСК төрайымы Лидия Ермошина.

2019 жылғы парламент сайлауы кезінде тәуелсіз бақылаушы Польшамен шекарада орналасқан Брест қаласындағы сайлау учаскесінде бір әйелдің дауыс беру жәшігіне топтап бюллетень салмақ болғанын видеоға түсіріп алған.

Ермошина видео түсірген бақылаушыны аккредитациядан айыру керегін, оның сөзіне мән берудің қажеті жоғын айтқан. "Ақиқат дауыс саналғаннан кейін белгілі болады. Ақиқатқа жетудің дауыс санаудан басқа жолы жоқ" деген еді Ермошина.

Былтырғы сайлау кезінде оппозицияға парламенттен бірде-бір орын тимеген. Ұлттық кеңестің төменгі палатасындағы екі оппозициялық депутат Елена Анисим мен Анна Канопацкая сайлауға қатысу құқығынан айырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG