Accessibility links

Ресей қысымы үдеген шақта Беларусьте парламент сайлауы өтіп жатыр


Минскідегі сайлау учаскелерінің бірі. 17 қараша 2019 жыл.
Минскідегі сайлау учаскелерінің бірі. 17 қараша 2019 жыл.

Қарашаның 17-сі күні Беларусьте парламент сайлауы өтті. Мәскеу Минскіні әскери және экономикалық әріптестікті нығайтуға итермелеген сайын Лукашенко Еуропа Одағы, АҚШ және Қытаймен неғұрлым тығыз қарым-қатынас орнату жолын іздей бастады.

Беларусьте парламент сайлауы келесі жылы өтуі тиіс болған. Алайда президент Александр Лукашенко тамыздың 5-і күні парламент сайлауының күзде өтетінін, келесі жылы президент сайлауы болатынын мәлімдеген. Сарапшылар сайлауға оппозиция мүшелері қатысып жатқанмен президент "Александр Лукашенкоға адал" кандидаттардың жеңу мүмкіндігі көп екенін айтады.

Шығыс Еуропаның 9,5 миллион халқы бар мемлекетін 25 жылдан бері басқарып келе жатқан Беларусь басшысы 2020 жылы президент сайлауына түседі. Қоғамда оның авторитарлық билігі тағы қанша уақытқа созылады деген сұрақ туындайды.

Ұлттық ассамблеяның төменгі палатасындағы 110 орынға 500-ден астам кандидат "таласып жатыр". Оппозицияға қатысы бар 200-ден астам кандидат "қажетті қол жинай алмағаны" үшін сайлаудан шеттетілген. Олардың арасында оппозициялық "Біріккен азаматтық партиясының" мүшесі Анна Канопатская және тәуелсіз кандидат Алена Анисим де бар. Екеуі де 2016 жылы парламент сайлауы кезінде депутат болып сайланып, 1996 жылдан бері алғаш рет парламентке өткен тәуелсіз кандидат атанған.

Сайлау науқанын бақылап отырған ЕҚЫҰ алдын ала қорытындысын 18 қарашада таныстыратынын айтты. Ұйым 2016 жылы өткен соңғы парламент сайлауында өзге мәселелермен қатар сайлауда ашықтық болмағанын, процедуралық заңбұзушылықтар болғанын айтып сынаған.

Сайлаушылардың ширек бөлігі 12-16 қараша аралығында дауыс берген. Оппозиция биліктің бұл әрекетінен күдіктеніп, мұны "билікті асыра пайдалану" деп атады. Кейбір сайлау учаскелерінде бюллетеньдер жәшігі бақылаусыз қалып, тәуелсіз бақылаушылардың қатысуынсыз дауыс саналған.

Ал орталық сайлау комиссиясының төрайымы Лидзия Жармошина 13 қарашада бұл айыптауларды жоққа шығарып, мұны “ойдан құрастырылған дау” деп атады. Жармошина сонымен бірге студенттердің сайлауға күшпен жеткізілгені, жатақханадан қуу сияқты амалдармен қорқытқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Тәуелсіз бақылаушылар Польшамен шекаралас Брест қаласындағы сайлау учаскесінде жәшікке бюллетеньдер топтамасын салуға тырысқан әйелдің видеосын түсіріп алған. Ал орталық сайлау комиссиясын 23 жылдан бері басқарып отырған Жармошина бұл видеоны түсірген бақылаушы аккредитациядан айрылуы тиіс деп мәлімдеді.

Сайлау алдында шамамен 1000-1500 адам Минскідегі Еркіндік алаңына жиналып, Еуропадағы "соңғы диктатураны" жойып, демократиялық өзгерістерді талап етті.

Қарашаның 8-і күні видео блогер Степан Святлов (NEXTA деген атпен танымал) рұқсат етілмеген акцияға шақырған. NEXTA Youtube және Telegram желілерінде Лукашенко мен оның үкіметін әжуалап, жиі сатирикалық жазбалар жариялап тұрады.

Мысалы, Лукашенко ықпалының артқаны жайлы 25 қазанда жарияланған видео 1,7 миллион рет көрілген.

15 қарашада 200-ден астам оппозиция мүшесі Минскіде "Еркін азаматтардың жиналысын" өткізген. Полиция ешкімді ұстаған жоқ, бірақ "Европейская Беларусь" партиясының үш мүшесін марш алдында полиция ұстап әкеткен.

Қазір Лукашенко үкіметі "екі оттың ортасында" қалған сыңайлы. Мәскеу Минскіні әскери және экономикалық әріптестікті нығайтуға итермелеген сайын Лукашенко Еуропа Одағы, АҚШ және Қытаймен неғұрлым тығыз қарым-қатынас орнату жолын қарқынды түрде іздей бастады.

Бес жыл бұрынғы Украина дағдарысы Лукашенконы сескендіріп, беларусь үкіметін Ресейге тәуелділікті азайтуға итермеледі. Минск Ресейдің арзан мұнайы мен совет кезінен қалған ескі экономикасын нығайтуға бағытталған жыл сайын беретін бес миллиард көлеміндегі субсидиясына тәуелді. Екі мемлекет 1999 жылы одақтас мемлекет құру туралы келісім жасасты, кеден одағы аясында өзара шекара ашық.

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы сепаратистерді қолдағаннан кейін территориялық тұтастығына алаңдай бастаған Минск Вашингтонмен қарым-қатынасын қайта қолға ала бастады. 11 жылғы үзілістен соң екі мемлекет 17 қыркүйекте елшілерімен алмасатынын хабарлады.

Еуропа Одағымен қарым-қатынасты нығайту жолын іздеген Беларусь басшысы 12 қарашада Венаға сапарлады. Бұл Лукашенконың соңғы үш жыл ішіндегі Еуропаға алғашқы сапары.

Беларусьтің Қытаймен қарым-қатынасы да нығайды. Мәскеу Минскіге 600 миллион доллар көлемінде несие беруді тоқтатқаннан кейін қыркүйек айында Беларусь Қытайдың даму банкінен 500 миллион доллар көлемінде несие алған. Қытай мен Беларусь бұған қоса "Ұлы тас индустриалды паркін" де бірге дамытып жатыр.

(Азат Еуропа/Азаттық сайтының мақаласы негізінде жазылды).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG