Accessibility links

Беларусьте Лукашенконың қарсыластарының бірі Светлана Тихановскаяның сайлауалды митингі өтті


Беларусь президенттігіне үміткер Светлана Тихановская.
Беларусь президенттігіне үміткер Светлана Тихановская.

25 шілде күні Беларусьтің Орша қаласында ел президенттігіне үміткер Светлана Тихановскаяның сайлауалды митингі өтті. Митингіге шамамен үш мың адам қатысты. Сайлау екі аптадан кейін 9 тамызда өтеді.

Тихановскаямен бірге митинг сахнасында президенттікке үміткер болған Валерий Цепкалоның әйелі Вероника Цепкало және қамауға алынған үміткер Виктор Бабариконың штаб үйлестірушісі Мария Колесникова сөз сөйледі.

"Бәріміздің мақсатымыз ортақ. Ол – жаңа әділ сайлау" деді Тихановская өзін саясаткер емес екенін, бұрынғы қалыпты өміріне оралғысы келетінін атап өтіп.

Тихановская сайлауға түсуді ешқашан қарастырмағанын, бұл жолы күйеуі үшін қатысып отырғанын айтты. Оның күйеуі видеоблогер Сергей Тихановский президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеген соң қамауға алынған болатын.

Тихановскаяның сөзінше, оның күйеуі және өзге де үміткерлер қамауға билікке жақпайтын шындықты айтқаны үшін ғана алынған. Билік ер азаматтардан қорқып, олардың орнын әйелдері басатынын білмеді деді ол қолдаушыларына.

"Біз, әйелдер олардың жүгін көтеруіміз керек. Біз, әйелдер Беларусьті ашық, жаңа, таңғажайып болашаққа жетелеуіміз керек. Біріксек, қорықпаймыз. Біріксек, жеңеміз" деді Тихановская.

Сарапшылардың сөзінше, 9 тамыздағы сайлау елді 1994 жылдан бері басқарып отырған Александр Лукашенкоға бұрын-соңды көрмеген сынақ болайын деп тұр.

Сахнадан сөйлеген Мария Колесникова президенттікке үміткер Виктор Бабариконың ісі қолдан жасалғанын, биліктің еркіндік үшін күресетін диссиденттерді қудалап жатқанын айтты.

Митингшілер алдында сөйлеген Вероника Цепкало кейінгі 15 жылда 750 мың Беларусь азаматының жақсы өмір сүру үшін шетел асуға мәжбүр болғанын айтты.

"Мен балаларымның және отбасымның осы елде тұрғанын қалаймыз. Біз беларуспыз, біз балаларымызды Беларусьте өсіргіміз келеді" деді ол.

Тихановскаяны Беларусь жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Светлана Алексиевич те қолдады. Алексиевич Азаттыққа берген сұхбатында Лукашенконың әділ сайлау мен жауапкершілігі бар басшылықты қалайтын "жаңа ұрпаққа" тап болғанын айтты.

"Лукашенко ертегі айтып, қорқытып, үнсіз қоғамды алдап кете беремін деп ойлады. Бірақ ойлағаны жүзеге аспады" деді Алексиевич 22 шілде күнгі сұхбатта.

Оршадағы сайлауалды митингіге келгендердің кейбірі Тихановская дауыс беретінін, өйткені жұмыс орындарының көптеп ашылуын қалайтынын айтты.

"Балалар әке-шешесін көрмейді, өйткені олар өзге елге барып жұмыс істеп жүр. Президенттікке қазіргіден басқа кім келсе де жақсылыққа балауға болады. Өйткені қазір біз құрдымға кетіп барамыз" деді 31 жастағы ер кісі Азаттыққа.

Шараға отбасымен келген 35 жастағы ер азамат үкіметтің 26 жыл бұрын жақсы болғанын, бірақ қазіргі талаптарға сай еместігін, адамдардың өзгергенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG