Accessibility links

Беларусь ЕАЭО келісіміне жеке шарт қосты


Беларусь парламентінің көрінісі.
Беларусь парламентінің көрінісі.

Еуразия экономикалық одағы туралы келісімді ратифиакциялау жөніндегі заң жобасын Қазақстан парламенті сенаты мақұлдап, Беларусь парламенті жеке шарт қосты.

Қазанның 9-ы күні Беларусь парламентінің төменгі палатасы қосқан жеке шартта «жекелеген тауарлар мен кейбір қызмет түрлеріне, соның ішінде бірінші кезекте энерготасымалы, құрастырмалы өндіріс өнімдеріне кедергілер мен шектеулерді алып тастау, автомобиль тасымалы мен тағы да басқа позицияларды либерализациялау туралы екіжақты және үш жақты нақты келісімге келген сәттен бастап Беларусь Еуразия экономикалық одағы бойынша міндеттерін орындайтыны» көрсетілген.

«НЕ РЕСЕЙ КЕЛІСЕДІ, НЕ ЛУКАШЕНКО КЕТЕДІ»

Азаттық радиосының Беларусь қызметі бұл жеке шарт жөнінде жергілікті сарапшылардың пікірін білді. Сарапшылар мұны қысқаша: «Мұнай мен газды Ресейден арзан бағамен алу, сол арқылы Беларусьтің бюджетіне жыл сайын 3-5 миллиард доллар қалдыруды көздейтін шарт» деп түсіндірді.

- Қарапайым тілмен айтқанда Беларусь Еуразия одағын ратификациялайды, бірақ осы шарттар іске аспаса, келісім әрі қарай жүзеге аспайды деген сөз, - деді Беларусьтің бұрынғы еңбек және әлеуметтік қауіпсіздік министрі Александр Соснов.

Оның айтуынша, «бұл шарттарсыз Еуразия одағы келісімін ратификацияласа, Беларусь тақырға отыруы мүмкін».

Беларусь президенті Александр Лукашенко
Беларусь президенті Александр Лукашенко

Беларусь министрлер кеңесінің бұрынғы төрағасы Михаил Чигирь Ресейден бірқатар жеңілдіктер алып үйренген Минск тағы да дәметіп отырғанын айтады.

- Беларусьтің қазір талап етіп отырғаны – Еуразия одағы келісімінде бар. Бірақ ол тек 2025 жылдан кейін ғана қарастырылады. Ал егер Лукашенко осы ұстанымын табандап қорғап қалса, онда біздің бюджетімізге жыл сайын үш-төрт миллиард доллар қосымша қаржы түседі. Бұл - әрине бізге өте пайдалы, - деді Чигирь.

Еуразия экономикалық одағы келісімі туралы келіссөздер басталғалы Беларусь тарапынан айтылып келе жатқан бұл ұсынысқа қатысты Ресейдің позициясы әзірге белгісіз. Беларусь ұлттық банкі басқармасының бұрынғы төрағасы Станислав Богданкевич Азаттыққа:

- Ресей Беларусь қойған шарттармен келіседі. Егер келіспесе, онда Лукашенконы орнынан алып тастап, Беларуське жаңа президентті таныстырады, - деді.

«ӨЗ БИЛІГІНЕ КЕПІЛДІК АЛУ»

Постсоветтік елдердің ішінде 1990 жылдардың бас кезінен бері түрлі жолдармен билігін сақтап келе жатқан президенттердің бірі Александр Лукашенко осыған дейін де Ресей билігін бірнеше рет сынап, риторикасын өзгертіп көрген. «Ресеймен интеграция кезінде Беларусь мүддесіне еш нұқсан келтірмейтінін» бірнеше рет айтқан. Ресей билігінің оның сынын аса ауырсынбайтыны да байқалған. Өйткені Лукашенко Мәскеудің негізгі саяси бағытына қайшы келмейтіні белгілі.

Үш мемлекет арасындағы одақтың саясиланбауы жөнінде бірнеше рет айтқан Қазақстанда Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қатысты қоғамдық көңіл-күй ауаны әртүрлі. Әсіресе, Украина мен Ресей арасындағы оқиғалардан кейін қазақстандық қоғамдық белсенділер Еуразия одағы туралы келісімді парламент бекітпей тастауы мүмкін деп үміттенген еді.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Атырау 30 қыркүйек 2014 жыл
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Атырау 30 қыркүйек 2014 жыл

Алайда қазанның 1-інде парламент мәжілісінің және қазанның 9-ында сенаттың ЕАЭО келісімін мақұлдауы парламенттен тосқауыл күткендердің үмітін үзген. Енді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойғаннан кейін Еуразия экономикалық одағы туралы келісім Қазақстан тарапынан толық ратификацияланып болады.

«Қазақстанның Еуразия эконмикалық одағы туралы келісімді Беларусь сияқты шарт қоймай-ақ, жылдам мақұлдауына не себеп болды» деген сауалды Азаттық тілшісі қазақстандық сарапшы Талғат Мамырайымовқа қойды.

ЕАЭО туралы келісім жасау процесін қадағалап жүрген сарапшы Беларусьтің жеке шартын «саяси сауда» деп санайды. Бірақ оның айтуынша, Қазақстан да мұндай сауданы жасап көрген.

- Ресей келешек одақтас үш мемлекет бір уақытта, қазанның 10-ына дейін келісімді ратификациялайтынын мәлімдегені белгілі. Бірақ мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев желтоқсанның 10-ына дейін қаралуы мүмкін екенін айтып қалған. Астана осындай мәлімдемелер арқылы өзіне қандай да бір қолайлы шарттарға келіскенге ұқсайды. Ол шарттар Ресей президенті Владимир Путин Атырауға келген кезде де шешілген болуы мүмкін, - дейді сарапшы.

"Біз Еуразиялық одаққа қарсымыз!" тобының Facebook желісіне жариялаған суреті
"Біз Еуразиялық одаққа қарсымыз!" тобының Facebook желісіне жариялаған суреті

​Сарапшы Қазақстан тарабынан қойылған шарт президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке билігінің қауіпсіздігі мәселесіне қатысты болуы мүмкін деп болжайды.

Александр Лукашенко секілді билікте ұзақ отырған Нұрсұлтан Назарбаев қалай болғанда да өз билігін тапсыратын кезеңге таяп келеді. Осы тұрғыдан келгенде ол өзінің саяси оппоненттерін күшейтпеу үшін Ресейден кепілдік алғысы келеді. Еуразия одағы туралы келісімнің парламенттен тез өтуінің бірі себебі осы болуы мүмкін, - дейді ол.

Астана ЕАЭО-ны «үш елдің арасында тауар мен капиталдың еркін айналуына қол жеткізетін экономикалық одақ» деп сипаттап, оның болашақта қандай да бір саяси бірлікке айналуын жоққа шығарып келеді.

Еуразия экономикалық одағы туралы келісімді үш мүше-мемлекеттің ішінде алғаш болып Ресей Федерациясы биыл қыркүйектің 26-сында ратификациялаған. Биыл мамыр айында Астанада қойылған келісім бойынша Еуразия экономикалық одағын құру келісімі 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енеді.

XS
SM
MD
LG