Accessibility links

«Түкке тұрғысыз суреті» үшін соттасқан фотожурналист


«Белтелерадиокомпания» пайдаланған Антон Мотольконың суреті.
«Белтелерадиокомпания» пайдаланған Антон Мотольконың суреті.

Беларус фотографы өзі түсірген суреттерді саяси үгіт-насихат мақсатына рұқсатсыз пайдаланушылармен күреске шықты. Алайда арнайы сарапшы «оның еңбектері авторлық құқық заңымен қорғайтындай құнды дүние емес» деген қорытынды жасаған соң сот фотографтың талабын қанағаттандырмай тастады.

Беларустағы селоны шапағына бөлеген Солтүстік шұғыланың көріністерін суретке тартқан фотолардың ешқандай да көркемдік құны жоқ. Белгілі фотограф пен Беларустың мемлекеттік терадиокомпаниясы арасындағы авторлық құқыққа байланысты істе сот осындай ұйғарымға келді.

2015 жылғы наурыздың 17- сінде беларус фотожурналисі Антон Мотолько бұл елде сирек кездесетін құбылыс – Солтүстік шұғыласын суретке түсіру үшін Минскіден солтүстікке қарай жолға шығады. Түні бойы ғажайып көріністерді суретке тартқан ол артынша ең әдемі туындыларын әлеуметтік желіге жариялайды. Сөйтіп, ол фотолар демде елге таралып кетеді.

Ертесінде мемлекеттік «Белтелерадиокомпания» жүйесінен Мотольконың суреттеріне қатысты сюжет беріледі. Сюжетте журналист Мотолько түсірген суреттердің түсін Беларустың қызыл-жасыл туының түсімен салыстырады. Мемлекеттік телеарна авторға қаламақы төлемек түгіл, оның аты-жөнін де көрсетпейді, ол түсірген фотоларды көрсету үшін Мотолькодан рұқсат та алмаған.

«Азаттық» радиосының тілшісімен сұхбат батысында Мотолько мұндай авторлық құқықты бұзу әрекеттеріне Беларус фотографтарының еті өліп кеткенін айтты.

- Олар [телеарна] әрдайым осылай істейді, - дейді ол.

Бірақ бұл жолы оның жұмыстары ерекше бір мақсатқа пайдаланылыпты. Азаттық тілшісімен телефон арқылы тілдескен Антон Мотолько:

- Олар бұл фотоларды үкіметтің насихат құралы ретінде пайдаланды, - деді.

Беларустың қызыл және жасыл түсті жолақтары бар мемлекеттік туы 1950 жылдардан бастап Беларусь советтік социалистік республикасы пайдаланған жалауға ұқсас, әрі ол елдің авторитар президенті Александр Лукашенконың қатал басшылығының нышаны саналады. Лукашенко оны 1995 жылы қайтадан елдің мемлекеттік рәмізіне айналдырған.

Беларусь 1991 жылы тәуелсіздігін алған соң 1918 жылы құрылып, аз уақыт қана өмір сүрген Беларусь халық республикасының ақ, қызыл және ақ жолақты туын мемлекеттік ту ретінде бекіткен. Ал қазір бұл ту оппозицияның символы саналады.

Мотолько телерадиокомпанияны сотқа беруді ұйғарады. Әу баста 1100 доллардай өтемақы талап еткен ол артынша бұл соманы 1 копеекке (Беларусь тиыны – ред.) ауыстырады.

Антон Мотолько. Mинск. 13 қыркүйек 2016 жыл.
Антон Мотолько. Mинск. 13 қыркүйек 2016 жыл.

- Ақша үшін емес, кәсіби еңбекті бағалатқызу үшін соттасып жатқанымды көрсеткім келді, - дейді ол.

Беларуста мемлекеттік мекемелерге қарсы соттасу өте қиын. Мотолько түсірген суреттері заңсыз түрде қолданылып жатқан өзге де әріптестерінің аманатын арқалап жүргенін түсінеді.

Өткен аптада ол алғаш рет сотта бос тыраштанып жүргенін сезінді.

Заңсыз көрсетілді делінген суреттерге көркемдік тұрғыдан баға берген сарапшы Мотольконың еңбектерінде «ешқандай шығармашылық жаңалық пен ерекшелік жоқ» деген қорытынды жасады.

Сарапшының айтуынша, бұл суреттер жай «әлеуметтік құбылыстың» қарабайыр көрінісі болғандықтан, оған авторлық құқық туралы заңның күші жүрмейді. А.Мотолько бұл сот ісіне 300 АҚШ долларына жуық ақша шығындаған, соның 40 долларын ол жұмыстарын «еш өзгешелігі жоқ қарабайыр суреттер» деп бағалаған сарапшыға төлеген.

Беларустың әлеуметтік желілерінде сот шешіміне қатысты наразылық пен әзіл-оспақ көбейді. Сыра шығаратын бір компания тіпті Мотолько түсірген суреттердің бірін өзінің логотипіне де пайдаланды. Компания өкілдері «авторлық құқықпен шектелмейтін, ешқандай ерекшелігі не көркемдігі жоқ әдемі суреттері үшін» Антон Мотолькоға алғыс білдірді.

Бірақ Мотолько мұнымен шектеліп қалмақ емес. Ол енді Біріккен ұлттар ұйымына қарасты Дүниежүзілік зияткерлік құқық ұйымына шағымданбақ. «Деловая газетіне» өткен аптада берген сұхбатында ол «Текетірес енді ғана басталды» деген.

«Белтелерадиокомпанияның» өкілі Азаттық радиосының сұрақтарына электронды пошта арқылы жауап беруге уәде еткен. Алайда осы материал жарияланып жатқан тұста олардан ешқандай жауап болған жоқ.

Амос Чапплдың материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG