Accessibility links

"Екпе алмағандар биореакторға айналады". Қауіпті штамдар қалай пайда болады?


SARS-CoV-2 вирусының бөлшектері.
SARS-CoV-2 вирусының бөлшектері.

Алғаш рет Үндістанда тіркелген «дельта» варианты басқа елдерге жылдам тарап жатыр. Ол аурудан жазылып шыққандарға да, екпе салдырғандарға да жұға береді. Адамда осыған дейін қалыптасқан иммунитет оның алдында қауқарсыз болуы ықтимал. Егер вакциналау күшеймесе, бұдан едәуір қауіпті вариантты көріп қалуымыз әбден мүмкін.

"Дельта" вариантын бұрын ауырғандар да жұқтыра алады. Бірақ вакциналар жаңа одан әлі де қорғайды. Түрлі дерек бойынша, AstraZeneca және Pfizer вакциналарының ауруды жұқтырудан қорғауы (екі дозадан соң) 60-70 пайыз, ауыр халге түсуден қорғауы 90 пайыздан жоғары. Ресейлік "Спутник V" вакцинасы туралы нақты мәлімет жоқ, бірақ оның көрсеткіштері AstraZeneca екпесінікіне ұқсас болуы керек.

Маусымның басында Science журналында Калифорнияда тарап жатқан жаңа вариант туралы мақала жарияланды. Мақала авторлары коронавирустың тікенді ақуызынан оғаш мутация байқаған. Бұл вирустың ұжымдық иммунитет қалыптасқан түрінен де қауіпті штамдар пайда болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Михаил Гельфанд
Михаил Гельфанд

Коронавирустың жаңа штамдары қалай пайда болады? Ол иммунитет қалыптасса да жұға ала ма? Екпе алмағандар вирустың жаңа штамы кезінде несімен қауіпті? Штамның жаңа түрлерін алдын ала болжауға бола ма? Азаттықтың осы және басқа да сұрақтарына Сколтехтің биомедициналық зерттеулер бойынша вице-президенті, Ресей ғылым академиясының ақпарат беру проблемалары институтының "Биоинформатика" орталығының меңгерушісі, биоинформатик Михаил Гельфанд жауап берді.

"АДАМЗАТ КОРОНАВИРУСТАН ТАЯУ ЖЫЛДАРЫ ҚҰТЫЛМАЙДЫ"

– Пандемияның басылатынына енді үміттене бастап едік, коронавирустың "дельта" варианты пайда болды. Басқа варианттармен салыстырғанда иммунитетке қарамайды, тез жұғады, ауыр өтеді. Мұны алдын ала болжауға болатын ба еді?

– Таңғалатын ештеңе жоқ. Күз бен қыста коронавирустың тез жұғатын жаңа варианттары пайда болатыны анық еді. Бұған вирусқа иммунды жүйені жеңуге мүмкіндік беретін мутациялар қосылды. "Дельтаның" ауыр өтетіні туралы клиникалық дерек көрмедім. Бірақ егер ол тез жұғатын болса, вирустың күшті екенін, сондықтан ауру ауыр өтетінін айтуға да болады.

– Калифорнияда коронавирустың тағы бір штамы табылғаны және оның қауіптірек екені айтылды.

– Иә, оны жеңу үшін антидене де көп болуы керек. Ол бұдан да жылдам тарап, иммунитетке қарамайтын сияқты. Жер шарындағы халықтың көбі екпе алмаса, жаңа штамдар пайда бола береді.

– Жұрттың көбіне екпе салу мүмкін болса да, оған ұзақ уақыт керек. Бәрі екпе алып болғанша, қазіргі вакциналар қарсы тұра алмайтын жаңа штамдар пайда бола бере ме?

– Жаңа штамдар да тез пайда болмайды. Ал қазір пайда болып жатқандарға иммунитет мүлдем қарсы тұра алмайды деуге келмейді. Бірақ екпеден кейін қалыптасқан иммунитетке бағынбайтын штамдар пайда болса, вакциналарды өзгерту керек болады. мРНҚ негізіндегі екпелерді жаңа штамға бейімдеп өзгерту оңай. Бірақ екпені қайта салу керек болады.

– Сосын тұмау сияқты бола ма? Жылда жаңа штамм, жылда жаңа екпе науқанын күтейік пе?

Коронавирус дәл тұмау сияқты, тек одан аздап қауіптірек деп ойлау қауіпті.

– Ковидті тұмаумен салыстырғанды ұнатпаймын. Бұл дұрыс емес. Біріншіден, олардың биологиясы әртүрлі. Тұмаудың өзгеру себебі коронавирустікі сияқты емес. Тұмау вирусы коронавирустан да тез өзгереді, себебі оның жаңа варианттары табиғи резервуардан алынады. Тұмау вирусының эволюциясы SARS-CoV-2 сияқты адамның ағзасында жүрмейді. Екіншіден, коронавирус дәл тұмау сияқты, тек одан аздап қауіптірек деп ойлау да қауіпті. Мұндай сөзді жауапсыз ақымақтар ғана айтады. Екеуі де вирусты эпидемия. Бар ұқсастығы осы ғана. Коронавирустың өзгеруі тұмау вирусына қарағанда төмен. Бірақ коронавирустың патогендігі анағұрлым жоғары. Екеуін ұқсату дұрыс түсінік қалыптастырмайды. Сіздің сұрағыңызға келсем, "жылда жаңа штамм" деген де дұрыс аналогия емес. Тұмау вирусы маусымдық сипатта келеді. Коронавирус маусымдық емес. Оның толқыны жылына бір рет емес, одан да жиі болады. Тұмау екпесінің әсері коронавирус екпесінікінен едәуір төмен. Коронавирусқа қарсы вакцина жаңа штамдардан қорғай алады, тұмауға қарсы екпе тұмаудың жаңа штамдарына қарсы тұра алмайды. Салыстыруға болатын жалғыз нәрсе – таяу жылдары адамзат коронавиустан да, тұмаудан да толық құтыла алмайды.

Вакциналау орталығы. Мәскеу, 6 шілде 2021 жыл.
Вакциналау орталығы. Мәскеу, 6 шілде 2021 жыл.

"ВИРУСТАН ЖАЗЫЛҒАНДАР ВАКЦИНА АЛҒАНДАРҒА ҚАРАҒАНДА ЖИІ АУЫРАДЫ"

– Ковид эволюциясының ең жағымсыз жері – коронавирустың жаңа штамдары табиғи немесе екпеден кейін пайда болған иммунитетке қарамайды. Биологиялық тұрғыда бұл қалай болады?

Адам 10 миллион антигенге қарсы антидене жасай алады. Бірақ бұл жетпейді.

– Алдымен иммунитеттің қалай жұмыс істейтінін түсіндіру керек. Бұл – керемет жүйе. Антиденені түзілуіне әкелетін жасушаларды жасайтын арнайы механизм бар. Ал антидене қарсы тұруы керек антиген өте көп. Иммунитет алдымен шектеулі антигендермен жаттығады. Арнайы механизм антидене генін жасайды. Адам 10 миллион антигенге қарсы антидене жасай алады. Бірақ бұл жетпейді. Иммунды жүйенің В-лимфоцит деген маңызды бөлігі бар. Олар антигенді танып, антидене туғызады. Бұл В-лимфоциттер антигенді жақсы тануы мүмкін, дұрыс танымауы да мүмкін. Қаншалықты жақсы таныса, антигенмен байланысатын рецепторлар да соншалық көп болады. Ал байланысқан рецепторлар көп болған сайын В-лимфоцит жылдамырақ бөлінеді. Сондай-ақ антиденеге жауап беретін гендегі мутация механизмі іске қосылады. Дарвин айтқандай эволюция жүреді. Лимфоциттердің бұл эволюциясы иммунитеттің жаңа патогенге жауап беруіне әсер етеді. Бірақ, патоген де көбейеді. Бұл да проблема. Иммунды жүйе эволюциялық жолмен жаттығып, жаңа патогенге дайындалып үлгере ме немесе патоген оны өлтіріп үлгере ме деген сұрақ туындайды. Инфекциялық аурудан бәрі жазылады. Бірақ, өкінішке қарай, емделіп үлгермейтіндер өледі.

Коронавирус вакцинасын өндіру процесі.
Коронавирус вакцинасын өндіру процесі.

– Екпе салу – нағыз патоген келмей тұрып сол жаттығуды өткізуге мүмкіндік бере ме?

– Иә, дұрыс антидене шығаратын жаттыққан лимфоциттер уақыт өте келе кетеді, ал патоген кетпейді. Бірақ клеткалар сол патогенге дайындықты есте сақтап қалады. Олар көбеймей, ұйықтап жатады. Патоген пайда болғанда жасуша оянады да, жылдам көбейіп, патогенге қарсы тұруға үйренген лимфоцитке айналады. Осылайша иммунды жүйе патогенді уақыт жағынан жеңеді. Ағзада патогенге көбеюге және ауру туғызуға мүмкіндік бермейтін қосымша уақыт пайда болады. Егер сізде "оқылған" резервистер көп болса, кенеттен келген соққыға жақсырақ төтеп бересіз.

– Бұл "резервистер" мутацияланған патогенмен кездескенде не болады?

Коронавирус тұмау сияқты жылдам және қатты өзгере алмайды.

– Есте сақтау жасушасы оны баяу таниды, иммунитет баяу жауап береді. Біріншіден, олар бірден көбеймейді. Екіншіден, бұрынғы вариантқа жаттыққандықтан, жасушаға қайта үйренуге тура келеді. Сәйкесінше, вируста иммунитеттен қашу үшін көбірек уақыт болады. Бұл вирустың ескі түріне есте сақтау жасушасы болмағаннан жақсы. Бұл жерде вирус қаншалықты өзгеруі мүмкін деген сұрақ туындайды. Мысалы, тұмау вирусында коронавирустағыдай нақты мутация емес, үлкен өзгеріс болады. Вирустың бұрынғы түрлерінен де өзгеше вариант болса, "испан тұмауы", "гонконг тұмауы", "шошқа тұмауы" секілді пандемия болады. Коронавирус дәл солай жылдам және қатты өзгере алмайды. Мутацияланған жаңа варианттар пайда болады, иммунды жүйе жасушаларына қайта үйренуге тура келеді. Вирус көбейіп, көбірек адамға жұға береді. Бірақ "қайта үйрену" вирус ауыр жағдайға әкелетіндей соншалықты ұзақ процесс емес. Вакцина 100 пайыз қорғамайды, бірақ аурудың ауыр өтуінен, оның ішінде жаңа штамнан туған аурудан жақсы қорғайды.

– Ауруға қарсы қандай иммунитет тиімді? Аурудан кейін табиғи жолмен қалыптасқаны ма, әде екпеден кейін пайда болған иммунитет пе? Бірнеше ай бұрын табиғи иммунитет деп айтатын еді, қазір көбі екпеден пайда болған иммунитет мықтырақ деп айтып жүр.

– Қазіргі статистика бойынша, вакцина алғандарға қарағанда табиғи иммунитеті барлар жиірек қайта ауырады. Бұрын нақты дерек болмады, табиғи иммунитет күштірек деп ойлады. Егер адам ауырса, оның ағзасында вирус ақуызының көбіне антидене қалыптасады деп тұжырымдады. Ал сіз "Спутник" немесе мРНҚ-вакцина салдырсаңыз, антидене вирустың нақты бір ақуызына ғана жаттығады. Яғни, әмбебап иммунитет бір ақуызға бағытталған иммунитетке қарағанда күштірек болады деген болжам болды. Қазір олай емес сияқты. Вирустың сыртындағы сыртқы ақуызға жаттыққан иммунитет әр ақуызбен біркелкі, бірақ ақырындап күресетін иммунитетке қарағанда тиімдірек болып шықты.

Адам ағзасындағы коронавирус жұққан жасуша.
Адам ағзасындағы коронавирус жұққан жасуша.

"ҚАЗІР ЖАҒДАЙ ҚАУІПТІ"

– Бір ақуызға арнайы жаттыққан иммунитет әмбебапқа қарағанда күштірек. Бірақ егер мутация дәл сол ақуызда болса, бұл оның тиімділігіне де қаттырақ әсер ете ме?

–Бұл бір жағынан әділетті. Екінші жағынан, белгілі бір мутация S-ақуызды толығымен өзгертпейді. Қайткенмен де, ондайды әлі көрмедік. (Бірақ Калифорния штамын бақылап көру керек, себебі онда тек реттілік емес, ақуыз құрылымы да өзгерген) Сондықтан есте сақтау жасушалары жаңа вирусты бәрібір таниды. Халықтың жартысы екпе алса, жартысы алмаса, иммунитетке бағынбайтын жаңа штамдарды туғызатын биореактор іске қосылады. Бұл өте қауіпті.

– Бұл "биореактор" қалай жұмыс істейді?

– Кез келген мутация адам ағзасында жүреді. Ағзадан тыс жерде вирус көбейе алмайды. Мұндай мутациялар жиі пайда болмайды. Егер біз қазіргі вирус штамдарын 2019 жылғы желтоқсандағы вируспен салыстырсақ, олардың 30-40 нуклеотидінде өзгешелік болады. Бірақ адамдардың көбінде иммунитет болмаса, оларда кездейсоқ мутация салдарынан әртүрлі жаңа варианттар пайда болады. Кейде мұндай мутацияның адамға еш әсері болмайды немесе аз болады. Бірақ кейде вирус үшін пайдалы мутация болады. Бұл жағдайда вирус жылдам көбейіп, грек әрібімен таңбаланған жаңа штамм пайда болады. Мұндай қауіпті мутация қандай жағдайда туындайды? Ауру енді пайда болғанда, эпидемия енді басталғанда, әлі ешкім вакцина алмағанда жаңа штамм пайда болмайды. Ұжымдық имунитет қалыптасқанда, ауырғандар саны азайғанда да солай. Ал егер жұрттың жартысында иммунитет бар, ал қалғанында болмаса, екпе алмағандар арасында вирустың жаңа варианттары пайда бола береді. Бұл туралы эволюциялық биологтар да ескерткен еді. Олар қыста халықтың жартысында иммунитет болып, қалған жартысында болмаса, жағдай қауіпті болатынын айтты.

Коронавирус тестілеу орталығында.
Коронавирус тестілеу орталығында.

– Бірақ бәріне екпе салу бәрібір мүмкін емес қой.

– Ақпанда АҚШ президенті Джо Байден эволюциялық биолог Эрик Ландерді ғылым бойынша кеңесшісі етіп тағайындады. Менің ойымша, Эрик Ландер түсіндірген сияқты. Себебі көп уақыт өтпей жатып жаңа мемлекеттік хатшы АҚШ халықтың көбіне екпе салған соң мұнымен тоқтап қалмай, басқаларға, әсіресе, Африка елдеріне көмектесетінін айтты. Себебі басқа елдерде пайда болуы мүмкін жаңа штамтар АҚШ-қа да қауіп төндіреді. Бұл ешқандай альтуризм емес. Бұл есті эгоизм: АҚШ-ты қорғау үшін Жер шарындағылардың бәріне екпе салу керек. Мұны істеуге бола ма, болмай ма – бұл биологиялық емес, әлеуметтік мәселе. Мұның жақсы мысалы – қазір кездеспейтін шешек ауруы. Жаман мысалы – полиомиелит. Полиомиеличттен адамзат толығымен құтыла алар еді, бірақ әлі де Судан, Пәкістан секілді елдерде аурудың ошағы қалып отыр. Ол жерлердегі халық ерлердің ағзасына кері әсер етеді деген сеніммен екпе алмай жүр.

– Сіз қазіргі иммунитетке мүлдем бағынбайтын вирус пайда болса, жаңа екпе жасауға тура келетінін айттыңыз. Бұл уақыт қашан келетінін болжауға бола ма?

– Болжам жасау қиын. Эволюция бұралаң жолмен жүреді. Болжау мүмкін емес. Көп параметрін білмейміз. Біз қазір тек адамдардың көбіне тезірек екпе сала аламыз. Эпидемиологиялық тұрғыда планетадағы адам санына пара-пар вакцина жинап, бір апта бойы бәріне екпе салса керемет болар еді. Бұл бізді вирустан құтқаратын еді. Бірақ бұл мүмкін емес. Екінші жағы да бар. Бұл ең жаманы. Бастық екпе ал дейді, бірнеше адам барып алады. Бастық тағы айтады, тағы бірнеше адам алады. Ал ең қулары анықтама немесе QR-код сатып алады. Мұндай анықтамаларды сататындар, екпе алуды ұсынбайтын терапевтер бар. Мұндай жағдайда көп адам өледі, коронавирустың жаңа толқыны кезек-кезек келе береді.

Бір жағынан, анықтама сатып алу, "денем өзімдікі, вакцина алам ба, алмаймын да, өзім білем" деген пікір, вакцинаға қарсы дәрігерлер бар. Екінші жағынан мемлекеттік деңгейде өтірік айту, Ресей вакцинасының жақсы екенін айтып, вакцинаның тиімділігі мен кері әсері туралы материал жарияламау бар. Қоғамда осының бәрі барда, вирустың жаңа штамы ұдайы пайда болып тұрады. Бұл болжамды жауапкершілікпен айтып отырмын.

Сұхбатты Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшісі Сергей Добрынин алды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG