Бұл іс тұрмыстық зомбылық жайлы стереотипті теріске шығарды.
Күдікті: бір кездері министр болған, байлығы мен ықпалы бар, 43 жастағы ер адам.
Жәбірленуші: астрологиямен айналысқан, 31 жасында өзін өлімші етіп сабаған кісі қолынан қаза тапқан әдемі келіншек.
Қылмыс орны: Күдіктінің отбасына тиесілі мейрамхана.
Қазақстан әйелдерге қарсы зорлық шалғай ауылдарда, жалдамалы пәтерде немесе кедейлік шегінен төмен тұратын отбасыларда ғана болады деген аңызды бірінші рет жоққа шығарып отырған жоқ.
Әйелдер өздерін қорғаудың орнына жазалайтын жүйені өзгерту керегін бұрыннан айтып келеді.
– Қоғамдық резонанс басылып, бәрі ештеңе болмағандай кейіп танытқанын қаламаймыз. Өйткені олай емес. Қылмысқа төзбеушілік болуы керек. Біздің заңнан сорақысы жоқ. Әрбір үшінші әйел зорлық көргенін ескерсек, басқа не деуге болады? – дейді қазақстандық The Village сайтының бас редакторы Александра Аканаева.
Белсенділер билікте қазіргі жағдайды өзгертуге саяси ерік жоғын айтады.
"БІР АДАМНЫҢ ДЕНЕСІНЕН ОСЫНША КӨП ЖАРАҚАТ КӨРМЕДІК"
Әуелі қайғылы жағдайды тарқатып айтайық.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның әйелі Салтанат Нүкенованың үйленгеніне бір жыл да толмаған.
Нүкенова Бишімбаевтың үшінші әйелі еді.
Экс-министрдің екінші әйелі Назым күйеуі жемқорлық ісі бойынша ұсталып, сотталғанда жанында болып, барынша қолдау көрсетті. Бұл оқиға Бишімбаевтың саяси карьерасына нүкте қойды.
2019 жылы экс-шенеунік амнистиямен босап шықты. Ол Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылған, соның 2 жылын ғана өтеген.
Бишімбаевтың әкесі белгілі ректор, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың досы болған. Нүкенованың туыстары да лауазымды қызметтерді атқарған.
9 қарашада Нүкенова Bau дәмханасының VIP–залында көз жұмғаннан кейін марқұмның ағасы, Павлодардың бұрынғы әкімі Қайрат Нүкенов тергеудің объективті жүріп жатқанына күмән келтірді.
Ол 12 қарашада павлодарлық журналист Болат Аманбаевпен сөйлесіп, қарындасының денесін жууға кірген әйелдер қатты шошып шыққанын айтты.
– Қанша мәйіт жуып жүрген кісілер ғой, бірақ ешқашан бір адамның денесінен осынша жарақат көрмедік деп шықты, – деді Нүкенов. Марқұмның туысы Бишімбаевтың жақтастары блогерлерге ақша төлеп, Нүкенова туралы жалған ақпарат таратып жатыр деп есептейді.
Нүкенова ауыр бас жарақатын алған. Одан бөлек, ақпарат құралдарында марқұмның ұзақ уақыт қиналып, жан тапсырғаны туралы деректер жарияланды. Оны ұзақ уақыт мейрамхана ұстап, жедел–жәрдем шақырмаған болуы мүмкін.
12 қарашада Астана полициясы қылмысты жасыру және қылмысқа апарып соққан салғырттық баптары бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
Дәл сол күні "Гастроцентр" фуд–кортының директоры "қылмысты жасырды" деген күдікпен ұсталды. Бишімбаевтар отбасы бұл іске қатысты пікір беруден бас тартты.
"ЗАҢ БӘРІНЕ БІРДЕЙ"
Нүкенованың қазасы наразылықты тудырғаны сонша экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атышулы інісі Болат Назарбаевтың өлімі де зорлық-зомбылық туралы талқыны тоқтата алмады.
Қазір тұрмыстағы зорлыққа барғандарға жазаны қатаңдатуды талап ететін петицияға 100 мыңнан астам адам қол қойған. Заң бойынша, билік осынша адам қолдаған талапты қарап, шара қолдануы керек.
15 қарашада президент Қасым–Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденов, бас прокурор Берік Асылов және жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен кездесті. Президент оларға осы істі қадағалауға алуды тапсырып, заң бәріне бірдей екенін ескертті.
– Әйелдер мен балаларға қарсы зорлықтың кез келген түріне қарсы күресу керек, – деді Тоқаев.
БҰҰ дерегінше, тұрмыстағы зорлықтан жыл сайын 400 әйел қаза табады. Құқық қорғау органдары бұл дерекке иығын қиқаңдатады.
Мамырда ішкі істер министрлігінің өкілі 2023 жылдың алғашқа айларында әйелін ұрды деген күдікке ілінгендердің 17 пайызы ғана жауапқа тартылғанын, олар негізінен әкімшілік жазаға кесілгенін айтты.
Ол мұны жәбірленушілердің көбіне арызын қайтарып алуымен байланыстырды.
Құқық қорғаушылар әйелдерді мұндай қадамға жүйе итермелейді дейді.
Бұл видеоны өткен аптада интернетте тараған видео да растайды. Онда есіктің сыртында тұрып, жәбірленушіні зорлықшыға қарсы арызын қайтарып алуға көндірмек болған полиция қызметкері мен жылап жатқан әйел дауысы естіледі.
– Қылмысты дәлелдеу қиын болады, – дейді полицей. Ол жәбірленуші адвокат жалдап, босқа шығындалып жатқанын ескертеді.
Видеодағы әйел – Ұлжан есімді Алматы тұрғыны. Ол президентке видео жолдап, қаланың ортасындағы пәтеріне басып кіріп, өзін зорлаған адамды жауапқа тартуға көмектесуді сұрайды.
Құқық қорғаушы, "Феминита" қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Гүлзада Сержан полицияны жәбірленушілерге осындай ұсыныстармен шығуға жемқорлық итермелейді дейді.
– Зорлықшы басын бәледен арашалап алғысы келеді. Ерлердің ауызбіршілігі, полиция басшыларының қылмыстық істерді азайтуға талпынысы сияқты факторлар да бар шығар. Бұл – жүйе, – дейді Сержан.
"БАҚЫТ"
Нүкенованың қазасы мен Ұлжанның басындағы қайғы аз болғандай, Талдықорғаннан тағы бір шу шықты.
13 қарашада Жетісу облыстық полиция басқармасы қызметтік міндетін атқару кезінде 27 жастағы тұрғынды зорлады деген күдікпен полиция қызметкері ұсталғанын мәлімдеді.
Күдікті – жай қызметкер емес, қалалық полиция бөлімінің басшысы Марат Күштібаев. Ақпарат құралдарының дерегінше, ол соңғы мәлімдеме жасалмай тұрып, бейәдеп қылығымен көзге түскен.
"Бишімбаевты 2019 жылы жазасын толық өтемей неге босатып жіберді?" деген сұрақ туғаны сияқты, қоғамды Күштібаевтың да осыған дейінгі қылығы неге жауапсыз қалғаны толғандырды.
Желіде қол астындағыларды балағаттаған видеосы тарағаннан кейін полиция басшысына ескерту беріліп, уақытша қызметінен шеттетілген. Әйелдерге қарсы зорлықпен дәл осы қызметкерлер күресіп жүр.
2020 жылы құқық қорғау топтары тұрмыстағы зорлық көрген адамдарды қорғау туралы заң жобасын қуана қолдаған. Бірақ парламенттегі бірінші оқылымнан кейін заң қабылданбай қалды. Содан бері заңнамалық өзгерістер біртіндеп енгізіле бастады.
Екі ай бұрын "Аманат" партиясының депутаты әйелдер ерлерді зорлыққа итермелегені үшін әкімшілік жазаға тартылуы керек деген ұсыныс айтты.
Билік гендерлік зорлық мәселесін көтергісі келмесе де, тәуелсіз, ықпалды тұлғалар бұл тақырыпта еркін пікір білдіре бастады.
Былтыр тұрмыстағы зорлық тақырыбында түсірілген "Бақыт" фильмі халықаралық Берлин кинофестивалінде көрермен ризашылығы жүлдесін жеңіп алды. Фильм сценариін журналист әрі белсенді Әсем Жәпішева, режиссер Асқар Ұзабаев, продюсер Баян Алагөзова жазған.
2016 жылы халық алдында жүрген танымал тұлға Баян Алагөзованың күйеуі Бақытбек Есентаевтан зорлық көруі қоғамдағы әйелдер қауіпсіздігі туралы талқылауды күшейтті.
Есентаев әйеліне қастандық жасағаны үшін түрмеге жабылып, былтыр Алагөзованың келісімімен мерзімінен бұрын босап шықты.
2020 жылы пандемия өршіп, карантин кезінде бүкіл әлемде зорлық–зомбылық көбейді. Сол жылы Қазақстанда тұрмыстағы зорлық бойынша 180 мың арыз түскен. Пандемияға дейінгі орташа көрсеткіш 50 мыңболған. Қазір мұндай арыздар саны 100 000–нан асып кетті.
Әсем Жәпішева жыл басында Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутайдың "Зере" подкастына берген сұхбатында статисканың артуын әйелдердің қоғам сөзінен қорықпай, батылдана түсуімен байланыстырған.
Жәпішева "Бақыт" фильмін "өмірімізді, қоғамдағы шынайы жағдайды" көрсету үшін жазғанын айтады.
– [Қазақтар] үнемі бірнәрсе жасырып жүреді. "Жұрт не дейді?", ұят дейміз. Ел бізді бай, бақытты деп ойлағанын қалаймыз. Осы екіжүзділікті көрсету үшін фильмді "Бақыт" деп атадық. Қазақтар басқалар сені бақытты деп ойласа, бақыт деген сол деп түсінеді. Өзі бақытсыз болса да, бастысы, жұрт оны бақытты көрсе, содан асқан бақыт жоқ, – дейді Жәпішева.
ПІКІРЛЕР