Францияның белгілі интеллектуалы, журналист-жазушы Бернар-Анри Леви екі сағаттық монолог-спектаклі Босния-Герцеговинаны Еуропа Одағына қосуға септігін тигізер деп үміттенеді.
Леви маусымның 27-сі күні Босния-Герцеговинаның астанасы Сараево қаласында қойылған «Еуропа қонақ үйі» атты спектакльге үлкен үміт артып отыр.
«Бұл спектакльді қоюдағы басты мақсатымыз – тек қойылым көрсету емес, осы спектакльдің көмегімен Боснияда қазір қалыптасқан келеңсіз жағдайды өзгерту» деді ол Азаттық радиосының Балқан қызметіне берген сұхбатында.
Автордың айтуынша, француз актері Жак Вебер сомдайтын бұл спектакль «Боснияның Еуропа Одағына Сербиядан бұрын кіруіне мүмкіндік беретін» қойылым болуы тиіс.
Левидің айтуынша, спектакльдің ұзақтығы – екі сағат. Қойылым Сараеводағы Ұлттық театрде Еуропа туралы сөз сөйлемек болып дайындалып жатқан басты кейіпкердің жан тебіренісін паш етеді. Бұл шара Австро-Венгрия тағының мұрагері Франц Фердинандқа Сараево қаласында жасалған 1914 жылғы қастандықты еске алу мақсатында өткізілгелі жатыр. Кейіпкердің жұрт алдына шығуына екі сағат уақыт қалған. Сол атышулы оқиғада тақ мұрагері өлтіріліп, оның соңы Бірінші дүниежүзілік соғысқа ұласқаны белгілі.
Бірақ Леви маусымның 28-і күні жасалған сол қастандыққа баға беруден аулақ.
«Шынымды айтсам, ол туралы қандай да бір көзқарас ұстанбаймын. Мен өткен заманда емес, болашақта жүрген адаммын. Менің бар арман-тілегім – қымбатты Босниямның Еуропаға қосылуы, Еуропаның Босния алдындағы қарызын өтеуі» дейді ол.
Оның айтуынша, Вебер екі сағат бойы көрерменін елітіп ұстап тұра алатын жалғыз актер.
Мамыр айындағы Еуропарламент сайлауында оңшыл партиялар біраз жетістікке жеткен. Левидің бұл өзгеріске көңілі толмайды. Оның айтуынша, Боснияның одақ құрамына өтуі кәрі құрлықты жайлаған ұлтшылдыққа соққы беруі тиіс.
«Қазір Еуропа дертке шалдыққан... оны қайта бас көтерген популизм, ұлтшылдық, кейде шектен шығып кететін оңшыл әсіреұлтшылдық, фашизм жайлаған. Бұл үрдіс тіпті Францияның өзінде де кездеседі. Боснияның қосылуы одақтың бойына жаңа қан жүгіртіп, таза ауамен тыныстатады, Сараевоның жаңа құндылықтарын енгізеді» дейді ол.
Боснияның Еуропа Одағына қосылу мәселесі біраздан бері көптеген себептермен кейінге қалдырылып келеді. Бұған этникалық тұрғыдан алауыз болып отырған басшылары да кінәлі. Бұған қоса елдің экономикалық ахуалы да мәз емес. 2012 жылы Босния-Герцеговинадағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 4555 АҚШ доллары болды. Ал Еуропа Одағындағы бұл көрсеткіш 33 мың АҚШ доллары шамасында.
Леви біраздан бері Босния халқына жанашырлық танытып келеді. Соғыс өрті шарпыған Сараевоға 1992 жылы алғаш рет келген ол содан бері мұнда жиі сапарлайтын болды.
«Бұл спектакльді жазу оңай болған жоқ, себебі 20 жыл бұрынғы естеліктердің барлығы қайтып оралды. 1992-1995 жылдар аралығында Босния халқы бастан кешкен ауыр азапты көзбен көрдім» дейді ол.
Леви саяси спектакліне зор үміт артады.
«Жетістікке жетем бе, жоқ па, ол жағын білмеймін, бірақ егер сәтті шығып жатса, онда театрдың шынайы рөлін ойнап, әлемді өзгерткенінің куәсі боламыз» деді француз жазушысы.
Люк Джонсон мен Звездан Зивковичтің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.