Accessibility links

Ресейде қазақстандық автобусты пойыз соғып, оннан аса адам мерт болды


Жолаушылар автобусы мен пойыз апаты болған жер. Владимир облысы, Ресей, 6 қазан 2017 жыл.
Жолаушылар автобусы мен пойыз апаты болған жер. Владимир облысы, Ресей, 6 қазан 2017 жыл.

Ресейдің Владимир облысында жолаушылар автобусын пойыз соғып, апат салдарынан оннан аса адам қаза болған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілінің хабарлауынша, қазаға ұшырағандардың арасында бір қазақстандық бар.

Ресейдің Владимир облысындағы Покров кентіндегі теміржол бекетінде бүгін таңға жақын жолаушылар автобусы мен пойыздың қақтығысуы салдарынан оннан астам адам қаза болған. Ақпарат агенттіктері мерт болған адамдар санына қатысты әртүрлі дерек келтіреді.

"Алдын ала мәлімет бойынша, құрбан болғандар саны 21 адамға жетті деп хабарлады жұма күні "Интерфакс" агенттігі. Апат болған аймақтағы жедел жәрдем қызметіндегі дереккөзінің хабарлауынша, дәрігерлер қатты жарақат алған бес адамды өлімнен алып қалуға тырысқанымен, олар жан тапсырған. Олардың арасында үш бала бар деп хабарланды.

ТАСС агенттігі Ресей тергеу комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, қаза болғандар саны - 16 адам деген ақпарат таратты.

"Алдын ала мәлімет бойынша, арасында бір бала бар 16 адам мерт болған. Әртүрлі дене жарақатын алған қалған жолаушылар ауруханаға жеткізілген, олардың арасында кәмелет жасына толмағандар да бар. Пойыздағы адамдардан ешкім зардап шекпеген", - деп хабарлады ТАСС.

Осының алдында апат салдарынан 15 адамның қаза болғаны туралы ақпарат тараған еді.

Покров теміржол бекетінде болған апат салдарынан зардап шеккендер Владимир облысы Петушинск аудандық ауруханасына жеткізілген.

Жолаушылар автобусы мен пойыз апаты болған жер. Покров теміржол бекеті, Владимир облысы, Ресей, 6 қазан 2017 жыл.
Жолаушылар автобусы мен пойыз апаты болған жер. Покров теміржол бекеті, Владимир облысы, Ресей, 6 қазан 2017 жыл.

Алдын ала мәлімет бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысына жолаушылар апара жатқан автобуста барлығы 57 адам – Өзбекстанның 55 азаматы және автобус жүргізуші екі қазақстандық болған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Владимир облысындағы жол-көлік оқиғасы салдарынан Қазақстанның бір азаматы қаза тапқаны, екінші қазақстандықтың қазір Покров қаласындағы уақытша орналастыру бекетінде екені туралы хабарлады.

Владимир облыстық төтенше жағдайлар қызметінің ақпараты бойынша, қазанның 6-сында жергілікті уақытпен таңғы сағат 3:30 кезінде Покров бекетінде тыйым салынған белгіге қарамастан теміржолға шығып кеткен жолаушылар автобусын Санкт-Петербургтен Нижний Новгородқа кетіп бара жатқан пойыз соққан. Mercedes маркалы автобустың UDA66813 деген мемлекеттік тіркеу нөмірі Оңтүстік Қазақстан облысында есепке қойылған көлік нөміріне ұқсайды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова Ресейде пойыз соққан автобустың иесі Сарыағаш ауданының тұрғыны екенін растағанымен, оның аты-жөнін атаудан бас тартты.

Қазақстанның инвестиция және даму министрлігінің баспасөз қызметі жұма күні таратқан ақпаратта Ресейдің Владимир облысында апатқа ұшыраған мемлекеттік нөмірі 668UОA13, 54 жолаушыға арналған ақ түсті Mercedes автобусының иесі ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылының тұрғыны Досжан Оразгелдиев аталған. Министрлік хабарламасында жүргізушілер Данияр Шілдебаев пен Нұрғали Сарманов басқарған автобус тапсырыс бойынша сапарға шығып, 29 қыркүйекте "Жайсан" шекара бекеті арқылы өткені айтылған.

Ресми мәліметте автобустың иесі ретінде аталған Сарыағаш ауданы Дербісек ауылының тұрғыны Досжан Оразгелдиев Азаттық тілшісіне:

- Меншігімде Mercedes маркалы автобус болғаны рас, бірақ оны бір жыл бұрын басқа адамға сатып жібергенмін, - деді.

Ресейдің тергеу орындары Владимир облысындағы көп адамның өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық кодекстің "Теміржол, әуе, теңіз және ішкі су көліктері қозғалысы мен пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу" бабы бойынша іс қозғаған.

Пойыз соққан автобус туралы видеосюжет (орыс тілінде):

Ресейдегі автобус апатынан кемінде 16 адам қаза болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:23 0:00

XS
SM
MD
LG