Маусымның 2-сінде осы жолдың бойында екі минивэн бетпе-бет соқтығысып, ірі жол апаты болды. Апат кесірінен төрт адам қаза тауып, 10 адам қатты жараланды.
Жол полицейлерінің алдын ала дерегінше, қызыл түсті минивэн жүргізушісі «рульге ие бола алмай қарсы жолаққа шығып кеткен». Апат орнында ішінде жүргізушінің өзі де бар үш адам көз жұмған. Тағы бір адам кейінірек жансақтау бөлімінде қайтыс болған.
Кейін қаза тапқан жолаушылардың туыстары баспасөз жиынын өткізіп, жылдамдықты асырғаны үшін көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін күшейтуді және биліктен жолдарды жөндеуді талап етті. Қаза тапқандардың туыстарының болжамынша, қызыл түсті көлік жүргізушісі жолдағы шұңқырды айналып өтпек болған кезде жолдың қарсы бетіне шығып кеткен.
- Әлгі жол толған шұқанақ шұңқыр екен. Мен әлгі қызыл «Шаран» шұңқырдан «қашамын» деп жолдың қарсы бетіне шығып кеткеніне 100 пайыз сенімдімін, - дейді Ақсай қаласының тұрғыны Иіс Досқалиева.
Жол-патрульдік полиция өкілдері бұл болжамды жоққа шығарады. «Қазавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының бас инженері Нұриддин Мұхамбетов те "жолдың апат болған тұсында шұңқыр жоқ" дейді.
- Дәл сол учаскеде - жолдың 77 километрінде шұңқыр жоқ. Көлік жүріп келе жатып, күрт бұрылған. Тежегішті басқандағы іздері бар. Ол жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Ал оның бара жатқан бағытындағы жолда ешқандай шұңқыр, ешқандай қауіп жоқ, - дейді ол.
52 жастағы Жұбандық осы «Орал-Ақсай» маршрутында минивэн көлігімен кісі тасиды. Үш баланың әкесі бала-шағасын осылай асырайды, өзге кіріс көзі жоқ. Бұл жолдың бойымен кісі тасу үшін ай сайын 37 мың теңге жарна төлеу керек. Жұбандық «әлгі қасіреттен кейін клиент азайды» дейді.
- Жолдың сапасы да өте нашар, - дейді ол.
Жұбандық сөзге жоқ кісі екен. Жолдың қандай күйде екені оның көлігінен байқалады. Көлік тынымсыз салдырлаумен болды. Жұбандық жол бойы шұңқырларды айналып өтуге тырысады. Кйеде еріксіз қарсы жолаққа шығуына тура келеді. Жағдайды жолды бөліп тұратын жолақтардың жоқтығы да қиындатып жібереді.
- Шұңқырдан кейін машина салдырлап қалады. Кейде қарсы жолақпен тартамыз, - дейді Жұбандық.
Volkswagen Sharan маркалы минивэндер Орал -Ақсай арасына жиі қатынайды. Бұл маршрутпен үлкен автобустар да жүреді, бірақ жолаушылар 130 километрден асатын қашықтыққа екі сағатқа жетпей тез баратын «Шарандарға» отырғанды жөн көреді. «Шаран» жүргізушілері жол апатынан кейін журналиспен тілдесуден қашқақтайды. Бірақ жолдың нашарлығын айтып шағынады.
- Жол жүруге келмейтіндей нашар. Күндіз амалдап жүруге болады. Түнде шұңқырға түсіп кете бересің. Жөндеу жұмыстарын жасауға болады ғой. Салық пен сақтандыру қаржысын төлеп жатырмыз. Ал билік бәрін жүргізушілерге жапқысы келеді. Жолды жөндеу керек, әкімдер қадағалауы керек. Әйтпесе, жүру мүмкін болмай барады, - дейді аты-жөнін атағысы келмеген жүргізушілердің бірі.
Жұбандық "бұл жолдың қаншалықты қауіпті екенін жергілікті көлік жүргізушілердің бәрі білетінін" айтады.
- Сондықтан садақа жәшігіне тиын тастап, аруаққа сыйыну үшін жол-жөнекей жергілікті әулиенің моласы жанына тоқтайды, - дейді Жұбандық.
Тілші оқиға орнына барып көргенде, ондағы шұңқырлардың өзге учаскелерден айырмасы жоқ екенін байқады. Жол жиегіндегі өртенген көліктердің іздері мен күйген жерде шашылған әйнек сынықтары жуырдағы қасіретті еске салады.
Апатқа кінәлі делінген қызыл түсті минивэннің жүргізушісі, 27 жастағы Асылхан Мұқаш Орал маңындағы Подстепное ауылында тұрған. Ол таксист болып бар болғаны үш ай ғана жұмыс істеген. Оның артында жесір әйелі және бір жасар қызы қалды. Марқұмның бауыры камераға жүзін көрсеткісі келмеді. Бірақ апатқа қатысты комментарий берді.
- Қалалық полиция бөліміне барғанда, ондағылар ағамның жолдың қарсы бетіндегі жиекке шығып кеткенін айтты. Ал оның бара жатқан бағытындағы жолда ешқандай шұңқыр болмаған дейді. Ақылға сыймайды, - дейді Абылайхан Мұкашев.
Адам өліміне соқтырған оқиға бойынша қозғалған қылмыстық істі облыстық прокуратура айрықша бақылауға алған. Биылғы жылғы бес айдың ішінде Батыс Қазақстан облысында 124 жол-көлік апаты тіркелген. Соның салдарынан 17 адам қаза тауып, 150 адам жарақат алған.