Accessibility links

Nazarbayev University: Кембридждегі «Назарбаев стипендиясына» қатысымыз жоқ


Назарбаев университетінің сырт көрінісі. Астана, 28 қыркүйек 2010 жыл.
Назарбаев университетінің сырт көрінісі. Астана, 28 қыркүйек 2010 жыл.

Черчилль колледжі «Nazarbayev Fellowship деп аталатын стипендияны атауына бола қабыл етпедік» деп мәлімдеген еді. Ал бүгін Астанадағы Nazarbayev University өкілдері өздерінің үміткерлерді іріктеуге ғана «көмектескендерін», бірақ Назарбаев стипендиясына ешқандай қатыстары жоқ екендігін айтты.


Сәуірдің 10-ы күні Азаттық тілшісі Кембридждегі Черчилль колледжінің «Назарбаев стипендиясы» деген тіркеске бола іріктелген студенттерді қабылдаудан бас тартуына қатысты Nazarbayev University-не хабарласқан еді.

«ҮМІТКЕРЛЕРДІ ІРІКТЕУ БІЗГЕ ЖҮКТЕЛГЕН»

Бұл мәселе бойынша түсініктеме берген оқу орнының провосты (академиялық және ғылыми проректоры) Энн Лонсдейл өздерінің стипендияға еш қатысы жоқ екенін айтты.
Nazarbayev University-дің ішіндегі хол. Астана, 28 қыркүйек 2010 жыл.
Nazarbayev University-дің ішіндегі хол. Астана, 28 қыркүйек 2010 жыл.

- 2011 жылдың қараша айында Nazarbaev University-ге PricewaterhouseCoopers (ПрайсуотерхаусКуперс) компаниясы хабарласып, өздерінің стипендиясына үміткерлердің шорт-листін жасап, көмектесуімізді өтінді. Ал бұл стипендияның тарихы қалай басталғаны жайлы Nazarbaev University білмейді. Себебі біз оның құрылтайшысы емеспіз, бұл - біздің стипендия емес және үміткерлер біздің университетте оқымайды. Біз тек делдалдық қызмет атқардық, - деді Энн Лонсдейл.

- Бірақ Қазақстанның бірнеше веб-сайтында Назарбаев стипендиясымен Ұлыбританияның Кембридж университетіндегі Черчилль колледжінде алты ай оқуға шақырған жарнамалар болды ғой? - деген сұрағымызға сұхбаттасымыз Энн Лонсдейл:

- Иә, расында да біздің университет үміткерлерді іздестіру мен іріктеу туралы ақпарат таратты. Себебі іріктеу жұмысы бізге жүктелген. Ол кезде стипендияның аты «Назарбаев стипендиясы» деп аталғаны да рас. Бірақ біз бұл ақпаратты стипендияның инициаторларынан алдық. Сол кездегі келісім бойынша стипендия «Назарбаев стипендиясы» деп аталған болатын. Біз ешнәрсе өзгерткен жоқпыз. Сондықтан стипендияның атауына қатысты сұрақтарыңызды бұл стипендияны ұсынған компанияға қойғандарыңыз жөн, - деп жауап берді.

Оның сөзінше, өткен жылы басталып, 2012 жылдың ақпанында аяқталған іріктеуден үш үміткер өткен. Университет барлық мәліметтерді Черчилль колледжіне жіберген. «Әрі қарай олардың тағдыры не болды, біз білмейміз» дейді Энн Лонсдейл.

«ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРМЕЙМІЗ»

Азаттық тілшісі Назарбаев стипендиясымен Кембриджде студенттер оқытуды жоспарлаған PricewaterhouseCoopers Казахстан компаниясына хабарласты.

Өзін компания менеджері ретінде таныстырған Райхан Исмаилова «бұл мәселе бойынша қандай да бір түсініктеме бермейміз» деп жауап берді.

Черчилль колледжінің аға оқытушысы Ричард Партингтонның сөзінше, Nazarbayev University жіберетін кандидаттардың жалпы тізімінен Кембридж университетінің Черчилль колледжі стипендия бойынша оқитындарды қабілетіне қарай таңдап алмақ болған. Колледж өкілінің айтуынша, өткен аптада стипендия тағайындауда туған қиындықтарға байланысты биыл студенттерді қабылдау мүмкіндігі жоқ екені анықталған.
Кембридж колледждерінің бірі. 29 қазан 2009 жыл.
Кембридж колледждерінің бірі. 29 қазан 2009 жыл.

Назарбаев стипендиясынан Ұлыбританиядағы Кембридж оқу орнының бас тартқаны Ұлыбританияның Times Higher Education («Таймз Хайер Эдюкейшн») басылымының сәуірдің 5-і күні жариялаған «Атау ұятқа қалдырмасын – біз автократты емес, университетті айтқанбыз» деген мақаласынан белгілі болған еді.

Автордың жазуынша, Қазақстандағы сайттарда Назарбаев стипендиясына қатысты жарнамалар пайда бола салысымен Кембридж университетіне қарасты Черчилль колледжінің басшылары қазақстандық студенттерді бұл стипендия бойынша оқытудан бас тартқан.

Былтыр Лондон экономика мектебі Ливияның бұрынғы диктатор басшысы Муаммар Каддафимен қарым-қатынас жасағаны үшін тәуелсіз және кәсіпқой ұйымдар тарапынан қатаң сынға ұшыраған еді. Times Higher Education басылымының тілшісі «Содан бері Ұлыбритания университеттерінің автократиялық режим басшыларымен байланысы мұқият тексеріліп жатыр» деп жазады.
XS
SM
MD
LG