Желтоқсанның 5-і күні Мәскеуде Каспий теңізі жағалауы елдері сыртқы істер министрлерінің басқосуы өтті. Жиын соңынан Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның әзір екендігін, оған 2018 жылы Астанада өтетін Каспий теңізі жағалауы елдері басшыларының саммитінде қол қойылатынын хабарлады.
Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау 20 жылдан астам уақытқа созылды. Азаттық халықаралық мәселе бойынша сарапшы Әлкей Марғұланнан осы тақырып жайлы сұхбат алды.
Азаттық: - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жайлы конвенцияның әзір болуы деген – жағалау елдерінің бір ымыраға келгенін білдіре ме? Кім не ұтты?
Әлкей Марғұлан: - Бұрынғы кездесулерде көбіне техникалық, экологиялық, энергетикалық, саяси, қауіпсіздік мәселелері талқыланып келген еді. Алайда энергия ресурстарына деген геоэкономикалық және геосаяси мүдде соңғы үш жылда арта түсті. Себебі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Каспийде батыс елдерінің трансұлттық корпорацияларының құзыры жиі байқалса, қазір олардың қатарына Қытай, Үндістан тәрізді Азия елдерінің компаниялары қосылды.
Құқықтық мәртебені бекіту халықаралық құқық нормаларына сай Каспий теңізіне жаңа құқықтық сипаттама береді. Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау теңіз маңындағы қауіпсіздік, теңіздегі биологиялық әралуандық, экологиялық сарап, Каспийдің түбін игеруде және транспорттық-логистикалық хаб қалыптастыруда маңызды. Конвенцияға Астанада 2018 жылдың шілдесінде қол қойылмақшы.
Азаттық: - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау процесі неге осынша ұзаққа созылды?
Әлкей Марғұлан: - Кезінде Иран, Ресей және Түркіменстанның Каспий делимитациясына қатысты позициялары басқаша болды. Теңіздің құқықтық мәртебесін айтпаған күннің өзінде Каспийдің географиялық бөлінісінің өзі даулы болып келеді. Желтоқсанның 5-інде өткен Каспий жағалауы елдері сыртқы істер министрлерінің басқосуы бұрынғы келіспеушіліктің аяқталып, жаңа дәуір басталатындығын білдіретін болса керек.
2003 жылға дейін көп елдер Каспийді энергия ресурстарының бай қоры ұйысқан бассейін ретінде ғана қарастырып келді. Алайда 2003 жылдан кейін геосаяси жағынан мән берген мемлекеттер мен зерттеушілер Каспийді қауіпсіздік мүдделері тоғысатын аймақ ретінде қарастыратын болды. Бұған қоса жағалаудағы елдер де транспорттық логистикалық жобаларды жүзеге асыра бастады. Теңізде су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де жаңа әрекет байқалды. Мұның бәрі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындалу мерзімін жақындата түсті деп есептеймін.
Оқи отырыңыз: Каспий мәртебесін кім қалай қарастырады?
Азаттық: - Каспий теңізі жағалауы елдерінің ішінде бұрынғы СССР бекіткен шекара шеңберінде қалуды қуаттаған Алматы декларациясын ескермегенде, теңіздің солтүстігін Қазақстан-Ресей, Қазақстан-Әзербайжан, Қазақстан-Түркіменстан арасында бөлісіп, құқықтық мәртебесін айқындауда ресми Астананың ғана позициясы өзгермей келе жатқан сияқты. Бұдан Қазақстан бірдеңе ұтты деп айта аламыз ба?
Әлкей Марғұлан: - Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне байланысты басымдықтың өзгеріссіз қалғанын көрсетеді. Жағалау елдері арасында теңіздегі ең үлкен үлес те Қазақстанның еншісіне тиеді. Мұның Қазақстан үшін экономикалық, коммуникациялық жағынан ұтымды тұстары бар дей аламыз.
Азаттық: - Конвенцияның бекуі барлық түйткілді бірден шешіп тастауы мүмкін емес сияқты. Мәселен, теңіздің түбін бөлуге қатысты жағалау елдері арасындағы көзқарас алшақтығы әлі сақталып отыр ғой?
Әлкей Марғұлан: - Иә, халықаралық қатынаста кейбір мәселелердің шынайы жағдайға кереғар келетін тұстары жиі кездеседі. Алайда Каспий теңізінің жағдайында конвенцияның бекуі аймақтағы елдердің ортақ мәселеде ымыраласып бірге істесе алатындығын, көзқарасын жақындата алатындығын көрсетеді. Бірақ теңіздің құқықтық мәртебесін айқындаумен мәселе бітпейді. Жағалаудағы бес елдің өз арасындағы әлі де ықтимал келіспеушіліктердің қалай шешілерін болашақ көрсетер.
Азаттық: - Конвенция бекіді, Каспийдің құқықтық мәртебесі айқындалды делік. Бұл кейбір сарапшылар айтып жүргендей трансұлттық корпорациялардың Каспийдегі құзырын арттырып, жағалау елдеріне "инвестицияның ағылып келуіне" қаншалықты әсер етеді?
Әлкей Марғұлан: - Трансұлттық корпорациялар үшін Каспий анықталған ойын алаңы болады. Олар қор көзін игеруде және инвестиция құюда белгілі бір құжатқа, заңнамамен қамтамасыз етілген құқықтық мүмкіндікке ие болады. Алайда құқықтық мәртебе анықталмай тұрып-ақ мұнай игеру саласында нарыққа енген компаниялардың да барын ұмытпауымыз керек. Сондықтан ендігіде Каспий теңізіне мұнай-газ саласы ғана емес, жүк тасымалы, логистикамен қамтамасыз ететін корпорациялар да кіре бастайды деп ойлаймын.
Азаттық: - Каспий теңізі құқықтық мәртебесінің айқындалуы қарапайым адамдарға не береді?
Әлкей Марғұлан: - Жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсер етуі мүмкін. Теңіз жағалауында жаңа кәсіпорындар пайда болады.
Каспийге сырттан әскер енгізбеу ең алдымен Каспийді ықпал аймағы ретінде танитын Ресей мен Иранға тиімді.
Азаттық: - Мәскеудегі Каспий жағалауы сыртқы істер министрлері жиынында шетелдік әскери күштерге теңізде орын жоқ екені айтылды. Бұл мәселе неден шықты? Каспийде шетел әскері болмайды дегеннің өзі нені аңғартады, жалпы, әскерін әкелем дегендер бар ма еді?
Әлкей Марғұлан: - Бұл – геосаяси шешім. Бұған дейін батыстық зерттеу ұйымдары болашақта Еуразиядағы қақтығыстардың Каспий төңірегінде болатындығын айтқан. Қазіргі жағдайда жағалаудағы екі ел – Ресейдің және Таяу Шығыстағы ірі ойыншының бірі Иранның өзара мүддесі қабысып жатыр. Каспийге сырттан әскер енгізбеу ең алдымен Каспийді ықпал аймағы ретінде танитын Ресей мен Иранға тиімді.
Азаттық: - Жақсы, бұл – тиісінше жағалау елдерінің ішінде "жуандары" ғана теңізді әскери мақсатқа пайдалана алады дегенді де білдірсе керек. Алайда оның кері салдары да болуы мүмкін ғой. Мәселен, Ресей флоты Сирия соғысында "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының позициясын құрту үшін қанатты зымырандарын Каспийден атты. Және Ресей Каспийдегі флотты қорғаныс үшін емес, шабуыл үшін пайдаланды?!
Әлкей Марғұлан: - Таяу Шығыстағы Сирия соғысы – Ресей сыртқы саясатының басты көзірі. Каспийден "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының нысандарын ату Ресейдің Сирия соғысында жүргізген операциясының бірі бөлігі ғана болды. Тек Каспийден зымыран атумен ғана болашақ кикілжіңдерді шешеміз деген емеурінді өз басым байқаған жоқпын.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.