Accessibility links

Қазақстан мен Түркіменстан Каспийдегі үлестерін бөлісті


Қазақстанның Каспийдегі Қашаған мұнай кеніші. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның Каспийдегі Қашаған мұнай кеніші. (Көрнекі сурет)

Каспий жағасындағы бес мемлекет арасында теңіздің құқықтық мәртебесі мен оны бөлісуге қатысты құжаттың болмауына қарамастан, Қазақстан мен Түркіменстан теңіздегі шекараларын бекітті.

Мамырдың 26-сы күні екі елдің ақпарат құралдары Түркіменстан парламентінің Қазақстанмен арада қарашаның 7-сі күні қол қойылған келісімді бекіткенін хабарлады. Арада бір күн өткен соң бұл келісімді Қазақстан парламенті де ратификациялағаны хабарланды.

Келісімге сәйкес екі ел Каспий теңізінің өзіне тиесілі секторына иелік етеді әрі олар ондағы ресурстарды өз ықтиярымен игеруге құқылы.

КӨЛ МЕ, ТЕҢІЗ БЕ?

Жағадағы бес ел Каспийді «теңіз» деп атау керек пе, әлде бұл айдын «көлге» жата ма деген мәселені әлі талқылап келеді. Ортақ мәміле жоқ болса да, Қазақстан мен Түркіменстан екеуара уағдаласып отыр.

Егер Каспий «көл» деп танылса, онда әр ел өз жағалауынан 16 километрге дейінгі жерді ғана өз еркімен игере алады, ал теңіздің қалған бөлігі Әзербайжан, Иран, Ресей, Қазақстан, Түркіменстан мемлекеттерінің ортақ меншігі болып саналады да, ондағы табиғат байлығын бес ел бірлесіп, келісіп пайдаланады.

Каспийдің «көл» болуына бәрінен де Иран мүдделі. Себебі, теңіз мәртебесі берілген жағдайда Иран Каспийдің оңтүстік жағалауындағы 13 пайызын ғана меншіктей алады, ал теңіздің бұл тұсында қазба байлық аз.

ТҮРКІМЕНСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ «ДАУЫ»

Түркіменстан, Әзербайжан мен Еуропа Одағы (ЕО) теңіз түбімен «Транскаспий» құбырын жүргізу жобасын пысықтап жатқаны белгілі. Бұл құбыр салынса, түркімен газы Каспийдің табаны арқылы Әзербайжанға, одан әрі Түркия мен Еуропаға жеткізілмек.

Қазақстан мен Түркіменстанның теңіздегі шекараны демаркациялау жөнінде келісімге келуі Ашғабаттың позициясын нығайтты. Түркіменстан «көрші елдермен ақылдаспастан, өз секторымда қалағанымды істей аламын, керек болса құбыр да тартамын» дегенді емеурінмен білдірген сыңайлы.

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Түркіменстан, 12 мамыр 2007 жыл. (Көрнекі сурет)
Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Түркіменстан, 12 мамыр 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалмағанын, бұдан табиғатқа зиян келуі мүмкін екенін алға тартып, «Транскаспий» құбыр жобасына қарсылық білдіріп келеді.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, Мәскеу Каспийдің экологиясынан гөрі өзінің табысына көбірек алаңдап отыр. Табиғи газға бай Түркіменстан көгілдір отынды Еуропаға тіке тартатын болса, онда Ресейдің газ сатудан түсетін табысы ортайып қалатыны түсінікті.

«Хабар» телеарнасы Қазақстанның осымен Каспий жағалауындағы екінші елмен шекара сызығын анықтау туралы келісімге келгенін айтты. 2002 жылы Қазақстан мен Ресей қол қойған келісім негізінде екі ел Каспий теңізіндегі өз үлестерін айқындаған. Сол келісімнің негізінде Қазақстан мен Ресей шекара сызығының үстінде жатқан Құрманғазы, Центральная және Хвалынское мұнай кеніштерін бірлесіп игеруге уағдаласқан.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG