Accessibility links

Назарбаев Путинді Каспийді ұңғи түсуге шақырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путин өңіраралық форумда отыр. Атырау, 30 қыркүйек 2014 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путин өңіраралық форумда отыр. Атырау, 30 қыркүйек 2014 жыл

Атырауда ХІ Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аяқталып жатыр. Қазақстан президенті екі елдің Каспий аймағы мұнайын игеруде жаңа технологияға сүйенуі қажет екенін айтты.

Жыл сайын өтетін дәстүрлі Қазақстан-Ресей ынтымақтастық форумы биыл «Көмірсутек саласындағы инновация» тақырыбымен өтті. Бұл жиын Ресейдің Қырымды аннексиялап, Украинаның ішкі мәселелеріне араласқаны үшін салынған халықаралық санкциялардан экономикасы әлсіреген тұста өтіп жатыр. Санкциялар Ресейдің мұнай-газ саласындағы, әсіресе барлау және өндіру саласындағы әлеуетіне соққы болып тиюі мүмкін деген болжам бар. Кремльдің ықпалын әлсіретіп тұрған факторлар ретінде Батыстың Ресей мұнайы мен газына деген тәуелділіктен құтылуға тырысуы және әлемдік нарықтағы мұнай бағасының арзандауы да айтылады.

Қазақстанның да Каспий теңізіндегі кеніштерінен мұнай өндіру туралы жоспарлары кешеуілдеп кетті. Биыл да өндіру процесінің техникалық себептерге байланысты тоқтатылғаны хабарланды.

Қазақстан Ресейдің жақын одақтасы болып саналады, Беларусьпен бірге бұл үш ел Кеден Одағын құрып отыр. Келесі жылдан бастап бұл құрылым капитал мен тауар еркін тасымалданатын Еуразия экономика одағына айналмақшы.

Атыраудағы форумда да президент Назарбаев "Қазақстанның Ресеймен жақындығын" айта кетті.

"Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптес, одақтас, тату көрші болған, әлі де солай, әрқашан солай болып қала береді" деді Назарбаев.

Каспийдің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі Қашаған кенішіне салынған жасанды D аралы.
Каспийдің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі Қашаған кенішіне салынған жасанды D аралы.

Бірақ президент Назарбаевтың негізгі мәлімдемесі Ресейді Каспий теңізіндегі минералды ресурстарды игеру кезінде Қазақстанмен ынтымақтаса қимылдап, жаңа технологияларға арқа сүйеу туралы жасалды. Терең және тым терең ұңғуға арналған технологиялар өндіру нақты ынтымақтасу саласының бірі ретінде аталды. Назарбаев Қазақстанға тиесілі Каспий бөлігіндегі мұнай-газ кеніштеріне ірі халықаралық мұнай компанияларының көзі түсетінін айтып, "Ресей де бұл жобаға белсенді түрде қатыса алар еді" деді.

Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік әріптесін халықаралық "Еуразия" атты мұнай-газ кеніштерін барлау жобасына қатысуға шақырды.

Балама табиғи қуат көзінің болашағына сенбейтінін айтқан Назарбаев "мұнай мен газ Қазақстанның басты жобасы" болып қала беретінін сөз етті. "Шикізат елдері атанудан қорқудың қажеті" жоқ деді ол.

Ресей президенті Владимир Путин екі елдің арасындағы тауар айналымы былтыр "алты есе өскенін", Қазақстан экономикасына салынған ресейлік тіке инвестициялар көлемі "10 есе көбейгенін" айтты.

Путин екі елдің мұнай-газ өндіру бойынша "көлемді жобалары бар екенін" айтып, Қазақстан мұнайының басым бөлігі сыртқы нарыққа Ресей арқылы шығатынын, биыл Ресейдің өзі де Қазақстан арқылы Қытайға мұнай сата бастағанын ескертті.

Форумның соңына қарай Қазақстан мен Ресей үкіметаралық АЭС салу бойынша келісімге қол қойды. Екі ел арасындағы ендігі өңіраралық форум келесі жылы Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өтеді деп келісілді.

XS
SM
MD
LG