C5+1 деп аталатын халықаралық кездесу тамыздың 21-і күні Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Жиынға АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер бойынша орынбасары Дэвид Хейл мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Жабық форматта өткен шараның баспасөз құралдарына таратқан ресми хабарламасында кездесуде "Орталық Азияның қауіпсіздігі, дамуы мен байланыстарын нығайтуға бағытталған бірлескен қимылдарды талқыланғаны" айтылған.
Кездесу алдында Дэвид Хейл Қазақстандағы мемлекеттік "Хабар-24" арнасына сұхбат берген. Онда АҚШ өкілі Нұр-Сұлтанға Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында 2018 жылғы қаңтарда Ақ үйде өткен кездесу кезінде жасалған келісім аясында келгенін айтқан. АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер кезінде экономикалық әріптестік пен басқа да стратегиялық мәселелерді талқылағанын, сондай-ақ АҚШ-қа аймақтағы қауіпсіздік маңызды екенін мәлімдеген.
"C5+1 – Ауғанстандағы қақтығысты тоқтату жолдарын іздеуге арналған өте жақсы әріптестік форматы" деді АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары.
ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ ОРТАСЫНДА
"Америка дауысы" мультимедиялық жаңалықтар ұйымының тілшісі, Өзбекстан мен Орталық Азиядағы оқиғаларды жазатын Новбахор Имамова "соңғы жылдары Вашингтонның Орталық Азиядағы мүддесі өзгерген жоқ" деп санайды. "АҚШ мүддесіне әлі де сол Ауғанстан, терроризм мен экстремизм, есірткі тасымалына қарсы күрес кіреді" дейді ол.
- Екіншіден, АҚШ өз компанияларының инвестицияларын қорғап, жаңа америкалық фирмаларды аймақтың зерттелмеген нарық салаларынан мүмкіндіктер іздеуге көндіргісі келеді, - дейді журналист.
Сарапшының пікірінше, Вашингтон адам капиталына қолдау көрсетуге – жастармен жұмыс істеуге, ұлтаралық байланыстарды нығайтуға да мүдделі. Имамованың айтуынша, Вашингтон адам құқықтарын қорғау, демократияны насихаттау, азаматтық қоғамды қалыптастыру сияқты мәселелерді сөзсіз маңызды деп санайды, бірақ жағдай елдердің саяси тұрғыдан қаншалықты ашық екеніне байланысты өзгеріп отырады.
- Вашингтонның Орталық Азиядағы әр мемлекетпен қарым-қатынасы әртүрлі. Менің ойымша, АҚШ пен Өзбекстан қарым-қатынасы қазір өте қарқынды дамып жатыр. АҚШ Ташкенттен елдер арасындағы байланысты оң бағытта дамытуға мүдделі әріптес тапты. Вашингтон Қазақстан мен Қырғызстандағы күтпеген саяси оқиғалар мен биліктің ауысу процесіне алаңдаушылықпен қарайды. Тәжікстан мен Түркіменстан классикалық диктатура болғандықтан, бұл елдермен жұмыс істеу мүмкіндіктері шектелген. Дәл осындай жағдай Өзбекстанда бұрынғы президент Ислам Каримовтің тұсында болған. Тәжікстан мен Түркіменстанда да билік ауыспай жағдай өзгермейді, - дейді ол.
Журналистің пікірінше, Өзбекстанда президент ауысуымен бірге елдің өңірдегі экономикалық интеграцияға араласу мүмкіндігі де артты. Имамованың сөзінше, Каримов режимін Орталық Азия мен шет елдер "аймақтық интеграцияның жолын бөгеді" деп кінәлайтын.
- Вашингтон жылдар бойы аймақты жандандыру үшін көне Ұлы жібек жолы байланыстарына басымдық беріп, әртүрлі бастамаларды сынап көрді… Бірақ негізінен Ташкенттің келісімге келмеуінен ештеңе өзгерген жоқ. Тек Каримовтің орнына Шавкат Мирзияев келгенде Өзбекстан, онымен бірге АҚШ пен Орталық Азияның басқа мемлекеттері, Ауғанстан интеграцияның шынайы мүмкіндіктерін байқады, - дейді ол.
Аймақтағы геосаяси ойыншылар ретінде Қытай, Ресей мен АҚШ арасындағы рөлдер бөлінісі туралы сөз қозғалғанда, Имамова "Вашингтонның "Мәскеу және Пекинмен бәсекеге түспейміз" дегеніне сенуге болмайды" дейді.
- АҚШ-тың ұлттық стратегиясына сәйкес, Вашингтон әлемді басқа державалармен бәсекеге түсу тұрғысынан көреді. Сондықтан Пентагон аймақтағы елдердің әскери қуатын арттыру үшін олармен әріптестігін жалғастырады. Мемлекеттік департамент пен басқа да мемлекеттік институттар өз бағдарламаларын жүргізуді жалғастыра береді. АҚШ Ресей мен Қытай жобаларын қолдамауы мүмкін. Оның орнына Вашингтон өзінің жеке секторы мен халықаралық қаржы институттарына арқа сүйейді.
ЭКОНОМИКА МЕН ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ
Қазақстандық саясаттанушы және Орталық Азияда демократияны дамыту қорының жетекшісі Толғанай Үмбетәлиева АҚШ-ты Орталық Азиядағы экономика, оның ішінде бірінші кезекте Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы, өзі экономикалық соғыс жариялаған Қытай мен Орталық Азия арасындағы іскерлік әріптестік қызықтырады деп санайды. Саясаттанушының пікірінше, Вашингтон әлеуметтік мәселелерге де мән береді.
- Ең өзекті жағдай – әлеуметтік мәселелер. АҚШ Орталық Азиядағы мемлекеттердің қандай жағдайда екенін жақсы түсінеді. Аймақ елдеріндегі әлеуметтік сала өте нашар дамыған. Әлеуметтік қорғауды қажет ететін топтар саны артып келеді. Қазақстан халықтың кедейлігі жөнінен Орталық Азияның біратар елінің деңгейіне жақындап қалды. Сондықтан АҚШ әлеуметтік даму бойынша ұсыныстар маңызды екенін түсініп, жиында осы мәселелер көтерілген болуы керек, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.
ЕҢ БАСТЫСЫ – ҚАУІПСІЗДІК
Америкалық журналист және Орталық Азия бойынша сарапшы Брюс Панниер АҚШ пен Орталық Азияның күн тәртібіндегі мәселелер өзгермегенін, жиында әдеттегідей Ауғанстандағы қауіпсіздік тақырыбы талқыланғанын айтады.
"Талибан" қозғалысы мүшелері Кабулмен 18 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысты тоқтату туралы келіссөздерге отырса, АҚШ Ауғанстандағы әскерінің біраз бөлігін елге қайтаруға дайын. Панниердің пікірінше, Орталық Азия мемлекеттерін Ауғанстандағы тұрақсыздық алаңдатады, ал АҚШ тепе-теңдікті қайта қалпына келтіруге көмектесуі мүмкін.
- Орталық Азияда "Ауғанстаннан әскерін шығарғаннан кейін АҚШ аймаққа қызыға ма? Ауғанстан мәселесі болашақта Орталық Азияның мәселесіне айналмай ма?" деген сұрақтар бар. Өйткені әскери әріптестік пен қауіпсіздік саласындағы ықпалдастық негізгі байланыс нүктелері болып отыр. Бұрын көбі Ауғанстан мәселесінің АҚШ-қа қатысы жоқ деген қате пікірге сеніп келді. Бірақ 2001 жылғы қыркүйектің 11-інде болған оқиғадан кейін Ауғанстан АҚШ-тан алыс жатқанымен, ондағы мәселелер Америкаға жылдам жететіні түсінікті болды. Сондықтан Вашингтон Орталық Азия елдеріне Ауғанстаннан келуі мүмкін проблемаларға қарсы күресуге көмектескісі келеді, - дейді Брюс Панниер.
Ресей мен Қытайдың аймақтағы мүдделері күшейіп келеді. АҚШ-тың негізгі рөлі - Қытай, Ресей мен батыс елдері арасында тепе-теңдікті сақтауға көмектесу болмақ.
Сарапшының пікірінше, АҚШ-тың Орталық Азияда нақты экономикалық мүддесі жоқ. Дегенмен Брюс Панниер Түркіменстан газы мен Қазақстан мұнайының орны бөлек деп есептейді.
- АҚШ аймақтағы ықпалын күшейтуге бірнеше рет тырысып көрді. Бірақ Орталық Азия алыс орналасқандықтан, мұнда АҚШ-тың ықпалы ешқашан күшті болмайды. Ресей мен Қытайдың аймақтағы мүдделері күшейіп келеді. Сондықтан АҚШ-тың негізгі рөлі - Қытай, Ресей мен батыс елдері арасында тепе-теңдікті сақтауға жәрдемдесу болмақ. Вашингтон қазір мүмкін болса, Орталық Азияға демократия жолына түсуге көмектесуге болатынын түсініп отыр. Сонда аймақтағы елдер Батыста мықты әріптесі бар екенін біліп жүретін болады, - дейді ол.
ПІКІРЛЕР