Accessibility links

АҚШ стратегиясы және Қытайдың "лагерьлер" жайлы мәлімдемесіне реакция


Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев және АҚШ президенті Дональд Трамп кездесуі. Қаңтар айы, 2018 жыл.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев және АҚШ президенті Дональд Трамп кездесуі. Қаңтар айы, 2018 жыл.

Осы аптада Батыс ақпарат құралдары мен құқық қорғау ұйымдары Қазақстандағы билік транзитінің АҚШ-пен қарым-қатынасына ықтимал әсерін және Шыңжаңда қамалғандардың «жаппай босатылуын» талқылады. Қарағанды облысында табылған археологиялық олжа біршама шетелдік БАҚ-тың назарын аударды.

The National Interest журналы тамыздың 1-інде жариялаған «Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы жаңа әріптесі бола ала ма?» атты мақаласы «Америкалық саясаткерлер Қазақстандағы реформаларды саралағанда өте сақ болулары керек» деп басталады.

«ЖЕМҚОРЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ТОЛҚУ МЕН ӘЛСІЗ ЭКОНОМИКА»

Билік басында 30 жылдай болған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнын басқан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдындағы міндеттерді меңзеген басылым «Оның (Тоқаевтың – ред.) елі жемқорлықтан, әлеуметтік толқудан және әлсіз экономикадан зардап шегіп отыр. Бұл мәселелерді жақсы білетін оның инаугурациялық сөзі реформа үшін үш емес, бес емес, он басымдықты айшықтап өтті» деп жазады. Мамандығы дипломат Тоқаев биылғы наурызда уақытша президент ретінде тағайындалып, маусымда өткен ерте сайлаудың жеңімпазы деп жарияланған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурация күні. 12 маусым 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурация күні. 12 маусым 2019 жыл.

Америкалық журнал АҚШ пен Қазақстан арасындағы дос пейілді және ынтымақты қарым-қатынастың Тоқаев тұсында нашарлап кетуіне негіз жоқ екенін ескертеді. АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік стратегиясына сілтеме жасаған басылым Вашингтонның Орталық Азияда бірнеше топтың саяси тартысынан және жихадшылардың мекеніне айналу қаупінен ада, реформа жүргізуді басымдылық көретін елді әріптес ретінде іздейтініне нұсқайды. «Қазақстан бұл сипаттамаға дәл келіп тұр» деп түйеді.

Басылымның пайымдауынша, АҚШ Тоқаевпен қарым-қатынас орнатқанда орындықтың төрт аяғы сияқты төрт ұстынға сүйенбек, олар – қауіпсіздік, энергетика, басқару мен экономика. Автор, The Heritage Foundation қорының сарапшысы Люк Кофи қауіпсіздіктің екі ел үшін ең маңызды сала болып келгенін, Нұр-Сұлтанның Ауғанстанды қалпына келтіру мен Сирия дауын реттеу процесіне үлес қосып жатқанын мысал етеді. Энергетикалық салада Қазақстан «АҚШ-тың Еуропадағы одақтастарын Ресейдің мұнайы мен газына деген тәуелділіктен құтқаратындай әлеуеті бар ел» деп сипатталады. Экономикалық қарым-қатынасқа келгенде былтыр АҚШ пен Қазақстанның сауда айналымы екі миллиард АҚШ долларынан асқаны, осы елдегі америкалық инвестиция көлемінің бес миллиардқа жеткені көрсетілген.

Басқару мәселесіне қатысты басылым «Кейбір қазақстандықтың демократиялық реформалардың баяулығына көңілі толмайды, мұның аяғы жуырдағы қарсылық шараларына соқтырды» деп жазады.

Қарай отырыңыз: Астана күнгі наразылық (6 шілде 2019 жыл).

Алматыда полиция жүзге жуық адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

«АҚШ саясаткерлері «Араб көктемі» кезіндегідей тұзаққа түсіп қалмауы керек. Ол кезде [америкалық саясаткерлер Таяу Шығыстағы] көше наразылығын қате түсініп, басқару реформаларын жүзеге асыру мүмкін емес жылдамдықта жасауға ынталандыру үшін қолданған. Бұның нәтижесі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың көптеген жеріндегі тұрақсыздық пен жанжал толқыны болып шықты. АҚШ мұндай жағдайдың Орталық Азияда қайталанғанын қаламайды» деп түйіндейді автор.

ҚЫТАЙДЫҢ «ЖАППАЙ БОСАТУ» СӨЗІНЕ СЕНБЕЙТІНДЕР

Шілденің 30-ында The New York Times газеті «Қытайдың мұсылмандарды лагерьлерден босату мәлімдемесі күдікке кез болды» деген мақала жариялады. Басылым Қытай үкіметінің сейсенбі күні Шыңжаңдағы қамау орындарында отырғандардың басым бөлігін бостандыққа шығарғаны туралы мәлімдемесіне сенбейтіндер жетерлік екенін жазады. Шыңжаң үкіметінің басшысы Шохрат Закир мен орынбасары Әлкен Тунияз Пекиндегі баспасөз мәслихатында лагерьде қамауда болғандардың «90 пайызы қоғамға оралғанын» айтқан.

Қытайдағы "саяси қайта тәрбиелеу лагері". Сурет Қытай билігінің шетелдік БАҚ-қа ұйымдастырған сапары кезінде түсірілген. Желтоқсан айы, 2018 жыл.
Қытайдағы "саяси қайта тәрбиелеу лагері". Сурет Қытай билігінің шетелдік БАҚ-қа ұйымдастырған сапары кезінде түсірілген. Желтоқсан айы, 2018 жыл.

Қытайдағы адам құқықтары ахуалын бақылап отырған шетелдегі белсенділер қамаудағылардың жаппай бостандыққа шығып жатқанын көрсететін нышан көрмегендерін, көпшілігінің лагерьге жапсарлас зауыт-фабрикада еріксіз жұмысқа жегілуі мүмкін екенін айтқан. Пекиннің мәлімдемесіне күдік қылушы һәм сынаушылардың арасында Дүниежүзілік ұйғырлар конгресінің бас хатшысы Долкун Иса да бар. Вашингтондағы ұйғыр белсенді Тахир Иминнің сөзінше, америкалық ұйғырлар Шыңжаңдағы туыстарынан әлі де хат-хабар ала алмай отыр, не телефон, не интернет арқылы байланыс жоқ.

Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын бақылап отырған германиялық тәуелсіз зерттеуші Адриан Ценц The New York Times газетіне Пекиннің қамауда отырғандарды еңбекпен түзеу бағдарламасы арқылы жаңаша аңдуға көшкенін айтқан.

«Түптеп келгенде олар (Қытай билігі – ред.) қамау формасынан тұтас қоғамды бақылауға көшіп жатыр. Тек лагерьлердегі емес, одан тыс жердегі еріксіз жұмысқа жегілгендердің бәрін бақылап отыратын ауқымды жүйеге қол жеткізді» деген Ценц.

Шыңжаңдағы Қашқар қаласы. 3 маусым 2019 жыл.
Шыңжаңдағы Қашқар қаласы. 3 маусым 2019 жыл.

Басылымның жазуынша, АҚШ үкіметі мен Пентагон шілденің 30-ында Қытайдан Шыңжаңдағы лагерьлерге БҰҰ бақылаушыларын кіргізуді және қытайлық мұсылман азаматтардың Шыңжаң һәм ел бойынша еркін жүріп-тұруына рұқсат беруін талап еткен.

2017 жылдың көктемінен бері халықаралық қауымдастыққа жаппай белгілі бола бастаған Қытайдың Шыңжаңдағы арнайы қамау орындарында «саяси сауат ашу мен тәрбиелеу» науқанынан зардап шеккен жүздеген мың этникалық азшылық өкілінің ішінде қазақтар да бар. Бұл туралы жан-жақты ақпаратты Азаттықтың «Шыңжаңда қамалғандар» парақшасынан таба аласыздар.

БЕТПЕ-БЕТ ЖЕРЛЕНГЕН «ЖАС ҒАШЫҚ ЖҰП»

Өткен апта Қарағанды облысының Талды археологиялық паркіндегі қазба жұмыстары кезінде табылған қола дәуірінің зираттары мен бұйымдары Батыстың бірнеше ақпарат құралының назарын ерекше аударды. Тамыздың 1-інде LiveScience онлайн басылымы «Мына жас жұп төрт мың жыл бұрын Қазақстанда бетпе-бет жерленген» деген атаумен мақала жариялады.

«Ер мен әйел түрлі зират заттарымен қоса жерленген. Оның ішінде (кейбірі алтын) әшекей бұйымдар, пышақтар, қыш ыдыстар мен моншақтар бар. Жерлеу орнының маңынан жылқылардың қалдығы да табылған» деп жазады сайт.

Басылым жерленген жұпты археологтар «жас» деп сипаттағанымен нақты жас мөлшерін жарияламағанын, қазба жұмыстарымен шұғылданып жатқан Қарағанды мемлекеттік университетінің «Сарыарқа» археологиялық институтына қарайтын топтың жетекшісі профессор Игорь Кукушкин екенін атап өтеді.

Облыстық әкімдіктің ақпарат қызметі шілденің 29-ында жергілікті археологтарға сілтеме жасап, «қорымда ең алдымен ақсүйек рудың өкілдері, билеушіге жақын тұлғалар және күйме арбамен жүретін жауынгерлер жерленгенін» және қаңқалардың дәл жасы радиокөміртекті талдау арқылы енді анықталатынын жазған.

Шетелдік басылымдар бір-біріне қаратыла жерленген жұптың «жасөспірім ғашықтар» немесе «ағасы мен қарындасы» болуы мүмкін деп болжайды.

Бұл сирек археологиялық олжа туралы хабар таратқандардың ішінде АҚШ-тың Археология институты, ұлыбританиялық Daily Mail газеті мен The World News ақпарат вебсайты және Ancient Origins ғылыми-көпшілік онлайн басылымы бар.

Қарай отырыңыз: Ортағасырлық Қастек қаласының гүлденген кезеңі (Маусым айы, 2019 жыл).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG