Accessibility links

Қырғызстанда зейнеткер көбейіп, еңбек жасындағылар азайып барады


Шахмат ойнап отырған адамдар. Көрнекі сурет.
Шахмат ойнап отырған адамдар. Көрнекі сурет.

Халқының саны 6 миллионнан асатын Қырғызстанда осы кезге дейін демография жайы қалыпты болып келген. Тұрғындар арасында көші-қон процесі үнемі артып отырғанымен, өмір сүру жасы ұлғайып, өлім-жітім азайған еді. Бірақ қазір әлемдегі өзге елдердегі тәрізді қартаю үрдісі Қырғызстанды да айналып өтпеді.

БҰҰ 2030 жылға қарай Қырғызстанда жасы 65-ке жеткен және одан асқан адамдардың үлесі 7 пайызға жетеді деген болжам айтады. Қазір бұл көрсеткіш – 4,9 пайыз. Алдағы он жылда егде жастағылар күрт көбеюі мүмкін деуге бірнеше себеп бар. Ал еңбекке қабілетті жастағы адам саны азайып келеді. Бұл болашақта экономикалық және әлеуметтік қиындықтар тудыруы ықтимал деп жазады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

ЖАСТАРҒА ТҮСЕР САЛМАҚ КӨП

Тұрғындар арасында егде жастағылардың көбеюі бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, елде туу көрсеткіші азайған 1990 жылдары дүниеге келгендер еңбекке қабілетті жасқа енді жетті. Бұған қоса екінші дүниежүзілік соғыс кезеңімен салыстырғанда бала туу көбейген 1950 жылдары туғандар қазір зейнет жасына келді.

2015 жылдан бастап Қырғызстанда еңбекке қабілетті жастағы адамдардың үлесі 59,6 пайыздан 57,4 пайызға дейін азайған. Содан бері өткен кезең ішінде еңбек жасынан асқан тұрғындар үлесі бір пайызға артып, 8 пайызға жеткен.

Коронавирус пандемиясы кезінде көшеде маска тағып жүрген адамдар. Ош, Қырғызстан, 2020 жылғы шілде. Көрнекі сурет.
Коронавирус пандемиясы кезінде көшеде маска тағып жүрген адамдар. Ош, Қырғызстан, 2020 жылғы шілде. Көрнекі сурет.

Бұл үрдіс жастарға түсетін салмақты ауырлатып отыр. Қазірдің өзінде Қырғызстанда жұмыс істеп, сақтандыру жарнасын төлейтін адам саны зейнеткерлерден сәл ғана көп. Әлеуметтік қордың мәліметінше, фермерлер мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар көп жарна төлемейді. Елде бір зейнеткерге шаққанда 1,2 сақтандыру жарнасын төлеуші бар. Халықаралық еңбек ұйымы бір зейнеткерге шаққанда кемінде үш жарна төлеуші болғаны дұрыс деген кеңес береді.

"Бұл жағдайда зейнеткерлерге жұмсалатын шығын жұмыс істейтіндерге шамадан тыс ауыртпалық салып, қатары үнемі көбейіп келе жатқан зейнеткерлерді қамтамасыз етуге олардың шамасы жетпейді" дейді Әлеуметтік қор. Қырғызстанда зейнеткерлердің тек 9 пайызы ғана жұмыс істеп жүр.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖЕТПЕЙДІ

Тұрғын халық арасында егде жастағылардың көбеюі ел бюджетіне де салмақ сала бастады. 2021 жылы Әлеуметтік қор 62,4 млрд сом зейнетақы төлеуі тиіс. Бірақ жұмыс істеушілердің зейнетақы жарнасынан түскен ақша шығынды жабуға жетпейді. Сондықтан үкіметке жетпейтін қаржыны республикалық бюджеттен алуға тура келеді. Келер жылы бюджеттен зейнетақыға 24,1 млрд сом бөлінбек.

Базарда қоларбамен жүк тасып бара жатқан бала. Көрнекі сурет.
Базарда қоларбамен жүк тасып бара жатқан бала. Көрнекі сурет.

Жұмыс істейтіндер азайып, зейнеткер саны артқан сайын бұл шығын тек көбейе береді. Яғни зейнетақы төлеуге сақтандыру жарнасы ғана емес, оған қоса салықтан түскен қаржы да жұмсалады.

"Зейнеткер саны жыл сайын артып барады, ал Әлеуметтік қордың кірісі оған сәйкес көбеймей отыр. Бұлай жалғаса берсе, күндердің күні елімізге [жұртқа] ауыр тиетін шаралар қабылдауға тура келеді" дейді Қырғызстан парламентінің депутаты Дастан Бекешев.

КЕЛЕР ШАҚТАН ҮМІТ КӨП

Әйткенмен Қырғызстанда табиғи өсім көрсеткіші жоғары. Сондықтан эмиграция көрсеткіші үлкен болғанына қарамастан елде тұрғындар саны үнемі ұлғайып келеді. 2019 жылы халық өсімі 2,1 пайыз болды. Әлемдік өлшеммен алғанда бұл едәуір жоғары көрсеткіш саналады.

Оған себеп – елде туу көрсеткіші жоғары. Қырғызстанда бір әйелге шаққанда орташа есеппен 3,3 баладан келеді. Ұлттық статистика комитеті халық саны өсіп-өнуі үшін бұл көрсеткіш 2,1-ден кем болмауы керек деп түсіндіреді.

Перзентханадағы нәрестелер. Көрнекі сурет.
Перзентханадағы нәрестелер. Көрнекі сурет.

БҰҰ халық өсімінің қарқыны негізінен туу деңгейіне байланысты анықталатынын айтады. "Әлем демографиясының келешегі: 2019 жылдың қайта қаралған нұсқасы" басылымында 2019 жылы бір әйелге шаққанда 2,5 баладан келсе, 2050 жылы бұл көрсеткіш 2,4 болады деген болжам айтылған.

Тұрғындарының өсім көрсеткіші қарапайым деңгейдегі көптеген өзге елдермен салыстырғанда Қырғызстанда адам саны ауқымды түрде ұдайы өсіп-өніп келеді деп жазады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Ырысбек Улугбек уулуның материалынан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG