"БАРЛЫҚ МӘСЕЛЕНІ АШЫҚ ШЕШЕМІЗ, ТЕК УАҚЫТ КЕРЕК"
Рахмон мен Жээнбеков ауыл тұрғындарымен жүздесті. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Тәжікстан президенті Рахмон билікте отырған 26 жыл ішінде Ворухқа екінші рет барған.
Рахмон жанында Ворух жамағатының бас имамы Домулло қажы Мукомиддин де болды. Имамның сөзінше, екі ауылдың тұрғындары енді жанжалдаспауға уәде еткен.
Ал Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі президент шекара маңындағы қордаланған мәселелерді шешетіндерін айтқан.
"Шекара маңында тұратын халықтың жағдайын, мәселелерін жақсы білеміз. Тұрғындарда ешқандай мәселе болмас үшін қолымыздан келгенін жасаймыз. Барлық мәселені ашық шешпекпіз. Екі ел шекарасын бейбітшілік қақпасына айналдырғымыз келеді. Шешілмейтін мәселе жоқ деп ойлаймын" деді Жээнбеков тұрғындармен кездесуде.
Тәжікстан президентінің баспасөз хатшысы Абдулфаттох Шарифзода Азаттықтың Тәжік қызметіне екі ел президенттері шекара аймағындағы елдімекендерді бірігіп дамытуға, халықтар достығын нығайтуға келіскен.
Кейін екі ел келіссөздерді жалғастыру үшін Тәжікстандағы Исфара қаласына аттанған. Жээнбеков пен Рахмон бұл қалада екі ел арасындағы байланысты, қырғыз-тәжік шекарасын демаркациялау мәселелерін талқыламақ. Келіссөздің екінші кезеңі алдағы уақытта Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында өтеді.
Жээнбеков Рахмонмен кездесер алдында Ақ-Сай тұрғындарымен жолықты. Ол тұрғындарға Баткен облысы шекарасындағы жағдай өзінің жеке бақылауында екенін айтты. Жээнбеков халықты "арандатушылардың сөзіне ермеуге шақырып", "алдағы уақытта барлық мәселені шешуге" уәде етті.
"Қазір тәжік тарапымен бірге жасаған жұмыстардың арқасында жағдай реттелді. Баткен облысындағы шекараға қосымша күш жібердік. Енді шекара маңы тұрақты түрде бақылауымызда болады. Құқық қорғау органдарымен ашық жұмыс істеңіздер. Қырғыз халқы бұрыннан қонақжайлығымен танылған. Біз көрші елмен достығымызды сақтауымыз керек. Кез келген жанжалдың зияны көп. Шыдамды болайық. Бар мәселені шешеміз, тек уақыт керек. Балаларымыздың болашағы үшін, еліміздің болашағы үшін тыныштық сақтауымыз қажет" деді ол.
ВОРУХТА НЕ БОЛДЫ?
Қырғызстан ауылы Ақ-Сай мен тәжік анклавы Ворухта 22 шілдеде жанжал шықты. Ресми ақпарат бойынша, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыс кезінде бір адам өліп, жиырмадан астам адам жараланған.
Шекараның тәжікстандық бетіндегі Ворух ауылының Точикон махалласының жетекшісі Гафурджон Джураевтың Азаттыққа ауылдағы қырғыз тұрғындардың мылтық қолданып, тәжіктердің тас атқанын айтты.
Ферғана аңғарының тәжікстандық бөлігіндегі Ворух ауылы Исфара-Ворух жолының бойына Тәжікстан туларын тіге бастағанда қырғыз тұрғындар қатты наразы болған.
Қырғызстан билігінің дерегінше, 17 қырғыз азаматы жараланған, 14 адамға – оқ, үшеуіне тас тиген. Жарақаттанғандардың төртеуі – ауыл тұрғыны, қалғаны – шекарашы мен милиция.
Ал ресми Душанбе бір тәжік азаматының мерт болып, бесеуінің жараланғанын хабарлады.
23 шілдеде жағдай қайта ушықты. Түс ауа тәжіктер оқ атып, қырғызстандық шекарашы жараланды. Осыдан кейін Баткен облысының билігі Ақ-Сай ауылының 600 тұрғынын эвакуациялады. Кейін 25 шілдеде Қырғызстан денсаулық министрлігі 674 адамның Ақ-Сайға оралғанын хабарлады. Осы күні екі елдің вице-премьер-министрлері келіссөз жүргізіп, Исфара-Ворух (Тәжікстан) және Ош-Исфана (Қырғызстан) жолы ашылды. Бішкек пен Душанбе қақтығысты бірігіп тексеруге келісті.
Совет Одағы 1991 жылы құлағалы бері Орталық Азиядағы кейбір ел әлі шекара мәселесін шеше алмай келеді.
Әсіресе, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға ортақ Ферғана аңғары бойындағы территорияның даулы тұстары көп. Мәселен қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы – 970 шақырым. Оның 519 шақырымы келісілген.
Қырғызстан жеріне 20 шақырымдай еніп тұрған Ворух анклавында 30 мыңнан астам тұрғын бар, көбі - тәжік. Ворухқа Қырғызстанның Ақ-Сай ауылы жақын жатыр. Анклав төңірегіндегі шекараға әлі күнге толық делимитация жүргізілген жоқ. Екі ауылдың тұрғындары жиі суға, жайылымдарға, жолға таласып, жанжалдасып қалады.
ПІКІРЛЕР