Он екі жылдан бері екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны айқындау ісінде ешқандай өзгеріс болған жоқ еді. Шекаралық аймақтың тұрғындары бұл мәселе жуықта шешімін тауып қалар деп үміттенеді.
КАРТАДАН ШЫҚҚАН ДАУ
Қырғызстанның Баткен облысы мен Тәжікстан арасындағы шекараның ұзындығы – 650 километр. Қазіргі таңда соның тек 70 пайыздай бөлігі нақты айқындалған.
Тек таулы аудандарда шекара нақты сызылған. Ал халық тұрып жатқан жазық аймақтарда даулы түйткілдер әлі де көп. 2002 жылдан бері бұл мәселеде ешқандай ілгерілеу болған жоқ, екі тарап мемлекеттік шекараны қай картаға қарап анықтайтынын әлі күнге білмей отыр. Душанбедегі басқосуда екі жақтың өкілдері Ресейдің архивтерінен табылған аймақтың картасын жан-жақты зерттеп көрмек.
Сарапшылардың айтуынша, Қырғызстан Кеден одағы құрамына өтуге ниет танытқалы бері шекараны анықтаудың қажеттігі сезіле бастаған.
Жұмыс топтарының келіссөздеріне көп қатысқан Қырғызстанның Лейлек ауданының әкімі Тілеберді Әріпов осы жолы біраз ілгерілеушілік болады деп үміттенеді.
– Көршіміз де шекараға қатысты даулы мәселеге нүкте қоюға мүдделі. Меніңше, бұл мәселені шешетін кез жетті... Аталған шаруа бойынша үнемі жұмыс істеп келеміз. Әлі де құқықтық тұрғыдағы қайшылықтар бар. Соңғы кездері тәжік жағы да толық уағдаластыққа келуге ниеттеніп отыр. Меніңше, осы жолы біраз жетістікке қол жеткіземіз, – деді Әріпов.
НАҚТЫЛАНҒАН ШЕКАРА ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ МЕ?
Сарапшылардың айтуынша, шекара айқындалса шекарашылардың жұмысы анағұрлым жеңілдеп, түрлі түсініспеушіліктер, қақтығыстар азаяр еді. Себебі, мұндай кикілжіңдер көбінесе жайылымды, егіндік суын пайдалану сияқты тұрмыстық нәрселерден туындап жатады.
Қырғыз республикасы мемлекеттік шекара қызметінің Баткен аймақтық басқармасының өкілі Әділ Сейдалиевтің айтуынша, шекараның анықталуы оны қорғауды жеңілдетіп, көрші елмен арадағы қарым-қатынасты жақсартар еді.
– Шекара мен жер мәселесі шешілсе, барлық конфликтілер шешілген болар еді. Қазығы қағылғаннан кейін бұл аралық достық сызығына айналады. Бізге де, тәжік шекарашыларына да шептегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оңайлар еді.
Өткен жылы қырғыз-тәжік шекарасында қақтығыстар көбейіп кеткендіктен, екі ел өкілдері де жиі кездесе бастады. Шекарадағы қақтығыстардың алдын алу үшін айналма жолдар салына бастады.
Шекарадағы ахуалды ұзақ жылдан бері бақылап келе жатқан Базарбай Майсейітов бір-екі кездесуден нәтиже болмайтынын, екі жақ өкілдері тұрақты түрде кездесіп отыруы керектігін айтады.
– Келіссөздерді бастауға тек карта негіз болмауы керек. Жергілікті тұрғындар да бұл мәселені шешу жолдарын ұсына алады. Екі тарап тұрғындарының орналасу орнын ескере отырып шешім шығарған жөн, - дейді ол.
Екі тарап шекараны қай карта бойынша сызып анықтау керектігін анықтай алмай отыр. Мәселені шешу мақсатында екі жыл бұрын арнайы жұмыс тобы құрылған.
(Мақаланы орыс тілінен аударған - Мұхтар Екей)