Accessibility links

АҚШ екі елге өзенді тең пайдалану жолын көрсетті


Қазақ-қырғыз шекарасында өзенді буып тастап, Қазақстан жағына су бермей қарсылық көрсетіп отырған қырғызстандықтар. 8 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақ-қырғыз шекарасында өзенді буып тастап, Қазақстан жағына су бермей қарсылық көрсетіп отырған қырғызстандықтар. 8 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан мен Қырғызстанның ортақ өзенді пайдалану мәселесіне АҚШ сарапшылары араласты. Олар ынтымақтасу бағдарламасын ұсынды. Енді суды таяқпен емес, компьютермен өлшейді.

Ағын судың жартысына жуығы көрші елдердің территориясынан келетін Қазақстан үшін шекаралық өзендерді пайдалану үлкен проблема болып отыр. Өзен үшін шекара жоқ, сондықтан трансшекаралық өзендердің экологиялық және экономикалық мәселелерін шешумен өзен бойындағы елдердің бәрі айналысуы тиіс.

Аспар өзені - Қырғызстанның Шу алқабынан бастау алып, Қазақстанның оңтүстігіндегі Шу өзеніне барып құятын шекаралық өзендердің бірі.

Осы аптаның басында өзеннің қырғыз жақ бөлігіндегі Чолок-Ары (Шолақ арық) ауылында су дауын шешуге көмектесетін мемлекетаралық су өлшеу жүйесінің презентациясы өтті. Бұл жүйе шекараның екі жағындағы бірнеше учаскеде су мөлшерін автоматты түрде өлшейді. Енді екі елдің шағын бассейн кеңестері өз әрекеттерін ұдайы жаңарып отыратын ақпарат көмегімен үйлестіре алады.

Қырғызстандағы өзеннің бірі. (Көрнекі сурет)
Қырғызстандағы өзеннің бірі. (Көрнекі сурет)

Мұндай жүйелер өзен бойына АҚШ үкіметінің шекаралық су ынтымақтастығын күшейту бағдарламасы аясында орнатылмақ. Бағдарламаны іске асырумен АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен Орталық Азиядағы аймақтық экологиялық орталық айналысады.Орталық Азиядағы USAID миссиясының директоры Джонатан Адлтонның айтуынша, бұл жоба трансшекаралық ынтымақтастықты жергілікті деңгейде жақсартуды көздейді. Ол Азаттық тілшісіне:

"Біздің бағдарлама аясында мұндай жүйелер Орталық Азия аймағының басқа учаскелерінде де орнатылған. Менің білуімше, қазір Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында - біреуі, Қырғызстан мен Тәжікстан арасында біреуі жұмыс істеп тұр. Бағдарлама өзендердегі су шығынына қатысты нақты ақпаратпен қамтамасыз етіп, елдер арасында ашық диалог жүргізуге мүмкіндік береді" деді.

Жобаның қазақстандық сарапшысы Нұртаза Құдайбергеновтің айтуынша, бұл жүйе Аспар өзенін пайдалануға мүдделі елдердің ынтымақтастығын жақсартуы тиіс.

"Су өлшеу практикасы бұрыннан бар, бірақ бұрын судың деңгейі мен шығыны қарапайым таяқпен өлшенетін. Ал мына автоматтандырылған жүйе Қазақстан мен Қырғызстан елдерінің әрқайсысы қанша текше метр су алғанын есептеп, компьютерге жібереді. Бұл аспап әр он минут сайын жаңа есеп береді. Егер су балансы дұрыс болмаса, қақпақ бәрін нормаға келтіреді. Ең бастысы, адам араласпағандықтан, аспап бәрін ашық әрі әділ көрсетеді" дейді ол.

Қырғызстан азаматтары бітеп тастаған шекарадағы су арнасы. Қазақ-қырғыз шекарасы, Қырғызстан, Көксай ауылы, 8 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырғызстан азаматтары бітеп тастаған шекарадағы су арнасы. Қазақ-қырғыз шекарасы, Қырғызстан, Көксай ауылы, 8 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан мен Қырғызстанға ортақ шекараның бір бөлігі Аспар өзені бойымен өтеді. Кейде жергілікті тұрғындар арасында ауыз су немесе егістік суғару мәселесіне, болмаса суды ластауға байланысты дау шығып қалады.

Былтыр шілдеде осындай дау туып, қырғыздар трансшекаралық Көксай (Быстроток) каналын бөгеп тастап, Жамбыл облысындағы талай ауыл екі аптаға жуық сусыз қалған еді. Суағар жүйе Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтерінің келіссөздерінен кейін ғана қалпына келтірілген.

XS
SM
MD
LG