АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ДЕГЕН ЖЕЛЕУМЕН
«Рогун СЭС-нің су қоймасы толғанша сегіз жыл бойы Өзбекстан Тәжікстанға мойнын созып отыра алмайды», – деп мәлімдеді өткен аптада Ислам Кәрімов. Қарақалпақстанға барған сапарында осылай деген ол «онсыз да Сырдарияның суы жетпей жатқан» Арал теңізін құтқару мәселесіне баса назар аударатын сыңай танытты.
Ислам Кәрімов өзінің мұндай ұстанымын «Арал төңірегіндегі тіршілік көзі тек Әмудария мен Сырдарияға ғана қарап тұрғанымен» түсіндірді. Өзбек президентінің сөзіне қарағанда, осынау өзендер сәл-пәл тартылар болса, онсыз да қалт-құлт еткен өңірдегі экологиялық ахуал біржола күйреп, фермерлер сусыз қалмақ.
Ислам Кәрімов Рогун СЭС-нің технологиялық ерекшеліктерінен де хабардар болып шықты. Ол Рогун СЭС-нің де, былтырғы апат кезінде 75 адамның өмірін қиған Саян-Шушенск СЭС-нің де техникалық тұрғыдан сызбасын сызып, жоспарын жасаған бір ұйым екенін қадап айтты. «Егер Рогун СЭС-ін салар болса, оның биіктігі 350 метрге жететін бөгетін суға толтыру үшін сегіз жыл керек екен. Сонда Әмударияның етегінде отырғандар сегіз жыл бойы сусыз қалай күнелтпек?» – деген сауал қойды Ислам Кәрімовы. Оның Тәжікстанның «Әмудария суын бір грамм да азайтуына жол беруге болмайтыны» туралы үндеуін тыңдармандар ду қол шапалақтап қоштады.
Ислам Кәрімов тап осы су мәселесі Өзбекстанның суармалы егіс алқабын күрт ұлғайтуына мүмкіндік бермей отырғанын атап өтті.
Ол Орталық Азиядағы су мәселесін осыдан бірер апта бұрын Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 65-ші сессиясында да өткір сөйлеп көтерген еді.
Сессияда ол Тәжікстан мен Қырғызстанда аса қуатты су электр стансаларын салу жөніндегі идеялардың осыдан 30-40 жыл бұрын, яғни Совет өкіметі тұсында-ақ пайда болғанын еске салды.
Ислам Кәрімов сондай-ақ бұл аймақта сегіз-тоғыз балға дейінгі жер сілкіну қаупі бар екенін, егер жер сілкіне қалса кейбір елдер салуға құлшынып отырған ірі су электр стансалары аса қатерлі техногендік апаттардың бірден бір көзіне айналатынын көлденең тартты.
Ал БҰҰ-ның дәл сол мінберіне шыққан Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мүлде керісінше сөйледі. Ол су электр стансасын салу жөніндегі идеяны қорғай отырып, «СЭС құрылысы болашақта кедейшілік мәселесін біржола шешуге септесіп, Орталық Азияны әрі қарай дамытуға ықпал ететін басты жолдардың бірі» деп мәлімдеді.
РЕВОЛЮЦИЯ ЖӘНЕ СУ
Орталық Азиядағы су мәселесін жіті бақылап келе жатқан аймақтық және халықаралық бақылаушылар бұл тартыста екі топтағы мемлекеттердің мүддесі екі бөлек деп санайды.
Бірінші топ – негізгі су көздері жинақталатын Тәжікстан мен Қырғызстан. Екінші топ – осы екі елден келетін өзендердің аяқ жағында отырған Қазақстан, Өзбекстан мен Түрікменстан – су мәселесіне келгенде бірінші топқа айтарлықтай тәуелді.
Бұл тәуелділік экономикада ғана емес, аракідік саясатта да байқалады. Оның мысалы биыл жазда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы жағдайдан байқалды.
Сәуір айында Қырғызстанда болған оқиғаларға орай Астана қазақ-қырғыз шекарасын өз бетінше жауып тастады. Ол кезде Қырғызстандағы халықтық төңкеріс Орталық Азияның өзге елдеріне де тарауы ықтимал деген болжам аймақта өте қызу талқыланған тақырыпқа айналған еді.
Қалай болғанда да Астана аса сақтық жасап, шекараның құлпын жауып, кілтін қалтасына салып алды. Алайда осынау біржақты әрекет қазақ базарына ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізіп, сауда жасап жүрген қырғыз кәсіпкерлеріне қатты тиді.
Шекараны ашуды өтініп, қазақ өкіметінің алдына ат арытып бірнеше рет барған Бішкектегі Уақытша үкімет ақыры «техникалық себептерге байланысты» Қазақстанның шекаралық аудандарына баратын суды бекітті де тастады. Сусыз отыруға шамасы бірер күнге әрең жеткен Астана, шекарасын амалсыздан айқара ашуға мәжбүр болды.
Міне осындай оқиғаларға қарай отырып, Орталық Азияда судан басталатын талас-тартыстардың тамыры тым әріде жатқанын аңғаруға болады.