АЗАПТАУҒА ҚАРСЫ ПИЛОТТЫҚ ЖОБА
Қырғызстан құқық органдары жүйесіндегі азаптауға қарсы күресте жаңа пилоттық жобаны іске қосты. Бұған дейін жауап алу кезіндегі азаптау фактілерін дәлелдеу өте қиын, көбіне мүмкін емес болатын. Қазір сол олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатыр.
"Біз осы милиция бөлімшесін қажетті заттармен - жаңа бағдарлама, мөлдір терезелер және дыбыс жазатын құралдармен, [яғни] осындай орындарда азаптауды азайтуға жәрдемдесе алатынның барлығымен жарақтандыруға тырыстық", - дейді Еуропа Одағының Қырғызстандағы елшісі Эдуард Ауэр.
ВИДЕО: Қырғызстандағы азаптауға қарсы пилоттық жоба (орыс тілінде)
Қабырғалары мөлдір, аудио және видео жазатын құрал-жабдығы бар алты кабинет пилоттық жоба аясында іске қосылды. Әлгі құралдар жазып алған файлдарды аудандық ішкі істер бөлімі бастығы мен ішкі істер министрі көріп, тыңдай алады. Тергеу кезінде алынған жауаптардың видеосы автоматты түрде виртуалды бұлтта сақталатындықтан ол із-түссіз жойылып кетпейді.
"Қазір Сокулук ауданында да осындай жоба аяқталуға жақын. Ош қаласы мен Қарасу ауданында бар. Алдағы уақытта қалай дамитыны бюджеттен көрсетілетін демеушілікке байланысты болмақ", - дейді Қырғызстан ішкі істер министрі Кашкар Жунушалиев.
Жауап алатын бөлменің ішіндегі не болып жатқаны холлда тұрған үлкен экраннан көрсетіледі. Ұсталған адамнан қалай жауап алып жатқанын туыстары содан бақылай алады. Әр бөлмеде және дәлізде заңгер кеңесі жазылған стендтер бар.
"Жауап алудан бастап сот процесіне дейінгі барлық кезеңінде қандай да бір ақпаратты жасыруға мүмкіндік бермейтіндей дәл осындай жағдай жасағанда ғана біз құқық органдарының жұмысы ашық, заң аясында болуына қол жеткізе аламыз", - дейді Қырғызстан парламентінің депутаты Наталья Никитенко.
МИЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ДЕ ҚОРҒАЙТЫН ЖҮЙЕ
Бұл пилоттық жобаны өткен жылы адам құқығын бұзу фактілері жиі болған бөлімшелерде бастаған. Ондай шағымдар Бішкектің Свердлов аудандық ішкі істер бөлімінің жұмысына қатысты көп түскен.
"Пилоттық жобаның дәл сол Свердлов аудандық ішкі істер бөлімінен басталуы, сірә, тегін емес. Менің құқыққорғау қызметім де осы ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен 2007-2008 жылдары болған фактілерге байланысты. Бүкіл Қырғызстан бойынша алғанда 25-30 пайызы Свердлов аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне қатысты", - дейді құқыққорғаушы Азиза Абдирасулова.
Құқыққорғаушылар милиция ғимаратынан тыс жерлерде де азаптау оқиғалары болғанын айтады. Көлік ішінде де, көшеде де "мойындатқызады". Жаңа жүйе ол жағдайды түзей алмағанымен, ұсталғандардың қауіпсіздігін тым болмағанда ішкі істер бөлімінің ішінде қамтамасыз етуге көмектеседі дейді олар.
"Ғимаратқа кіреберіске орнатылған бірінші камера дәл осы Свердлов аудандық ішкі істер бөліміне кірген адамның бет-бейнесін жазып алады, ішке кірген уақытын тіркейді. Сосын дәліздегі камера арқылы ол адамды қай бөлмеге кіргізгенін көре аламыз. Әлгі адамды үстіңгі қабатқа әкетпеді ме, не қайтадан көшеге алып шығып кеткен жоқ па – оның барлығын бақылай аламыз. Мұндай камералар әр кабинетте орнатылған", - дейді "Халықаралық түрме реформасы" (Penal Reform International - PRI) ұйымының Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі директоры Азамат Шамбилов.
Ішкі істер министрлігін реформалаудың бастауы аталып отырған жаңа жүйе милиция қызметкерлерін азаптау туралы жалған арыз-шағымдардан қорғауға да мүмкіндік береді.
АЗАПТАУ ОҚИҒАЛАРЫ ТЫЙЫЛМАЙ ОТЫР
"Қысымға қарсы коалиция" құқық қорғау ұйымының дерегі бойынша, 2016-2018 жылдар аралығында Қырғызстанда 1140 адам азаптауға ұшыраған. Ұйымның жазуынша, жәбірленушілердің 94 пайызы (1076) милицияда азапталғанын айтқан.
Бұған дейін Қырғызстандағы азаптауды ескерту бойынша ұлттық орталықтың директоры Нурдин Сулайманов 2018 жылдың басынан бері жүзден астам азаптау туралы арыз-шағым түскенін хабарлаған.
Қырғызстанмен көрші Қазақстан түрмелерінде тұтқындарға қатыгездік танытылатын фактілер туралы хабарламалар ара-тұра түсіп тұрады. Өткен жылы Қазақстанның азаптауға қарсы үкіметтік емес коалициясына жабық мекемелер мен полиция бөлімшелеріндегі азаптау мен өзге де қатыгез қарым-қатынас туралы 116 шағым түскен.
Қазақстан билігі көбінесе тұтқындардың азапталып, соққыға жығылғаны туралы мәлімдемелерді терістейді.
ПІКІРЛЕР